Basty bet

Ауылдан жеткен ақпарат

Билікөл
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарабастау ауылдық кітапханасында кітапханашы Гүлсім Жұмаханованың ұйымдастыруымен «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты тәрбие сағаты өтті. Шараның мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүріндегі ұлттық өнегені оқушылар бойына дарыту, ұлттық киімдердің мәні мен мағынасының үйлесімділігін түсіндіру, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақыру. Тәрбиелік мағынасы зор шараға «Мерей» клубының серіктестері мен №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің бастауыш сынып оқушылары қатысты.
Кітапханашы ұлттық киім туралы көптеген мағлұматтар бере отырып, салт-дәстүр туралы жазылған кітаптарға шолу жасады. Сондай-ақ, оқушылардың қазақтың ұлттық киімдерін киіп, шараның өтуіне белсенділік танытып отырғандарына ризашылығын білдірді. 4 сынып оқушысы Аяжан Махамбетжан қазақша көйлек киіп, ұлттық киімнің ерекшелігіне тоқталды. Ал, Баян Әнуарбек қатысушыларға ұлттық киімдерде бейнеленетін қошқар мүйіз оюы туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Тағылымды іс-шарада кітапханашы оқушыларға ұлттық киімді қастерлеп, заман талабына сай күнделікті өмірде киіп жүруге шақырды.

Жетітөбе
Ауылдық округте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбында тұрғындармен жиын өтті. Оған ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бектархан Сүлейменов және округ әкімшілігінің мамандары, ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды ауылдық округ әкімінің м.а. Б.Сүлейменов ашып, қатысушыларға елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің күшейіп отырғанын, оған қарсы тиісті заң бар екенін айтты. Сонымен қатар пара берудің себептерін, пара алудың жолдарын жою үшін белсенділік танытып, кеселмен бірлесіп күресуге шақырды. Жиында ауыл тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, пікір алмасылды.

Қошқарата
Ауылдың 1993 жылы туған азаматтары «Дәурен ата» мешітіне имам уағыз айтатын мінбер сыйлап, үш отбасын бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар 1982 жылғы туған түлектер мешітке қажетті ыдыс-аяқтар алып беріп, мазардың айналасына 100 метр қоршау орнатып берді. Ал, 1991 жылғы туған азаматтар ауыл жастарына баскетбол, футбол жарыстарына киетін бірдей форма мен доптар сыйға тартты.
Ауыл имамы Нұрмахан Таңатаров азаматтарға мешітке жасалып жатқан жақсылықтары үшін алғысын білдіріп, мұндай игі істің алдағы уақытта өскелең ұрпаққа үлгі болатынын жеткізді. Ол туған ауылының алдағы тыныс-тіршілігіне алаңдаушылықпен қарайтын азаматтардың осынау бастамалары жастарды ізгілікке, қайырымдылыққа, жомарттыққа тәрбиелеудің алғышарты екенін де баса айтты.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close