Basty bet
Ұлттық құндылық сақталсын десек…
1965 жылы институттың филология факультетінің 5 курсында оқып жүрген кезімде ғылым докторы, профессор Әділ Ермеков айтқан еді: -1926 жылы Бакуде өткен түркологтар форумында қазақ секциясында «Оқулық» деген сөзді айналымға ендіру туралы ұсыныс жасап едім. «Құдай сақтасын!», жан алысып, жан беріскен пікірталас басталды. Ол кезде Құдайберген Жұбанов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев сияқты атақты тіл білімінің білгірлері бар кез. Содан көпшіліктің ұйғаруымен мен оқулық деген сөз қазіргі кезде пайдаланып жүрген кітаптардың барлығында бар.
Тіл – қатынас құралы. Құрал болған соң өзгеріске ұшырайды, ескіреді, қайта жаңаланады. Неше сөздер келмеске кетті, қанша сөздер қазіргі кезде де қолданыста жүр. Оның бәрін тізіп жеткізе алмайсың, сонда да болса тұрмыс-тіршілікте, өзара қарым-қатынаста жиі кездесетін кейбір сөздерге тоқталсақ, артық болмас. Кешегі мұғалімдердің тамыз мәжілісінде сөйлеген шешендер сөз қолданысында «Ұстаздар күні» дегенді айтады. Біздіңше олай емес. Мұғалімдер күні, өйткені етікшінің де, дәрігердің де, ұшқыштың да ұстазы бар емес пе?!
1995-1996 жылдардағы аласапыран кезеңдерде газетті үн парақ, үн жария радионы үн сандық, телефонды сымтетік, үн жария деп жазып, біраз арамтер болған кезеңді де бастан өткіздік.
Капустаны орамжапырақ, қырыққабат, қызылшаны балтамыр, тәтті түбір, помидорды қызанақ деп жазып жүрген баспасөздер бар. Ағайын, әзірге помидорды қызанақ сатыңызшы, беріңізші дегеннің ауылы алыс. Жоғарыда есімдері құрметпен аталған ұлы ғалымдар басқа тілдерден енген термин сөздерді өзіміздің қазақ тіліне ыңғайлап көркемдеп, мәнерлеп жеткізуді бізге мирас еткен. Көп мекемелерде дәретхана есігіне әжетхана деп жазып қойған. Әжет сөзінің қазақ тілінде екі мағынасы бар. Бірі қарызға, несиеге ақша, теңге сұрарда әжет ет, әжет аш дейді. Енді бір мағынасы Асанның баласы әжетке жарап қалды дегенде кездеседі, мұндағы әжет сөзінің мағынасы жұмысқа, көмек етуге жасы келді дегенге келіп саяды.
Мысалы, 2000 жылы туылған деп жазамыз, туылған болса, оның лексикалық мағынасы өзгеріске ұшырайды. Дұрысы туған болса керек. Көп жағдайда үйде ұн, ет бітті, жоқ, таусылды деп тақылдаймыз. Қазақ жоқ, таусылды, бітті деген сөздің орнына байыды дегенді қолданса дұрыс. Еркелетіп, әсірелеп жиі қолданатын сөздің бірі «Жанұя», біздің әзірге қазақ тілін байытуға қосқан сөзіміздің бірегейі, жанұя емес отбасы. Бұл сөзді терминком бекіткен.
Әрине ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Қазір сөз еркіндігі, ой еркіндігі деген бар. Бірақ, ұлттық құндылығымызды сақтаймын десек, әсіресі жазуға келгенде барынша тіл тазалығын сақтаған абзал болар.
Абай абыз айтып, ұрпаққа өсиет етіп қалдырған: «Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл», – деген жыр жолдарын естен шығармасақ игі. Толғауы тоқсан қызыл тіліміздің қадірін арттыру да, оны төмен түсіру де – өз қолымызда екенін ұмыстпайықшы, қымбатты ағайын!
Әбдімәжит ДӘУРЕНОВ,
ардагер ұстаз.
Ауданның Құрметті азаматы