Basty bet

Ассамблеяның белсенді мүшелері

Қазақстан дейтін кең байтақ елімізде 140-тан астам ұлт өкілі тату-тәтті ынтымағы мен бірлігі жарасып өмір кешуде.
Ассамблеяның негізгі мақсаты мен міндеттері – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қоғамның негізін қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамытуға шақыру.
Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этномәдени орталықтарының ұлттық мәдениеттерін, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді.
Ауданымызда достық пен татулық қарым-қатынасын берік ұстанып жүрген төрт этномәдени бірлестік тұрақты жұмыстар атқаруда. Жалпы этномәдени орталық құрамында ардагерлер, медиаторлар, белсенді жастар енгізілген. Этномәдени орталық жастары бабалар тарихын жадында сақтауға, мәдениетін насихаттауға бағытталады. Әзірбайжан, шешен, өзбек, славян этномәдени бірлестігінің міндеті достықты нығайту ғана емес тілін, тарихын мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіруге бағытталады.
Әрбір ұлт өкілінің өздеріне ғана тән салт-дәстүрі, тұрмыс тіршілігі, өнер білімге деген құштарлығымен ерекшеленеді.
Бүгін «Мехрибан» әзірбайжан, «Славян» орыс ұлт өкілдерінің өрендері жайлы айтпақпыз. Ұлты басқа болғанымен қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақ халқының мәдениетіне құрметпен қарап, «Ұлттық рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында аудандық түрлі байқауларда топ жарып көзге түсіп жүрген бірнеше ассамблея жастарын атап өтсек болады. Олар – Дарья Руденко, Мамедова Рабия, Дарья Родометова жайлы айтпақпыз.

 

«Өнерпаз болсаң арқалан…»

Ауданның этносаралық тұрақтылығы мен ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті сақтауда өзіндік үлесі бар «Славян» этномәдени бірлестігінің ең жас әрі белсенді өкілі – Дарья Рудомётова жайлы әнгімелегенді жөн көріп отырмыз. Ол Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында 10 сыныпта оқиды. Сабақтан бос уақытында вакалдан сабақ алып, үнемі ізденіс үстінде жүргенді ұнатады.
-Менің жетістіктерім алғаш Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған алты жасымнан басталып, алғаш рет мектепішілік жарыстарда өз өнерімді көрсетіп, осылайша өнерге деген қызығушылығым ояна түсті, – дейді ол өз сөзінде.
Дашаның әкесі Георгий аудандық өрт сөндіру бөлімінде қауіпсіздік инженері болса, ал анасы Евгения сұлулық салонында шаштараз болып жұмыс істейді. Даша үнемі ізденіс үстінде, даму үстінде жүреді. Ол өз болашағын ән өнерімен байланыстырып, елімізге танымал өнерпаз болғысы келетінін жеткізді.
Дарья Рудомётова бүлдіршіндер арасында ұйымдастырылған III Республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауында «Вокал» жанры бойынша үздік өнер көрсеткені үшін бас жүлде иеленсе, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай арналған «Атамекен» аудандық патриоттық әндер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін Дипломмен марапатталған. Сондай-ақ өзі білім алып жатқан мектебінде қоғамдық іс-шаралардың бел ортасынан табылуда.

 

Ұлттық орталықтың белсенді мүшесі

Рабия Мамедова Көлбастау ауылында көпбалалы, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Рафига анасы кенже қызының ерекше би өнеріне деген құмарлығын байқап, алғашқы ұстазы ретінде жаттықтыруды бастағап, жол көрсетіп, қолдап отырған. Мектепішілік байқау жарыстардан тыс қалған емес үнемі ізденіс, даму үстінде жүріп, қазіргі таңда Рабия «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық орталығының белсенді, өнерлі мүшесі.
Жас өнерпаз №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте 8 сынып оқиды. Түрлі байқауларда «Халықаралық балаларды қорғау» күніне орай «Біз бақытты баламыз!» атты сурет салу байқауында және «Бала дауысы», «Ассамблея аруы – 2020», «Қыздар сұлу көрінен өнерімен» аудандық қолөнер байқауында III орын иеленіп, ауданның қоғамдық өміріне белсенділікпен араласып жүр.
Бос уақытын тиімді пайдалануға, қоғамдық жұмыстарға араласуға, би өнерін шыңдаумен айналысады. Ол өз сөзінде, алдағы уақытта елімізге танымал биші атану басты арманы екендігін жеткізді. Айта кететін болсақ, Қазақстанда қоныстанған әзірбайжандар өздерінің ата-бабаларының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын әрқашан қастерлейді.

 

Жас қылқалам иесі

Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында дүниеге келген өнерлі де талантты өрен – Дарья Руденко жайлы айтпақпыз. Қазіргі таңда №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектепте білім алуда. Дарьяның алғаш сурет өнеріне деген қызығушылығы бес жастан бастап оянды. Үнемі түрлі-түсті суреттердің қалай боялатындығы, түстердің сәйкестігін салыстырып жүретін. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, оның ерекше өнерге деген ерекше құштарлығын ұстаздары да байқап оған бағыт-бағдар бере бастады. Дарьяның шығармашылық өнерін уақыт өте келе, шыңдалуына, шеберлігінің артуына айрықша сенім білдіріп, қолдау көрсеткен ұстазы Талғат ағасына алғысы шексіз. Үлкендердің қолдауларының арқасында түрлі байқаулардан топ жарып өнерін көрсете бастады.
«Менің Отаным – Қазақстан» атты сурет салу байқауында I орын иеленсе, «Бүлдіршін ару – 2013», «Бақытты отбасы – бақытты ел», «Бақытты балалық шақ», «Ақ бота» интеллектуалдық марафоны және білім және ғылым министрлігі «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен «№2 Балалар өнер мектебі «Көркем сурет» бөлімінің үздік аяқтағаны үшін, «Өнерге қанат қаққандар», «Көктем аруы», «Көрікті ару» номинациясымен, «Мен зерттеуге үйренемін», «Саусақ ұшындағы әлем» Республикалық байқауында және «Тәуелсіз Отаным – бақыт ордасы», «Мәңгілік ел» атты аудандық сурет салу байқауларында үздік өнерін көрсетуден еш жалыққан емес және алдағы уақытта танымал суретші болуын қалайтындығын жеткізді.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close