Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы десек, еш қателеспейміз.
Өскелең ұрпақ – ел келешегі, ұлттың жалғасы. Бала болашағының іргетасы мықты болуына, ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді. Демек, бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауының да түп-төркіні осында жатыр.
Екі жылдық карантиндік шектеулерден кейін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ісі қайта жанданып жатыр. Отандық ақпарат көздеріне сүйенсек, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, биыл жазғы уақытта 3,3 млн оқушыны қамту жоспарланған. Ал 2,3 млн оқушы сауықтыру лагерлерінде демалатын болады. Бұл былтырмен салыстырғанда, жарты миллионға көп. Жалпы, ел бойынша жазғы сауықтыру науқанын қаржыландыру үшін 4,53 млрд теңге қарастырылған.
Қалай дегенде де, балалар – біздің көзқуанышымыз, өміріміздің жалғасы. Сондықтан, Балалар жылына арнап өткізілетін іс-шаралардың қорытындысы жазғы уақытта балалардың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасау қаупін азайтуды мақсат етуі қажет. Бұл шара маңызды болғандықтан, оған атүсті қарауға болмайды.
Біздің ауданда да балалардың жазғы демалысы жолға қойылған. Бұл бағытта аудандық білім бөлімінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, онымен жауапты әдіскерлер мен мамандар айналысуда.
Балаларды, оның ішінде, көп балалы, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды демалыспен, сауықтырумен қамтуды қамтамасыз ету туралы мәселеге байланысты жұмыстардың бірқатарын атап өтетін болсақ, аудан бойынша балалардың жазғы сауықтыру кезеңдері биыл 1 маусымнан басталды.
Аудандық білім бөлімінің жауапты мамандарының бізге берген мәліметінше, білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелеріне бөлімінің 2022 жылдың 27 мамыр күнгі №292 бұйрығы жолданып, мектеп жанындағы жазғы лагерь жұмысын жоспарға сәйкес ІІ кезеңге бөліп ұйымдастыру, яғни І кезең 30 мамыр мен 10 маусым аралығында, ІІ кезең 13 маусым мен 24 маусым аралығында өткізу міндеттелді. Аудан бойынша 1-8 және 10 сынып аралығында оқитын 8 294 оқушы мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде демалды.
-Білімі бөлімі тарапынан аз қамтамасыз етілген, көпбалалы, ата-анасынының қамқорлығынсыз қалған, сонымен қатар, үздік оқитын 400 оқушы 2022 жылдың 7 маусым мен 14 шілде аралығында ІІІ кезең бойынша Билікөл аймағында (әйгілі Берікқара шатқалы) орналасқан «Тау самалы» сауықтыру легерінде демалулары жоспарланды.
Бүгінгі күнге олардың 196-сы сауықтырылды, 2022 жылдың 3 шілде күні 180 оқушы соңғы ІІІ кезеңге жіберілді. Жоспарланған 400 оқушының 376-сы жазғы сауықтырумен толық қамтылса, қалған 24 оқушы түрлі себептермен сыртқы сауықтыру лагеріне барған жоқ. Бұл бойынша ата-аналарының өтініштері мен түсініктемелері жинақталған.
2022 жылдың 10-24 шілде аралығында Жамбыл облысымен көршілес орналасқан Түркістан облысының Төлеби ауданында орналасқан «Тау-Самалы» сауықтыру легерінде көп балалы, озат, осал топтағы отбасылардан шыққан 9 оқушы демалуда.
Сонымен қатар, балалардың қызығушылықтары бойынша мектеп жанындағы жазғы сауыықтыру лагерлерінде 8 294 оқушы түрлі үйірмелермен, оның ішінде, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялармен, тіл, компьютерлік графика, спорттық, дебаттық және т.б. бағыттағы іс-шаралармен кезең-кезеңмен қамтылды,- дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Аманхос.
Иә, жазғы сауықтыру лагерлерінде ауданға қарасты алыс ауылдарда тұратын балалар да демалып, бір мезгіл саналарын сергітуде. Атап айтқанда, аудан орталығынан ең шалғайда орын тепкен Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектепте жазғы сауықтыру лагерінде 1 және 7 сынып аралығында барлығы 90 бала жазғы сауықтыру демалысымен қамтылды. Оның ішінде, көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан 50 бала екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. «Балдырған» мектепішілік лагерінде оқушылар үш топ бойынша қамтылып, балалармен алты тәрбиеші, бір психолог, бір медициналық қызметкер, басқа да пән мұғалімдері жұмыс жасады.
-Ал қала сыртында демалудың жөні бір бөлек. Балалар табиғат аясында демалып, елмен, жермен танысады. Тұмса табиғаттың өзі де баланың дамуына өзіндік әсері бар. Тау іші, таза ауа, бір мезгіл қала мен ауылдың у-шуынан алыстап, табиғат, қоршаған орта туралы да түсінік қалыптастыруда жазғы лагерьдің маңызы зор деуге болады.
Бұл ретте №9 Абай атындағы орта мектепте оқып жатқан қошқараталық 11 оқушы, оның ішінде, көпбалалы отбасылардан шыққан және үздік оқитын оқушылар Билікөл аймағындағы Берікқара шатқалында орналасқан «Тау самалы» жазғы сауықтыру лагерінде 12 күн демалды. Балалардың аты-жөнін атап кетсем, олар – Олжас Шымырбек, Асылай Қойшыбай, Ақниет Бәймен, Әзиз Сәтімхан, Шұғыла Махай, Інжу Мақұлбекқызы, Ақторғын Рысбай, Нұрасыл Алмабай, Ернұр Нұрхан, Жания Бескемпір, Мадияр Мәдібек.
Аталған жазғы-сауықтыру лагерінде балалар арасында түрлі қызықты іс-шаралар, ойындармен қатар, жас ерекшеліктеріне сай жарыстар өткізілді. Жеңімпаз топтар Алғысхаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Лагерьдің соңғы күнінде оқушылар табиғат аясына саяхат жасап, туған ауылдың табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды,- дейді мектептің әлеуметтік педагогы Жансұлу Өмірзақова.
Қуанса, балалар қуансын. Олардың жүзінен қуаныштан бал-бұл жанған шаттықтың лебін көру әрине, бәріміз үшін бақыт. Балалар – біздің бақытымыз бен болашағымыз. Бала кез-келген ата-ананың бауыр еті мен көз қуанышы. Әрбір бала әрбір отбасының ұрпағын жалғастырушы.
Бала – біздің ертеңіміз, еліміздің жарқын болашағын да жасайтын әрбір отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Сондықтан баланың толыққанды отбасында өсіп, жақсы тәрбие алып, болашаққа оң қадам басуына әрбір ата-ана, қала берді тәрбиешілер мен мектептегі ұстаздар қауымы жауапты екені анық.
Ұлын – нарға, қызын – арға балаған қазақ халқы жалпы бала тәрбиесіне, оның болашағына ежелден-ақ жете көңіл бөледі. Сол себептен де шығар, біздің елімізден небір ғұлама ғалымдар, Қазақ елінің жарқын болашағын жасауға атсалысып келе жатқан азаматтарымыз өте көптеп шығып жатқанын айтуға болады. Бұл ең алдымен халқымыздың сан ғасырлардан бергі қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиесінің жемісі. Қазіргідей жаһандану ғасырында да ұрпақ тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі ең бірінші орында тұруы қажет.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»