Basty bet
Қос бірдей IT-сынып ашылды
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын іске асыру аясында партияның, соның ішінде бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жаңғырту бағытында көптеген игі істер атқарылуда.
Осыған орай, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы «Ауыл-ел бесігі» партиялық жобасын іске асыру аясында «Бауыржан Момышұлы», «Ақтөбе» бастауыш партия ұйымдарының базасында Бауыржан Момышұлы ауылындағы №1 мектеп-гимназия мен Ақтөбе ауылындағы №25 Ақтөбе тірек мектебінде «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Altaip group» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаевтың демеушілігімен екі бірдей IT-сыныптар ашылды. Толығымен жабдықталған екі сыныпқа кәсіпкер 7 млн 836 мың теңге жұмсады.
Алғашқы аталған сыныптың салтанатты ашылуы №25 Ақтөбе тірек мектебінде өтті. Бұл мектепке Ақтөбе ауылынан бөлек Жаңаталап, Алатау ауылдарының оқушылары қатынап оқиды. Жалпы үстіміздегі оқу жылында осы мектепте 204 бала білім алса, ал қалған басқа екі ауылдан тағы 90 оқушы қатынап оқиды, 12 класс-комплект бар. Оқушыларға 32 мұғалім дәріс береді. Мектеп басшысы Гүлнәр Әбілдаева осындағы «Ақтөбе» бастауыш партия ұйымына да жетекшілік етеді.
Мектептің акт залында өткен салтанатты жиынға ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар көптеп жиналған. IT-cыныптың ашылу салтанатын сахна төрінде тұрған оқушылар «Бақытты балалық шақ» әнімен ашты. Кештің жүргізушісі алғашқы сөзді аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берді.
– «Nur Otan» партиясының «Ауыл-ел бесігі» атты партиялық жобасы аясында аудандық филиалдың ұйымдастыруымен мектепте заман талабына сай жабдықталған оқушылардың білім алуына арналған сынып ашылайын деп жатыр. Облысымызға әйгілі азамат Әлімбек Әсембекұлы қаржы бөліп, ашып беруге бар ынтасын салып, оқушыларға үлкен сый жасап отыр,-дей келе, Ерғали Өтемісұлы кәсіпкерге алғысын жеткізіп, мектеп ұжымын қуанышымен құтықтады. Әрі қарай мәслихат хатшысы мектеп директоры Гүлнәр Әбілдаеваға аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы мен аудандық «Жуалы Желтоқсан» ҚБ ұйымдастыруымен және ұйғаруымен «Қазақстан патриоты» медалін табыс етті.
Сөз кезегі IT- cыныпты ашуға себепкер болған облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаевқа берілді.
– Мен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалымен ақылдаса отырып, осы мектепте аталған сыныпты ашуды ұйғарып, демеушілік жасадым. Біздің тілегіміз – оқушылар әртүрлі бағдарлама арқылы білім көкжиегін кеңейтіп, еш қиындықсыз робототехниканың қыр-сырын меңгеретін болады,- дей келе, ол жиналғандарды қуанышымен құттықтады.
Салтанатты жиын қатысушыларына Қызыларық ауылдық округіне қарасты жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Сапар Қамбаров, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов құттықтау сөзін жеткізді.
Мектеп оқушыларынан құралған «Томирис» бишілер тобы « Әлқисса» биін жоғары шеберлікпен орындады.
Мереке әрі қарай жаңадан ашылып жатқан IT-сыныпта жалғасты.
Жиһаздармен қатар компьютерлер, Arduino-10 дана, Lego EV3-10 дана, LED-экран, 3D принтерлер мен интерактивті тақталармен жабдықталған сыныпта мектеп директоры Гүлнәр Әбілдаева, информатика пәнінің мұғалімі Меруерт Үсембекова және оқушылар сыныпта өтетін сабақтарға, оның маңызы мен маңыздылығына тоқталды.
Жиналғандарды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Одан кейін Әлімбек Жұмабаев сыныптың төлқұжатын мектеп басшысы Г.Әбілдаеваға салтанатты түрде тапсырды. Ал ауыл тұрғыны, зейнеткер Шынар Исматова ата-аналар, мектеп ұжымы атынан оқушылардың қолдан жасаған «Қыл қобызын» Әлімбек Жұмабаевқа сыйға тартты.
Сыныптың ашылу рәсімін өткізу Е. Тілеубеков, С.Қамбаров пен Ә.Жұмабаевқа берілді. Олар лентаны қиса, ал әжелер шашу рәсімін өткізді, ауыл тұрғындары Сайлаубек Оразбаев, Қожамқұл Полатов және Күлзина Шымырова ақ баталарын берді.
Осы күні тағы бір ІТ сынып аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы ауылындағы №1 мектеп-гимназиясында да ашылды. Салтанатқа келген қонақтарды оқушылар мектеп ауласында флешмобпен қарсы алды және мектептің фойесінде орналасқан оқушылардың қол өнерлерін айғақтайтын көрмемен 9 сынып оқушысы Әсел Беспай таныстырды.
Салтанат мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетінде жалғасты. Алғашқы сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді. Аудан басшысы жиналған ұстаздар, ата-аналар мен оқушыларды осындай атаулы күнмен құттықтап, демеушілік жасаған кәсіпкер Әлімбек Жұмабаевқа алғысын айтты.
– Бұл сынып үшінші болып ашылды. Алғашқы ІТ-сынып №15 мектеп-лицейде ашылып, жұмыс істеуде. Осы сынып арқылы оқушылар өздерінің білімдерін жетілдіре отырып, заман талабына сай, озық технологияны меңгереді, келешекте еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын болады.
Одан бөлек, оқу процесінен тыс уақытта ауыл тұрғындарына цифрлық қызметті алуға қолжетімді болуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Яғни, ауыл тұрғындары өздеріне қажетті электронды қызметті осы жерден алатын болады, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Одан кейін сөз облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер, IT-сыныптың ашылуына демеуші болған Әлімбек Жұмабаевқа берілді.
– Жуалы жері – батырлар мекені. Сондықтан да сапалы білім алып, сондай құрметті азамат болып өсулеріңе мен тілектеспін,- деді ол.
Одан кейін Әлімбек Әсембекұлы сыныптың төлқұжатын Э.Әбішеваға тапсырды, ал мектеп директоры Элмира Әбілқызы құрметті қонаққа естелікке өз сыйлығын табыстады.
Ата-аналар атынан Бауыржан Момышұлы ауылы тұрғыны Болат Пірматов сөйлеп, қадірменді қонаққа, аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Ал, информатика пәнінің мұғалімі Данияр Дәулетбаев Жамбыл облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстағы білім беру мекемелері арасында өтіп жатқан «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы аясындағы шараға тоқталып, мектепке сыйға төрт домбра табыстады. Бір топ оқушы домбырамен күй орындады.
Сыныптың ашылу дәстүрлі салтанатын – лента қию рәсімін өткізу аудан әкімі Нарбай Ергебеков, Әлімбек Жұмабаев пен ауыл азаматы Болат Пірматовқа табысталды. Тәттілерден шашу шашылды. Жиналғандар бір-бірін қуаныштарымен құттықтап, жылы тілек-лебіздерімен бөлісті.
Гүлмира Дембаева.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»