Basty bet

Алаштың ардақты перзентіне арналды

Қасиетті қазақ жері елім деп еңіреген ұлтжанды ұлдарға, тарихи тұлғаларға кенде болмағаны тарихтан белгілі. Ұлттың азаттығы мен жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін күресіп, сол жолда әзіз жанын құрбан еткен тарихи тұлға, Алаш алыптарының бірі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Әлихан Нұрмұхамедұлы туралы деректерде оның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері болғаны туралы айтылады.
Әлихан ұлт қайраткерлігімен қатар, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы болған адам. Осындай Алаш қайраткері туралы сөз қозғағанда, оның туып-өскен жері туралы да айтпай кетуге әсте болмайды. Ұлт қайраткерінің туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Оның арғы ата-тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туады.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Сөйтіп, ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хатымен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады.
Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады.
Замандастары мен халқы қадірлеп «Әлекең» деп атап кеткен Әлихан Бөкейханов – бүкіл саналы өмірін қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігіне арнаған халқымыздың аяулы ұлы тұлғасы.
Қалың көпшіліктің есінде болса, 2022 жылы аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейге Алаш ардақтысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның есімі берілген болатын. Шынында, Әлихан Бөкейхан кім болған? Есімі қалың елінің есінде мәңгілік сақталып қалған Алаш қайраткерінің еңбегін жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұлы тұлғаның есімін иеленген мектеп-лицейдің 1 «Ә» сыныбының оқушыларына «Әлихан Бөкейхан – Алаштың ардақтысы» атты сынып сағаты өтілді.
Сабақтың мақсаты – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф, публицист және «Алаш» партиясының жетекшісі – Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығы мысалында Қазақстанның мәдени мұрасын таныстыру, сонымен бірге оқушылардың ой-өрісін кеңейту, тілдерді білуге, өзінің туған елінің тарихына деген қызығушылығын ояту. Сынып сағатының барысында оқушыларға ұлт қайраткерінің ұлт азаттығының жолындағы күрескерлік жолы мен еңбегі кеңінен дәріптеліп, бүлдіршіндермен ұлт болашағы туралы ой бөлісілді.
«Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі»,- деп қазақ өлең көгінің жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, ұлт қайраткері, Алаш ардақтысы – Әлихан Бөкейхан әрқашан өзі өмір бойы қызмет кеткен қазақ халқының жүрегінде жеке дара тұлға болып қала бермек…

Әсем МАҚТАБАЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы 15 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close