Basty bet

Бүгінгі күннің талабы – сапалы білім беру

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласын өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында назардан тыс қалдырмайды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да білім берудің жаңа сапасына тоқталған болатын. «Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді» – деді Елбасы.

Білімнің сара жолы мектептен басталады. Мектеп – білім ошағы. Әр адам осы білім ордасынан алған білімдерін жалғастыра отырып өмірде өз орындарын табады. Ауданда осындай сапалы білім, саналы тәрбие беріп, мектеп ұясынан түлектерін жыл сайын ұшырып отыратын білім ошақтары көптеп саналады. Солардың бірі ретінде Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектепті айтуға болады. Білім ошағын білікті басшы Айгүл Имашева тоғыз жыл бойы абыроймен басқарып келеді.
«Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» дейді қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов. Мектепте бүгінде 39 мұғалім жұмыс істеуде, оның ішінде: сегізі жоғары санатты, сегізі бірінші санатты, алтауы екінші санатты, біреуі педагог-зерттеуші, алтауы – педагог-сарапшы. Білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің дені еліміздегі таңдаулы оқу орындарында білім алып, өз салалары бойынша еңбек етуде.
Оқушылардың білімі сыналатын Ұлттық бірыңғай тестілеуден мектеп түлектері 2018-2019 оқу жылында 93 пайыз көрсеткіш көрсетті. Биылғы жылы мектеп түлектерінің 11-і мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті.
Мәселен, 2018-2019 оқу жылында мектеп шәкірті Камила Керімжан «IQANAT» республикалық пәндік олимпиадасына қатысты. Олимпиадада ол аудандық, облыстық кезеңдерден өтіп, Нұр-Сұлтан қаласына барып қайтты. Онда ол олимпиаданың ІІІ кезеңіне қатысып, бағалы сыйлыққа ие болды. Камиланың жетістікке жетуіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аида Байжігітованың еңбегі зор.
Сондай-ақ, мектептің өмірімен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын оқушылардың қатары көп. Саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған білім ошағының оқушылары аудан, облыс, республика көлемінде өткізілетін жарыстардан да қалыс қалмайды. Ауданымызда биыл тұңғыш рет «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен XV дельфийлік ойындарына жас маман, математика пәнінің мұғалімі Айтолқын Өсердің жетекшілігімен Жанат Керімжан мен Айгерім Сабырбай сынды оқушылар қатысып, жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығының «Әулиеата бояулары» атты І халықаралық шығармашылық фестивалінің аудандық іріктеу кезеңіне Айгерім Сабыраева қатысып, үздік қолөнер туындысын ұсынғаны үшін Алғысхатпен марапатталды.
Ал, республикалық «Алтын тобылғы» зияткерлік олимпиадасында Салтанат Өсербекованың оқушысы Арайлым Сейділдәнің бағы жанып, ІІ дәрежелі димломға ие болса, республикалық «Табиғат сұлулығы» дарынды оқушылар байқауына Дария Артел қатысып І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар Бексұлтан Мұхамбетұлы, Ләйлім Әбілдаева, Жарас Аманбай, Ғабит Сабырбай, Асылбек Лесбек сынды оқушылар түрлі жарыстар мен байқаулардың жеңімпазы атануда.
Мектептегі ұстаздар қауымының жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтатын болсақ, «Жүз жүздік математика» байқауына Айтолқын Өсер қатысып, І дәрежелі дипломмен және төсбелгімен марапатталса, химия пәнінің мұғалімі Гүлнәр Замиева ҚР Ғылым және министрі Ерлан Сағадиевтың Алғысхатына ие болды.
Сонымен қатар балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген заманауи жаңашыл мұғалімдердің бірқатары республикалық олимпиадаларға да қатысуда. Сондай олимпиадалардың бірінде орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Әбдірәсілова «Үздік орыс тілі» номинациясымен І дәрежелі дипломды иеленсе, ал Балгерім Аралбаеваға «Үздік ағылшын» номинациясының ІІ дәрежелі дипломы бұйырды. Мұғалімдердің қажырлы еңбегі бағаланып, мектептегі Ерлан Байымбетов пен Нұрқасым Дербісәлиев сынды білікті ұстаздар «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен наградталды.
Тәрбие бастауы саналатын білім ошағында балаларға сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу басты назарға алынатына белгілі. Осы мақсатта №28 Амангелді орта мектебінің ұжымы да талмай еңбек ете беретініне сенім мол.

Динара ДӘРМЕШОВА,
№28 Амангелді атындағы орта мектептің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close