Basty bet
Ана аман болса, сәби де бақытты болады
Адам баласы жер бетіне пайда болғаннан бастап аурудан алыс болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі жылдар бойы бұзылмай келе жатқан құбылыс. Адамдардың сырқаттануы мен дәрігерлерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні тереңде. Тіпті пайғамбар (с.ғ.с) Мұхаммедтің өзі аурудың алдын алуға аса мән беріп қана қоймай, амалын көрсетіп, дәрігерлерге ерекше құрмет білдірген.
Иә, жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау. Бірақ оның құрметінің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды. Дәрігер болу үшін науқасқа ем беріп қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі болуың керек. Сонда ғана дәрігер атағын абыроймен алып жүруге мүмкіндік туады.
Оқырмандарға белгілі, бүгінге дейін баспасөз бетіне дертпен күрескен денсаулық сақшылары туралы мақала жариялап келеміз. Ондағы мақсат – ақ халатты абзал жандардың ерен ерлігін көрсетіп, медицина мамандарының жұмысын жұртшылыққа насихаттау. Сол секілді бүгінгі біздің мақаламызға аудандық аурухананың учаскелік дәрігер акушер-гинекологы Сандуғаш Мүтәлева.
Ол Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде туған. Сол ауылдағы орта мектепті аяқтаған соң, Шымкент қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін оқыған.
2019 жылы жолдасы екеуі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Жуалы ауданына жас маман ретінде келеді.
-Бұл мамандықты таңдауыма себеп болған кісі ол – анам. Менің өніп-өскен ортам «Дәрігерлер отбасы» десем де болады. Ата-анам, атам-апам, ағайын-туыс бауырларым барлығы дерлік дәрігерлер десем, артық айтқаным емес.
Біз бұл жаққа жас маман болып келгенімізде бұл ұжым мені жақсы қабылдады. Бұл жақта жас маманды бағалайды, қаншама еңбек, білімдерін аямай, күндіз-түні үйретіп жатыр. Негізінде жас маманның білгенінен білмегені, үйренері өте көп.
Негізінде бұл мамандық басқа мамандықтан айырмашылығы – бұл жерде біз екі адамның өміріне үлкен жауапкершілікті жан-тәніңмен сезіне білу. Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық – бұл дәрігердің бойында болатын қасиеттер. Бірақ бәрінен бұрын дәрігерге ең қажет негізгі қасиет шыдамдылық деп ойлаймын.
Қазіргі таңда мен акушер-гинекологиялық көмек көрсететін №1 учаскенің акушер-гинекологымын.
Учаскемде 88 жүкті әйел, оның ішінде жоғары қауіп тобымен 31 жүкті әйел тіркелген. Одан бөлек, Қарасаз және Шақпақ ауылдық округтері қарайды. Екі ауылдық округте жалпы 44 жүкті әйел бар.
Жүкті әйел жүктіліктің 12 аптасына дейін міндетті түрде емханада тіркелуі керек. Егер әйел ресми түрде жұмысқа орналасқан болса, онда заң бойынша жұмыс беруші өз қызметкеріне тексерілу үшін және жүктілігі бойынша медициналық есепке тұруына уақыт беруі керек.
«Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандартында (ҚР ДСМ №92 бұйрығы) жүкті әйелдің міндетті тексерістерден өтуі және гинеколог, терапевт дәрігеріне немесе басқа да бейінді мамандарға баруы көзделген. Ең бастысы – әрдайым байланыста болу және акушермен немесе гинекологпен хабарласып тұруы. Жүкті әйел акушер-гинекологқа бірінші рет жүгінген кезде дәрігер өмір тарихын, яғни оның даму тарихын жинайды: балалық шақта орын алған аурулар, оларды емдеу әдістері, операциялар. Әйел барлығын, соның ішінде егер болған жағдайда, алдыңғы жүктілік туралы айтуы керек. Мұның бәрі өте маңызды,- дейді Сандуғаш Сырлыбекқызы.
Сандуғаш Мүтәлеваның сөзіне сүйенсек, бұл ауруханада оның үлгі тұтар дәрігерлері жетерлік екен. Атап айтқанда З.Ашилова, Ә.Ахметова, Қ.Байрамов, Қ.Есмамбетов, Р.Мырзақұлова, Ғ.Егізбаева, З.Жүнісова және перзентхана ұжымындағы барлық акушеркалар. Бұл кісілер Сандуғаштың еңбек жолының бастауында үлкен көмек көрсеткен жандар.
Сандуғаштың жолдасы Жалғас Дүйсенбек те дәрігер. Ол Көктөбе ауылдық округіндегі фельдшерлік-амбулаториялық пунктте жалпы тәжірибелі дәрігер.
Екеуі студенттік кезді бірге бастап, бірге аяқтап, отбасын құрып, қазіргі таңда Кәусар есімді қыз тәрбиелеп отырған жайлары бар.
-Біз қазір жүктілікке алдын ала дайындалу керектігін ескертеміз. Өйткені жүктілікпен ойнауға болмайды. Сол үшін біздің алдымызға балалы боламын деп келген келіншектерге және жүкті әйелдерге мен мынадай кеңестер беретін едім.
Жалпы психологияны, өмірге деген көзқарасты жақсы жағынан реттеу қажет. Жақсы сөз – жарым ырыс демекші, жақсы ойлау, жақсы көңіл-күймен жүру қажет. Жүкті әйелге таза ауада көп серуендеу керек. Көбірек іштегі баламен сөйлескен дұрыс. Сонда дүниеге келетін сәби жан-жақты болады. Отбасын, болашақ ұрпақты жоспарласа, сол кезде дені сау бала дүниеге келеді.
Бірақ қазіргі таңда жас отбасылар арасында бала сүйе алмай жүргендер көбеюде. Сондай келіншектер келсе біз барып кеңесімізді айтып, білгенімізді үйретіп отырамыз. Әр нәрсе өз уақытымен болады.
Ал, ұзақ уақыт баласыз жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу ерекше сезім. Жүрегіңді елжіретеді. Екі адамның өміріне бірдей жауаптылық таныту оңай емес. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Кейде көпшілік орындарда, көшеде көріп, танып қалған ата-аналар алғыс білдіріп жатады. Бұл – біздің жұлдызды сәтіміз, – деген жас маманның сөзінен адамгершіліктің биік өлшемін байқадық. Ізгі мұрат жолында мамандықтың кісі таңдамайтынына кезекті рет куә болдық. Олардың бұлжымас бір ғана мақсаты бар, ол – өмір мен өлім алдында дәрмені жоқ қос бірдей жанның өміріне араша түсу.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»