El іshі

Ауыл жаңалықтары

Боралдай
Көлтоған ауылында жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында округтің жастар ісі нұсқаушысы Ұлан Пірәлінің ұйымдастыруымен «Спорт – денсаулық кепілі» атты шара өтті. Шараны Боралдай ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Еламан Сәкенұлы ашты. Ол шараға қатысушыларға сәттілік тілеп, балаларды спортпен шұғылдануға шақырды.
Спорттың бірнеше түрінен жарысқа түскен қатысушылардың арасынан жүлделі І орынды Алтынбек Еркебұлан иеленсе, ІІ орын Әлібек Байгөлге бұйырды. Жарыстың үздік үштігінен Есімжан Бақдәулет көрінді. Жеңімпаздар мен қатысушылар грамоталар мен алғысхатпен марапатталды.

Жетітөбе
Аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Жақында ауылдық округте аталған құрылымның төрайымы Күлбақыт Айтқұлова және мүшесі Айгүл Омарова аналармен жиын өткізді. Жиынға ауылдық окрутегі құрылымның мүшелері Мадина Күлтубаева, Раиса Оңалбекова, Алтынай Әзімшарова және көпбалалы аналар қатысты.
Кездесуде Күлбақыт Тұрымханқызы «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының жылдық жоспарымен таныстырып, аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Күреңбел
Ауылдық округ кітапханаларында оқырмандар мен тұрғындарға есігін айқара ашып жатқан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ақпарат алмасуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Жақында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева Күреңбел ауылдық кітапханасында жиналғандарға жиналыс өткізді. Жиында Бақыткүл Сыдықбекқызы тұрғындарға цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмысымен жан-жақты таныстырып, көрсетілетін қызметтер бойынша мәліметтер берді.

Қарасаз
Қарасаз ауылдық кітапханасында жастармен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу бүгінгі таңда өзекті болып отырған «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында болды. Шараға аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Боранбаев, Қарасаз ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Бақыткүл Жексекеева және ауыл жастары қатысты.
Кездесуді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының м.а. Шыңғыс Мақұлбекұлы ашып, тамырын тереңге жайған бұл індетпен күрес әрбір азаматтың міндеті екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанның жарқын болашағы жастардың қолында екенін жеткізіп, сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақырды.

Шақпақ
Ауылдық округке қарасты Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінің мәжіліс залында «Жемқорлықсыз – жаңа қоғамға бастаймыз!» атты жиын ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов, аудандық мәслихат депутаты Нұрмахан Тыныбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілияс Әбішев, ауыл имамдары Пернебек Бердімбетов пен Әділхан Әмірсейітов, мекеме басшылары мен қызметкерлері және ауыл жастары қатысты.
Кездесуді ауыл әкімі Мұстафа Бектұрғанов жүргізіп отырды. Лекция барысында сыбайлас жемқорлық бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар, оның алдын алу жолдарының маңыздылығы, құқықбұзушылықтар үшін тартылатын жауапкершілігі және жаза түрлері туралы мәселелер талқыланды. Шара соңында қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға тиісті мамандар жауап берді.
* * *
Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Заңының 39-3 бабына сәйкес, Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінің мәжіліс залында жергілікті қоғамдастық мүшелерімен жиын өтті. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тлеубеков ашып, қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Яғни, ол жергілікті қоғамдастықтың дамыту бағдарламасына тоқталып, бағдарламаның жобасын және ең маңызды мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің ұсыныстарын тыңдады.
Жиын соңында ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тлеубековке, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Тыныбековке, жергілікті қоғамдастық мүшелеріне алғысын білдіріп, алда туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге шақырып, жиналысты қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close