Basty bet

Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деген болмайды

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған барлық аудандардағы аудандық комиссияның төрағалары мен мүшелері де видео конференция арқылы қатысты.

Комиссия отырысында Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудың тоғыз ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстары туралы мәселе қаралды. Аталған мәселеге байланысты облыстық полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы А.Калышев пен облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Б.Жамангөзов баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Қордай, Шу, Мойынқұм аудандарында бала құқықтарын қорғауды күшейту, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу және үшінші мәселе – еңбекпен қамтылмаған жастар базасын жасақтап, оларға тегін кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастару іс-шараларын ұйымдастыру туралы. Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша оқылған баяндамалар жан-жақты талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
Облыстық комиссия отырысынан кейін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың жүргізуімен аудандық комиссия отырысы болды. Комиссия отырысында жекелеген оқушылардың іс-құжаттары қаралды. Күн тәртібінде қаралған мәселелер, яғни орын алған жағдайларды аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының инспекторы Самат Сариев баяндады.
Баланың тәрбиесімен оның тағдыры бәрінен де маңызды. Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деген мәселе жоқ. Өкінішке қарай, бала тәрбиесінде бізде ата-ана тарапынан да, мектеп тарапынан да немқұрайдылықтар орын алып жататыны жасырын емес. Салдарынан оның соңы өкінішті жағдайларға душар етеді. Сондықтан аудандық комиссияның төрайымы Анар Ахметова күн тәртібіндегі мәселелер бойынша отырысқа қатысқан мектеп басшылары мен жауапты педагогтарына, ата-аналарға бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауды, жүйелі түрде жұмыс істеуді тапсырады.
Аудандағы кәмелетке толмағандар арасында орын алған келеңсіз жағдайлар бойынша алдағы уақытта облыстық комиссия мүшелері ауданда арнайы болып, жұмыстар жүргізетінін де ескертті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close