Basty bet

Ата Заңды ұлықтау– ұрпақ парызы

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Бұл мейрам әсіресе, биыл айрықша саяси мәнге ие болып отыр. Ата Заңға өзгерісітер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және еліміздегі жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті. Конституцияда белгіленген демократия құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері мемлекетіміздің дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза Ата Заңымыздың маңыздылығына ерекше тоқталды.
-Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық.
Біз аз уақытта айбары асқан куатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуетті елге айналдық.
Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.
Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Конституцияның: «Біз … Қазақстан халқы…» деп басталуы бұл көпұлтты еліміз бірлігінің мызғымас формуласы.
Қазақстан жерінде тұратын барлық азаматтардың теңдігі – біздің Отанымыздың табысты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі.
Тегін орта білімді, азаматтардың денсаулығын сақтауы, аналар мен балаларға, мүгедектер мен аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлықты мемлекет қамтамасыз етеді.
Құрметті салтанатқа қатысушылар!
Жылдан-жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Еліміз тыныш, келешегіміз кемел болсын!- деді аудан басшысы Ж.Әлижанұлы.
Салтанатты жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және №91678 әскери бөлімнің командирі, подполковник Арман Сабыров та сөйлеп, салтанатты жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Мерекеге орай ауданымыздың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және «Аманат» партиясы аудандық филиалының марапаттарымен марапатталды.
№91678 әскери бөлімнің командирі Арман Сабыров сержант Олжас Жұбатхановты, 3-сынып сержанты Шыңғыс Сұлтанбековты, ефрейтор Қайрат Қынышаны марапаттады.
Салтанатты жиын соңынан «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері патриоттық әндерден шашу шашты.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close