Basty bet

Әскери міндеттілерге қандай тапсырма жүктеледі?

Бейбіт күнде апат зардаптарын жоюға қатысады

Қазір қарап отырсаңыз, әлемде сәт сайын, сағат сайын, күн сайын адамның өміріне қауіп төндіретін қауіп-қатерлер мен табиғи апаттар жиі орын алу үстінде. Құдай бетін аулақ етсін дейік. Бірақ, біздің еліміз де қауіптен тысқары емес. Мұндай кезде ел мен жердің тұтастығын сақтап, халықтың, жалпы бейбіт күннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылымдарымен қатар аумақтық қорғаныс әскерлеріне де бірдей жүктеліп отыр. Бұл туралы сәл кейінірек…

Барлығымызға белгілі, табиғи апаттармен бірге, адам қолымен жасалатын немесе жазатайым оқиғалар ара-тұра болса да орын алып тұратыны жасырын емес. Былтыр халықтың есінде болса, Қостанай облысында орын алған алапат өрт дүйім елді алаңдатқаны мәлім. Жағдай күн санап ушығып, орманды, далалы жерді жалмаған өртті ауыздықтауға төтенше жағдай қызметкерлері ғана емес, бүкіл күш құрылымдарының бөлімшелері жұмылдырылды. Міне, осындай төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюда аумақтық қорғаныс әскерлеріне де тікелей жүктелетін міндеттер бар.
Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлері елде қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оқиға орнынан табылатын күштердің қатарына кіреді. 2020 жылы короновирус пандемиясымен күрес кезінде әскери міндеттілердің арнайы жиыны өтіп, алғаш рет аумақтық әскерлер осындай шараларға қатысқан болатын. Отандық дерек көздеріне сүйенсек, халықтың өміріне қауіп-қатер төнген осындай күрделі сәтте резервтегілер арасында жиын өткізіліп, оған жалпы саны 1 625 әскери міндетті келіп қатысқан. Пандемиямен күрес кезінде өз еркімен елге көмек көрсетуге ниет білдіргендердің саны 000-нан (үш мың) асып жығылған.
Осы кезде әскери міндеттілер жедел штабта, тосқауыл (блок) бекеттерінде, патрульдік полиция қызметкерлеріне көмек көрсетуде, медициналық мекемелерде қызмет атқарды, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп, ұтқыр топтарға бөлінді.
Тек пандемия кезінде емес, елдің есінде болса, аумақтық қорғаныс әскерлері Түркістан облысындағы су тасқынының салдарын жою шараларына да қатысты. Жалпы осындай шараларда аумақтық әскерлерге жүктелген барлық міндеттер орындалды. Ал Қостанай облысында болған өрт кезінде де сол өңірдің аумақтық әскерлерінен 45 адам өртті сөндіруге белсене қатысып, тілсіз жаудың бетін қайтаруға атсалысты. Бұл аумақтық әскерлердің төтенше жағдай кезінде елге, зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын беруге үнемі әзір екенін көрсетіп отыр.
Алайда төтенше жағдайларда әрекет етіп, түрлі апаттардың зардабын жою, оқыс оқиғалардың алдын алу, пандемияның таралуына жол бермеу тәрізді іс-шараларға қатысқанына қарап, аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеті төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің жұмысын қайталайды деген ой туындамауы керек. Іс жүзінде аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан өз кезегінде қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатындай аумақтық қорғаныстың пәрменді жүйесін ұйымдастыруға айрықша мән беріп келеді. Бұл жайдан жай емес. Әрі бұл аса күрделі міндеттердің бірі.
Соңғы жылдары болған оқиғалар мен қақтығыстардың сипаты елдің тұтастығы мен егемендігін сақтау жалпыхалықтық сипатта болуы тиіс екенін көрсетті. Ал аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту – бұқара мен Қарулы Күштердің тізе қосып әрекет етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетік ретінде бағаланып отыр.

Тұрақтылықты қамтамасыз ету – басты міндет
«Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» дейді дана халқымыз. Жасыратын ештеңесі жоқ, қазір әлемдегі ахуал бірте-бірте күрделене түсуде. Жекелеген мемлекеттердің арасындағы шиеленістердің арты қақтығыстарға да ұласып жатқанын ақпарат құралдзарынан естіп жатамыз. Еуразия құрлығының әр жерінде әскери қақтығыстар болып жатыр, терроризм қаупі де жоқ емес. Оның үстіне, бірқатар өңірлердегі қақтығыстар елдің түрлі нысандары мен елдімекендерін қорғайтын әскерлер әр аумақта орналасуы тиіс екенін көрсетіп отыр. Содан да болар, көптеген мемлекеттердің армиясында аумақтық қорғаныс әскерлері бар.
Әрине, Қазақстан түрлі жанжалдардан аулақ болып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға қажет барлық тетіктерді пайдаланатын мемлекет. Бірақ «сақтансаң – сақтайды!» қағидасы ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені елге қауіп төндіретін факторлар тікелей әскери соққы ғана болмауы мүмкін. Түрлі апаттар, диверсия, терроризм, гибридті күрес тәсілдері дейсіз бе, төнуі мүмкін қауіп көп. Ал мұндай сын сағатта аумақтық қорғаныс әскерлеріне стратегиялық объектілер мен әскери, сондай-ақ азаматтық ин-фрақұрылымды қорғау, аумақтық қорғанысты жүргізу, қарсыластың диверсиялық-барлау күштерімен күресу міндеттері жүктеледі.
Қазақстанның әр облысында сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында аумақтық қорғаныстың 20 бөлімшесі орналасқан. Яғни елдің бүкіл аймағында бейбіт уақытта қысқартылған құрамда жұмыс істейтін бригадалар бар, ал елде төтенше немесе соғыс режимі енгізілген жағдайда бұл бригадалардың құрамы резервтегілердің санымен ұлғайтылады.
Жұмылдыру кезінде аумақтық қорғаныс әскерлеріне Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабы басшылық етеді. Бұл ретте, Бас штабтың құрамындағы Аумақтық қорғаныс әскерлерінің департаментіне ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Соғыс жағдайында елдімекендерді, маңызды объектілер мен коммуникацияларды күзету және қорғауды, қарсыластың диверсиялық-барлау күштерімен күреседі, төтенше немесе соғыс жағдайы режимдері енгізілгенде іс-шараларды орындайды, жау ұрыс жүргізіп жатқан аумақта соғысқа қатысады.
Бұл құрамаларды жауынгерлік әзірлікте ұстау мақсатында бөлімшелер арасында жыл сайын оқу-жаттығулар үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұдан бұрын аумақтық әскерлері мен аумақтық қорғаныс бөлімшелері ведомствоаралық оқу-жаттығулардың барысында стратегиялық объектілерді күзету және оларды қорғау шараларын жүзеге асырды.
Ел іргесінің берік болуы үшін аумақтық қорғаныс әскерлері кез-келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толықтай дайын болуы үшін үздіксіз дайындық үстінде жүретіні анық. Бұл ретте ел аумағында тұрақтылықты қамтамасыз ету басты міндет болып саналады.

Биыл облыстық әскери жиын Жуалы ауданында өтеді
Жаһандағы геосаяси жағдай сәт сайын құбылып тұрған қазіргі кезде ел қорғанысының бекем болғаны дұрыс. Қазіргі таңда дүниенің түкпір-түкпіріндегі шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты біздің еліміздің де әскерлері түрлі сын-қатерлерге дайын болуы қажет. Солардың қатарына аумақтық қорғаныс әскерлері де кіреді. Қарулы Күштердің құрамына кіретін осынау құрылымдардың жасақталып, жұмыс істей бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды.
Анығында, аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеттері мен атқарып жүрген қызметі жайлы қоғамда нақты түсінік қалыптаса қойған жоқ. Тіпті бұқара мұндай құрылымдардың бар екенінен де толық хабардар емес. Алайда 2017 жылдың 13 маусымында қол қойылған Қазақстан Республикасының «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №69-VI Заңына сәйкес, аумақтық қорғаныс құралымдарына ҚР ҚК аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқару жөніндегі өкілеттіктері мен функциялары бекітілді.
Оқырманға түсінікті болу үшін қарапайым тілмен айтатын болсақ, аумақтық қорғаныс әскерлері жергілікті жерлердегі әскери міндеттілердің арасынан жасақталады. Олар негізінен стратегиялық маңызы бар объектілерді және коммуникацияларды қарсыластың әрекеттерінен, диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдері кезінде белгілі бір аумақтың қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Сөз басында айтқанымыздай, аумақтық әскердің арнайы әскер түрі ретінде жасақталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ, осы күнге дейін атқарған қызметі де аз емес. Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлері елде қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оқиға орнынан табылатын күштердің қатарына кіреді. 2020 жылы короновирус пандемиясымен күрес кезінде әскери міндеттілердің арнайы жиыны өтіп, алғаш рет аумақтық әскерлер осындай шараларға тартылған болатын.
Осыған сәйкес, қаңтар айының басында аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аумақтық әскерге жататын әскери міндеттілер туралы арнайы жиын өтіп, оған ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығынан бұрын Отан алдында әскери борышын өтеген әскери міндетті азаматтар, сонымен қатар, жиынға ауылдық округтердегі әскери-есеп столының мамандары және ауылдық округтердің әкімдері шақырылған болатын. Қазіргі таңда Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі қызметкерлерімен және ауылдық округ әкімшіліктеріндегі әскери-есеп столының мамандарымен аудандағы аумақтық қорғаныс әскерлерінің құрамына кіретін әскери міндеттілердің саны нақтыланып, олармен тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Жиында алғаш болып сөз алған Жамбыл облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі-облыс әкімі аппаратының жұмылдару дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ермек Абдуллаев:
«Іс жүзінде аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Қазақстан қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатындай аумақтық қорғаныстың пәрменді жүйесін ұйымдастыруға айрықша мән беріп келеді.
Соңғы жылдары әлем елдерінде орын алып жатқан оқиғалар мен әскери қақты-ғыстардың сипаты елдің тұтастығы мен егемендігін сақтау жалпыхалықтық сипатта болуы тиіс екенін көрсетіп отыр. Ал аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту бұқара мен Қарулы Күштердің тізе қоса әрекет етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетік. Осы ретте аумақтық қорғаныс әскерлері бес жылда бір рет әскери жиынға қатысуға міндетті. Мұның алдындағы облыстық әскери жиын Жамбыл ауданында өткізілсе, биылғы жиын сәуір айында Жуалы ауданының аумағында өтеді деп күтілуде»,- деді.
Осы орайда Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жыл сайын аумақтық қорғаныс бөліміне тіркелген әскери міндеттілерді зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жаттығулары аясында біліктілігін арттыру мақсатында 2023 жылы деп аудан аумағында әскери жиын өтеді жоспарланған.
Аумақтық қорғаныс әскерлерінің облыстық жиыны биыл сәуір айында 91678 әскери бөлімінің Теріс-Ащыбұлақ ауылының маңындағы әскери полигонда ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Оған әрине, бүгіннен бастап дайындық шаралары жасалу үстінде.

Міндеттер тиісті заңнамалармен реттелген
Ал ендігі кезекте тұрғындарға түсінікті болу үшін айта кетейік, аумақтық әскерлердің жай әскерден айырмашылығы неде деген сұрақ туындауы мүмкін. Қарулы Күштердің қатарындағы әскерилер елдің қай аймағында қандай да бір оқыс жағдайлар кезінде сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Ал, аумақтық қорғаныс әскерлерінің ерекшелігі сол, мысал ретінде айтар болсақ, Жуалы ауданында жасақталған аумақтық әскерлер негізінен жергілікті жердегі стратегиялық нысандарды күзетіп, сонымен қатар, ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда оның зардаптарын жоюға, жергілікті аумақта тұратын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, орын алған табиғи және техногендік апаттардың зардаптарын жоюға атсалысады.
Мысалы, 2019-2020 жылдары коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты ел аумағында «Төтенше жағдай» режимі жарияланған кезде ауданның шекараларына тосқауыл бекеттері (блок-бекеттер) қойылды. Ондағы тұрғындардың, көліктердің аудан аумағына кіріп-шығу кезіндегі тексерулерге, жалпы өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аумақтық әскерлер тартылды. Олар мұндай жағдайда тегін қызмет етпейді. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға шақырылған әскери міндеттілерге мемлекет айлық жалақы төлеп, арнайы киім (форма) және тамақпен, жатын орынмен толықтай қамтамасыз етіледі. Аумақтың қорғаныс әскерлерінің ерекшелігі міне, осында жатыр. Сондықтан, әскери міндеттілер аумақтық қорғаныс әскерлерінің қатарына шақыруларға түсіністікпен қараулары қажет. Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлерінің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының тиісті заңнамаларымен реттелген.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close