«Жастар – біздің алтын қорымыз» деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жастар қашанда тәуелсіз жас Қазақстанның ең қуатты резерві саналады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған азаматтар қазіргі таңда қызметке араласып, өз салаларында көптеген жарқын жетістіктерге жетіп, ел мерейін өсіріп келе жатқаны дау туғызбайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі жастардың пікірімен санасып, өз кезегінде олардың жаңа заманның ағымымен бірге өсіп, дамуына, жетілуіне барлық жағдайларды жасады, әлі де жасап келеді. Тұңғыш Президенттің тікелей бастамасымен биылғы 2019 жылға «Жастар жылы» деп ат беріліп, айдар тағылуы да жайдан-жай емес. Бұл жағдай жастарға орасан зор күш-жігер беруімен қатар жауапкершілік жүгін де қоса жүктейтіні сөзсіз. «Жас келсе, іске» демекші, ел жастары өздеріне артылған жауапкершілік пен сенім үдесінен шығып, қоғам дамуына пайдасын тигізсе нұр үстіне нұр болмақ.
Жыл сайын 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтілетіні белгілі. Жастар жылына, сонымен қатар осынау атаулы күнге орайластырылып «Жастар ресурстық орталығы» мекемелері қызметкерлері арасында «Жаңарған Жамбылға-80 жыл!» атты облыстық спартакиада ойындары өткізілді. Әйгілі Теріс өзенінің жағасында орын тепкен «Этноауыл» демалыс кешенін думанға бөлеген айтулы шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастырды. Спартакиадаға облыстың бірқатар аудандарынан командалар арнайы келіп, олар спорттың бірнеше түрінен өткен ойындардың көрігін қыздырды.
Сонымен, облыстық спартакиадада Жамбыл, Байзақ, Шу, Талас, Жуалы аудандарының және Тараз қаласының «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлерінен құралған командалар спорттың жағажай футболы, суда жүзу, гір тасын көтеру, арқан тарту деп аталатын түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Алдымен қатысушы командалар сапқа тұрғызылып, спартакиаданың ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы сөз сөйлеп, спорттың қоғамдағы маңызды рөлі мен адам денсаулығына тигізер пайдасын сөз етіп, Жуалы жерінде өткелі отырған спорттық шараға қатысушы жастарға сәттілік пен жеңіс тіледі. Сонымен бірге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов қатысушыларды спартакиаданың ережесімен таныстырса, «Этноауыл» демалыс орталығының басшысы Ләйла Үсенбаева да ізгі тілегін білдіріп, жастарды мерекемен құттықтады.
Спартакиада гір тасын көтеруден басталды. Онда Жуалы ауданының намысын қорғаған «Жастар ресурстық орталығының» Ақсай ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы Мұхтар Сәдірмек 16 келі тартатын гір тасын 60-тан аса көтеріп, барлық қарсыласынан білек күшінің басым екенін байқатты. Спорттың бұл түрінен Жамбыл ауданынан келген Саламат Санатұлы ІІ орын алса, байзақтық Ерғали Нұрғожаев үздік үштіктің қатарынан орын алды. Командалар арасындағы арқан тарту ойыны да тартысты өтуімен жанкүйерлердің есінде қалды. Онда алғаш болып Шу ауданы мен Тараз қаласының командалары күш сынасып, шулықтар намысты қолдан бермеді. Ал жуалылықтар Жамбыл ауданынан басым түсті. Бәсі биік Байзақ ауданының командасы таластықтарды тізе бүктірсе, жартылай финалда Шудан келген білекті жігіттер біздің ауданның командасын жеңіп кетті. Шешуші ойында Шу мен Байзақ аудандары кездесіп, байзақтық жігіттер ойын тағдырын өз пайдаларына шешті. Сонымен бұл ойында байзақтықтар жеңімпаз атанды.
Айта кету керек, бассейндегі суда жүзу спортында да Байзақ ауданының үкілеген үміті жеңімпаз болды. Тараздық команда ойыншысы ІІ орынды еншілесе, шулық спортшы үздік үштіктің қатарынан орын алды. Сөйтіп суда жүзуден жарысқа қатысқан біздің ауданның спортшысы жүлдеге іліне алмады. Мүмкін бабы келіспеген шығар. Спартакиада жағажай футболымен қорытындыланды. Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде Тараз қаласының құрама командасы үздік ойын өрнегімен алғашқы орынға шықты. Командалық есепте де Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» үздік қызметкерлерінен жасақталған команда І орынды еншіледі.
Спартакиаданың қорытындысында жүзден жүйрік шыққан үздік командалар аудан әкімінің арнайы Дипломы және Алғысхаттарымен марапатталып, заттай бағалы сыйлықтарға ие болды. Тараз қаласының командасына Диплом, кубок, естелік сыйлық табысталса, ІІ және ІІІ орындарға иелік еткен Жуалы, Байзақ аудандарының командаларына да сый-сияпаттар табысталды. Командаларды аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов, спартакиаданың бас төрешісі, ардагер спортшы Мейрамбек Қалдыбаев марапаттады. Сонымен бірге «Этно-ауыл» демалыс орталығының басшысы Ләйла Үсенбаеваға, «Жастар ресурстық орталығының» бірқатар үздік жастар ісі нұсқаушыларына аудан әкімінің Алғысхаттары табысталды.
«Жастар жаны – жанартау» демекші, Халықаралық жастар күні мерекесін биылғы жылы Әулиеата жастары Жуалы жерінде атап өтіп, қасиетті ауданның табиғатымен танысып, мол күш-жігермен аттанды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»