Basty bet

Вакцинаның екінші дозасы салынуда

Осыдан үш апта бұрын Ресейде өндірілген екікомпонентті «Спутник V» вакцинасын салдырған медицина қызметкерлері аптаның ортасынан оның екінші дозасын ала бастады.

Екпе аудандық орталық емханада арнайы дайындалған орында бас-аяғы 50 адамға үш күн қатарынан жүргізілуде. Арасында ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, ауданның бас санитариялық дәрігері Марат Искаков, коронавирустық инфекцияға қатысты бірінші кезекте осал топқа жататын жұқпалы аурулар, жедел жәрдем бөлімшелерінің қызметкерлері бар. Вакцинаның алдыңғы бірінші компонентін алғаннан кейінгі өткен уақыт аралығында ешқайсысы коронавирусқа шалдықпаған.
Вакцина алғашқы күні жоспар бойынша 15 адамға салынды. Екпеге келгендер алдыңғы бөлмеде журналға тіркеліп, егу кабинетіне өтеді. Екпені тәжірибелі медбике Гүлфарида Жұлдызбекова жүргізеді. Ол арнайы құтыдағы вакцинаны бір реттік шприцке толтырып алып, егуде.
Екпе алып шыққан аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің аға медбикесі Гүлайым Топаева, медбикелері Айгүл Әбдіқадірова, Сандуғаш Тәжібаевалар өздерін жақсы сезінуде. Олар жарты сағат ішінде бақылау бөлмесінде емхананың иммунолог, эпидемиолог мамандарының қадағалауында болады. Осы уақыт аралығында оларда кері реакция байқалса, дәрігердің көмегіне жүгіне алады. Егер жайсыздық белгілері байқалмаса, жұмыстарына кірісуге рұқсат етіледі.
– Бүгінгі таңда вакцинация жүргізілген медицина қызметкерлерінде кері реакция болған жоқ. Жалпы қабылдаған адамдардың жағдайы жақсы. Бізде арнайы әзірленген кесте жоспар бар. Жұмысымызды соған сүйеніп атқарамыз, – дейді аудандық орталық емхананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсенова.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close