El іshі
ҚазҰУ – сенің болашағың!
Еліміздің бетке ұстар жоғары оқу орындарының бірі әрі рухани, зияткерлік орталыққа айналған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін елімізде білмейтін адам кемде-кем. Аталған Қазақ Ұлттық университеті – Quaequarelli Symonds (QS) агенттігінің жаһандық рейтингінде әлемдегі үздік 200 университеттің қатарына кірген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны. Бұл рейтингке біздің алдымызда бұрынғы посткеңестік жоғары оқу орындарынан тек М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қана тұр. Бұл- университет басшылығы мен ұжымның атқарған ұтымды да ұтқыр һәм ізгі істері мен ерен еңбегі. Сондай-ақ көшбасшылы университеттермен бірлесе отырып, қос диплом және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, аталмыш университет бүгінгі таңда сіздерге алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын білім және ғылым ордасы болып табылады.
Айта кететін болсақ, университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері еңбек етеді. Қазіргі таңда, университетте кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда. Біз, тәжірибе жүргізу мен білімгерлермен алмасуда және заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнаттық. Университет студенттері республика көлемінде және халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқауларға, халықаралық пән олимпиадаларына үнемі қатысып жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Аталған жақсы нәтижелер университетіміздегі оқытушылар еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз.
Университеттің ең ірі факультетінің бірі – Экономика және бизнес жоғары мектебі болып табылады.Экономика және бизнес жоғары мектебі Қазақстандағы тарихы терең, 1949 жылдан бері жоғары мамандандырылған экономист, қаржыгерлерді дайындайтын жоғары дәрежелі факультет. Жыл сайын 500-ден аса бакалавр, магистр және PhD студенттері университет қабырғасынан білім алып шығуда.Сонымен қатар,қазіргі таңда Экономика және бизнес жоғары мектебі фкультетінің қабырғасында Исламдық Қаржы ғылыми-білім беру орталығы исламдық қаржыландыру бағыты бойынша қаржы мамандарын дайындайтын еліміздегі және Орта Азиядағы алғашқы оқу орыны болып табылады. Тіпті, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университетімізге сапар барысында Орталықтың Исламдық қаржы саласындағы бастамалары мен қызметін, сонымен қатар потенциалын жоғары бағалаған болатын. Біздің оқытушылар мен докторанттар Малайзия, Оман, Катар, Америка Құрама Штаттарының жетекші университеттері мен исламдық қаржыландыру орталықтарымен бірлесе жүргізген зерттеу нәтижелерін монографиялар, мақалалар, кітаптар және кәсіби есептер түрінде жарыққа шығара отырып, исламдық қаржыландыруды студенттерге оқып-үйретуге айтарлықтай жақсы ықпал етуде.
Біз, Қазақстанның болашағын дайындап жатқанымызды нық сеніммен айта аламыз, себебі біздің түлектеріміздің көпшілігі Қазақстан қоғамының элитасын құрайды және еліміздің даму бағытының қалыптасуына атсалысады. Бұл біздің маңызды нәтижеміз, біз оны мақтан етеміз және болашаққа деген сеніммен қараймыз.Сіздерді университетімізге шақырамыз! ҚазҰУ – сенің болашағың!!!
Гүлназым Ислямқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Экономика және Бизнес жоғары мектебі «Қаржы және есеп»кафедрасының аға оқытушысы