Basty bet

«Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған…»

немесе елдің болашағы жастардың қолында

Өткен жылдың қараша айында Қазақстан халқы Президент сайлауының бағалауға тұрарлық деңгейде өткендігінің куәгері болдық.
Жеті кандидат Президент сайлауында өз тағдырын таразыға салды. «Ел – Уәлі» дейді қазақ. Қазақ халқының қадір-қасиетін, дәстүрі мен өмір тәжірибесін, бекзаттығы, әлеуметтік көзқарасын, қаһармандық рухын, ата кәсібін, тілін, дінін, даналық қасиеттерін, тұрмыс-тіршілігін, өнерін, мінезін жете білетін көпті көрген, мәмілегер, болашақты болжай білетін, бекзат намысты көшбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 82,45% дауыс жинап, халықтың сеніміне ие болуы баршамызды қуантқаны анық.
Шынайы көшбасшы «Елді сөкпей, кенді төкпей», елдің береке-бірлігін нығайтуға күш-жігерін жұмсайды. АҚШ-тың 3-ші Президенті Томас Джеферсон «Тәуелсіздік Декларациясында: «Адамдардың бәрі тең жаралған, абыройымызды ардақтап, таза сақтауға серт береміз»,- десе, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде: Қазақта «Байлық не керек, адалынан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата Заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметім де мен үшін айнымас темірқазық болады», – дейді.
Былтыр азаттығымыздың алтын бесігі болған Алматы қаласында және елдің бірқатар өңірлерінде орын алған Қаңтар трагедиясы біздің қоғамның, халқымыздың мүсәпір халін әлемге әшкереледі. Бұл оқиға «Жасаулық тырнадан болса, күнің қиқумен өтер» дегенді дәлелдеді, Түпсіз өтіріктің дендегенін жағымпаздықтың нағыз эпидемияға айналғанын (Теодор Рузвельт) көрсетті. Халқымыздың қанын сүлікше сорған «аюдай ақырған шенеуніктер (Ж.Аймауытов) тәуелсіздікті жүгенсіздік деп ұқты. Халықтың обал-сауабына қараған жоқ.
Ендігі басты мақсатымыз – Әділетті, Жаңа Қазақстанды құру, билік пен халық бірігіп, мемлекетшілдік тұрғысынан тонның ішкі бауындай жақындасып, мүдделестік танытуын, жақсылыққа ұмтылуы керек. Абай «Көптің қамы», «Көп азығы» деген ұлы ұғым-түсініктің сырын көптің таза тілегі екенін өз өлеңдерінде ұғындырды.
«Көп азығы – әділет, рақым, мейірім». Халық мүддесін «Тәңірі ойлаған», оған жәрдемдес, жақсылық жаса. Халықтың даналық тәжірибесі – мұхит. Ел басқару өнерінде мемлекетке, халыққа, болашаққа ұлағатты басты тұлға ұлттық моральдық этикалық, әлеуметтік-саяси құндылықтарын болмысына сіңіріп, қайраткерлік, санаткерлік, тұлғалық асыл қасиеттерін елінің, жерінің өркендеуіне жұмсауы тиіс.
Үндінің ұлы перзенті Махатма Ганди:
«Халқым, сүйдім мен сені,
Еркелеттің сен мені», – десе, дана қазақ «өзіңді өзің дамыту – бақыттың кілті» деген. Сол үшін де әр жүрегінде қазақы қан ойнайтын қазақ баласының:
Туын – теңдігім,
Елтаңбам – елдігім,
Салтанатты әнім – айбыным дегені мақұл.
Ал кейбір қазақтар өзіміздің қазақтығымыздан, табиғатынан безінуде. Олар әлемдік өркениетті «пір» тұтқандар. Олар ұлттық үлгіден гөрі еуропалық салт-санаға бейім, киім киістері, жүріс-тұрыстары, сөйлеу мәнері бұзылған тілдері кібіртік. Осының бәрі көңілге қаяу түсіреді.
Қазіргі кезде қазақ тілі жөнінде жиі сөз қозғалып жүр. Қазақстан деген елдің мемлекеттік тілі қазақ тілі болса, алайда нақты өмірде бұл тілдің орнын басқа тіл басып отыр. Ірі қалалардың орысшасы адамды шошытады. Әлі де болса көп адам кеңестік психологиядан арыла алмай жүр. Өзге тілде «бұлбұлша сайрап» жүргендердің көбісі өз қандастарымыз. Олардың ішінде кішісі де, үлкені де бар.
Тіл туралы заңдағы «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» деген баптан құтылу керек. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Айыр тіл жыланда ғана болады»,- дегенінің кері боп тұр. Тіл туралы Заңға түзету енгізу немесе жаңа заң қабылдау керек.
Тілге төңкеріс керек. Қазір тұсаулы ат секілді. Алға жылжыуы қиын. Көше, мекеме аттары мемлекеттік тілде жазылса игі. Абай даңғылы, М.Әуезов көшесі деп жазылса қандай жақсы! Үлкен іс осындай шағын дүниеден басталса керек. Екі, үш тілде жазу жараспайды.
Бір басталды ма, соны шырайын шығарып аяқтаған дұрыс. «Даңғыл», «Көше» деген сөзді аударудың қажеті жоқ. 31 жылда 2 сөз мағынасын түсінбеген адам 100 жылда да біліп жарытпайды.
Астанада бір ғана тілде көзге ұрып тұрған «Үкімет үйі», «Жоғарғы сот», «Бас прокуратура»-ға жұрттың көзі үйренген. «Бұл қалай?» деп шошып жатқан адам жоқ.
Ірі қалаларда мекеме, сауда, қонақ үй, мейрамхана (ұйғыр, өзбек, дүңген, французша, қытайша атау неге керек?! «Кеш жарық» кафесі т.б. Тіл беделі үшін мекеме не қызмет көрсету орындарындағы атаулар бір, мемлекеттік тілде көрініс тапқаны маңызды.
«Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық Қаһарманы» деген Президент Жарлығымен аса жоғары атақтарды орысшаға аудармау ләзім.
Мақсат – мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру тілдің оның өз елінде, өз топырағында артықшылығы, басымдығы болуы керек. Ел халқы мемлекеттік тілдің мәртебесіне ие қазақ тілінің салмағын, құдіретін сезінуі керек. Бауыржан Момышұлы: «Ана тілін білмеген – наданның хайуаны» деген. Бұлғар ақыны Хасан Туфан: «Нұрлы тіл, жырлы тіл, сырлы тіл – қазақ тілін ғасырлар бойы қастерлеп сақтап келген қазақ бауырлар, сіздерге бек зор рақмет!» – деген.
«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді» дейді бабаларымыз. Бүгінгі шұбар тілділер, сол тілдің тасты тесіп, басты жаратынын, еттен өтіп, сүйекке жететінін, қылыш тиген жер әрі кетсе, тыртық болып қалатынын, сөз жарасы ұрпағына таңба екенін ұқпайтын секілді.
Италия саяхатшысы Реналью Гаспириннің: «Мен әлемнің 141 елін аралағанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар». Ауыр сөз – сүйектен өтіп, жүректі шабақтайды. Тіл тағдырының бұлай көкпарға түсуіне өзге емес, өзіміз кінәліміз. «Өз тілінде сөйлеме!» деген кім бар?!
Мектептегі, орыс мектебіндегі қазақ тіліне жете мән беру керек. «Мені құртқан көк шолақ» керіне салсақ, қазақтың, тілін құртқан аралас мектеп. Ә дегеннен осы аралас мектептен арылу керек. Екінші, оқулықтағы олқылықтарды жою ләзім. Үшінші, кеңес кезіндегідей емес, мектеп, ЖОО-ның бәрінде мемлекеттік тілді жүйелі оқытуға көшкен жөн.
Оқымаған, тоқығаны мол бабалардың тілін құрметтеуі, тұнық ойы туралы басқалар сүйсініп жазып кетсе, оқығаны көп бүгінгі ұрпағының тіл сұйықтығына күйінгенін аңғарып, ой айтылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Елдің тұрмыс-тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды»,- дегені бар. Биліктегі азаматтар, халық қалаулылары санасына қарауыл етіп ұстаса, қалың қауым жандарынан табылары хақ.
«Мемлекеттік тілді білмейтін адамды қызметке жолатпау керек»,- деп ақын, күні кеше «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Мұхтар Шаханов айтса, бекзат ғалым Ғарифолла Есім: «Қазақ тілін менсінбейтін, сөйлегісі келмейтін, шала қазақтарды Парламентке сайламау керек», – дегені орынды сөздер.
Шет елге мемлекет есебінен оқуға барып, сонда қалып қойған не келіп, қайта кеткен намыссыз, рухсыз жастарға оқуға кеткен шығынын төлету я жібермеу керек.
Қазақтарды қазақ ретінде сақтап келген батырлары мен билері емес, әдет-ғұрпы мен салт-санасы. Д.Неру (Үнді Премьер-Министрі): «-Мейірім-шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Д.А.Қонаев»,- деп жазады.
Жұрт арасында Л.Толстойды оқымай, (оның ұлты неміс, мұсылман дінін қабылдаған) орысты О.Бальзак та оқымай, французды білдім деу қиын,- десе, біздің саналы оқырман «М.Әуезовты оқымай қазақты білем деу – тіптен қиын» деген аталы сөзді қосты. Бұл эпопея әлемнің 116 тіліне аударылған. «Абай жолы» қазақтың рухани мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан шығарма.
Президенттің алғашқы қол қойған құжаты «Ауыл – қазақтың алтын бесігі». Ауыл біздің қара орманымыз. Арманымыздың қазығы, сарқылмас кәусар тұнығымыз. Ибалылық пен ізеттілікті, халқымыздың бойындағы ізгі қасиеттерді бір сақтай алса, ауыл сақтай алады деген сеніміміз бар еді. Алайда ауылдағы қаншама қазақтың да «көк жәшіктен» қазақы ұғымымыз бен танымымызды тұншықтыратын хабарламасы сусындатып жатқаны өкінішті.
Урбанизация – әлемдік үрдіс, жағымды процесс емес. Қазақстанда да соңғы 10 жылда ауыл халқы қалаға алынды. Жоспарсыз, стихиялы көші-қонды қабылдауға дала әзір емес. Қазақ даласы бос, иесіз қалып жатса, қалада жұмыссыз халық, жастар тобырға айналуда.
Ұсақ елдімекендердің жойылуы, ауылда аға ұрпақ азайып, орта жас, жас ұрпақ табыс іздеп, Алматы, Астана, Шымқалаға қоныс аударуы әлеуметтік мәселені шиеленістірді. Астана халқы 2 млн-ға өссе, оның әлеуметтік қауіп ошағына айналуы сөзсіз.
Қала алаңқайларында күндеп жұмыс істеп нәпақа табуға жалдаушы іздеп тұрған тобыр тек өзіміздің қара көздер. Қазақстанда 8 мыңның үстінде ауыл болған болса, қазір 2 мыңға азайып 6 293, 7,8 млн халық үстінде қалып отыр. Қазақтардың алтын ұя туған ауылын тастап, қалаға үдере көшуі жасырын емес. Осыдан 3 мың жыл бұрын өмір сүрген Майқы би бабамыз: «Шаңырағынан күннің нұрлы сәулесі шуағын төгіп тұрған қасиетті киіз үйге тастан, саз балшықтан, ағаштан қаланған қапас кепе қалай жетсін», – деген.
Күні кеше Астанада Президент ұлықтауы кезінде Қ.Тоқаев: «Халқымның сенімі – маған аманат» деді. Ал біздің аманатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қол қойған жарлық, бастамаларын бұлжытпай орындап, адалдық танытсақ, сол – біздің аманатымыз.
Ауыл – Ел бесігі. Ант қабылдаған ел Президентінің алғашқы Жарлығы ауылды дамыту туралы болды. Бұл біздің түп-тамырымыз бен қарашаңырақ – алтын ұямызды, ұлттың ұйытқысы ауылымызды бес жыл бойы түрлендіріп, жаңғыртып, жақсы өмірді орнықтыру жолында ұлан-ғайыр іс, адалдық пен әділдік шешімі деп қоғам өз құрметін көрсететіні анық.
Президент «Әділетті қоғам құруға белсене кірісті. Әділет – жарық дүниедегі тепе-теңдікті қамтамасыз ететін негіздемелік түсініктің бірі, яғни әділдік дегеніміз – жаңашылдық, сезімталдық. Жаңашылдық болмаған жердегі нәтиже қашанда күмәнді.
Сөзбұйдалық, жауапкершілігін айқын сезінбеу, ашкөздік, парақорлық секілді келеңсіз ұғымнан бойды аулақ ұстауымыз керек. «Әділетті Қазақстан» дегеніміз осы.
Қазақта «Аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – осы үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – алты тіл меңгерген майталман елші.
Ұшы-қиырсыз, шетсіз-шексіз қазақ даласының игілігін жасау үшін алдымен аграрлық саясатты дамыту маңызды. Ал бұл саясат алдымен ауыл-аймақта жатыр. Осыны ескерген Президент ауылдың жылдар бойы қордаланған мәселелерін жүйелі түрде шешуді қолға алуды тапсырды. Ауылға ең алдымен қолды болған жерін, жайылымы мен егісін қайтару керек. Ауыл шаруашылығын талап деңгейінде дамыту үшін сумен қамту бірінші кезекте күттірмейтін мәселе болуы керек. Сусыз егіншілер, бау-бақша, мал шаруашылығы да алға баспайды. Ескірген техниканы жаңарту қажет. Қазір ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. Ел тұрғындарының 40%-ын салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ауылдағы ағайындар құрайды. Президент шешімімен осы ауыл-аймақты алдағы 5 жылға өркендетуді көздеп отыр. Шағын және орта бизнестің жұмыс жасауына толық мүмкіндік берілуі тиіс.
Конституциялық заңнамалар бекітілді. Еліміз қайта жаңғыруды бастан өткеріп жатыр. Президенттің 7 жылдық мерзімінде халық игілігіне сай жұмыстар атқарылмақ. Осы билік өз мойнына алғанын көрдік.
Тәуелсіздікті бабалар бізге аманат еткен. Былтыр біз ұлы дала елінің Тәуелсіздігінің 31 жылдығын тойладық. Қазақ елі үшін тәуелсіздік тосыннан келген сый емес. Тәуелсіздік үшін халқымыз қаншама қиындық көрді, бостандық үшін боздақтарын қиды.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл дала не көрмеді? Демек, тәуелсіздік бізге ащы термен келген, төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген тәтті жеміс.
Тәуелсіздік бабаларымыздың аңсауы, кейінгі ұрпаққа аманаты.
Жалпы адамзат тарихында жер үшін, тәуелсіздік үшін болған соғыстар өте көп. Соның нәтижесінде талай мемлекеттердің аумағында, әлем картасында түзетулер болғаны белгілі. Қазақтың байтақ даласын ақ білектің күшімен, күміс найзаның ұшымен анталаған жаудан қорғап, толарсақтан қан кешіп, қасық қаны қалғанша соғысты. Тәуелсіздікті ту еткен Әлихан, Міржақып, Ахмет «Оян, қазақ» деп, маса болып ызыңдап, тәуелсіздік жаршысы болған.
Осындай батыр ерлердің арқасында Қазақстан бүгінгі таңда ата-бабамыз армандап кеткен «Тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымға ие болып отыр.
Тарихымыз терең, бүгініміз баянды, болашағымыз жарқын боларына кәміл сенеміз. Тәуелсіздіктің бақыт құсын үркітіп алмай, бір жағадан бас, бір жеңнен жұмыла қол біріктірсек, болашақтың таңы жарқын! Еліміздің дамыған елдерден терезесі тең Ұлы дала еліне, мәңгілік елге айналуы – жас ұрпақтың қолында.
Ер баланы тәрбиелесең, бір адамды тәрбиелейсің, жаңа заманда ұлдарымыз иманды, қыздарымыз ибалы болсын! «Адам әлемнің әрі мен сәні болса», қазақ – ұлы даланың әрі һәм сәні болсын!
Қазақ баласы, өз тағдырыңа біреулердің араласуынан сақтан. Арандатудан сақ бол! Бейбіт күннің қадірін біл!
Президенттің ұстанымы халық, тарих, ар-ождан алдындағы жауапкершілік, оның мақсат-мүддесі де осы.
Ауылда мал жаятын жайылымдық жерлер тапшы. Келген маманға баспана керек. Кезінде жайылымдық шабындық жерлерді ебін тапқан пысықайлар бөлісіп алған.
Жергілікті жерлерде піскен шұжық, май шығаратын, сүт, қаймақ дайындайтын цех ашуды да қолға алу керек. Соғым кезі сойылған малдың терісі мен мүйізі, тұзды далада шашылып қалады. Көктем мен күзде қырқылған қой жүні аяқ астында жатады. Ыбырсып қай жер болса сол жерде қоқыс боп шашылуда. Ежелден қазақтар тері мен жүнді аяқасты етпеген, кәдеге жаратқан. Жем тартатын диірмен, пима басатын шағын кәсіпорын ашып т.б. ауылдығы ағайынға жұмыс табылып, тамақ өнімдерінің өзіндік құны арзандап, киім-кешек те өзімізден шығарылар еді.
300 жылға жуық уақыт жат жұрттың боданы болған қазақ елінің ендігі жерде басына ноқта кигізілсе, одан арылуы әсте қиын.
«Өз тізгініне өзі ие бола алмайтын, өз қасиетін өзі бағалап, өз мінін өзі түзей алмайтын, өз мұңын өзі мұңдап, өзі жоғын өзі жоқтай алмайтын халық пен қауымның бүгінгі дүниеде бітірері шамалы» (Әбіш Кекілбайұлы).
Күні кеше өткен бір реттік 7 жылдық мерзімге сайланған Президент 82,45% дауыс алып, ел сеніміне ие болғаны баршамызды қуантты. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады», – деген.
«Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған», – деп ұлы ұстаз Абай айтқандай, «Білім тек қана оқу емес, әрекет ету. Жалқаулықты жар етпей түрік, корей, жапон халықтары секілді байлықты жерден емес, аққан терден сұрау керек!

Болатбек Қайыпбеков,
ардагер ұстаз.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close