Basty bet
Денсаулығыңызға мұқият болыңыз!
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі. Кім және қалай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін ала алады?
Сұрақ: – Пенде болған соң, адамның басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайтыны белгілі. Дегенмен, кейінгі жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде орын алып жатқан өзгерістерге сәйкес, медициналық көмек алу ісіне де бірқатар өзгерістер енгізілуде. Мысалы, өз басым ешқандай мекемеде жұмыс істемеймін. Тиісінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына да ешқандай жарна аударған емеспін. Егер ауырып қалған немесе жазатайым жағдайда маған медициналық көмек қалай көрсетіледі? Осыны білгім келеді.
С.ЕЛУБАЕВ,
аудан тұрғыны
Сұраққа Бірінші медициналық санитарлық көмек (БМСК) және аудандық емхананың меңгерушісі, жалпы тәжірибелі дәрігер Еркебұлан Көмек жауап береді.
Жауап: -Қазақстанның әр азаматы Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) алуға құқылы.
Тегін медициналық көмек Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарға беріледі. Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер жатады. Қазақстандағы денсаулық сақтау республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
ТМККК төмендегі қызметтерді қамтиды. Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде, медициналық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем, амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем. Одан бөлек, бұл қызметке стационарды алмастыратын жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, оның ішінде, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды емдеу, үйдегі стационар қызметтері. Сондай-ақ, стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
Ал ҚР денсаулық сақтау туралы кодекске сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) келесі медициналық қызметтерді қамтиды.
Атап айтқанда, оған амбулаториялық жағдайда мамандандырылған көмек, оның ішінде, профилактикалық медициналық тексерулер, учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдау және кеңес беруі, созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы, сонымен қатар, жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету қызметтері жатады.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде ала алады.
Қазақстанның әрбір азаматы кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алуға құқылы. Сұрақ қойып отырған азаматқа айтарым, сізге алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Дегенмен, әрбір азамат өз денсаулығына өзі жауапты болып, денсаулық сақтаудың жаңа жүйесіне түсіністікпен қарағандары абзал.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру басталған болатын. Осы МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдардың қызметтер пакетіне тең қолжетімділігіне негізделген. Осы орайда, МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде пациент медициналық қызметтердің көлемі мен құнын шектемейді. МӘМС жүйесінің қазақстандық моделі әлеуметтік бағдарланған болып табылады.
Дайындаған
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»