Basty bet

Ораза айт құтты болсын!

Рамазан айы – жалғалмалы ғибадат айы. Өйткені Қадір түнінен кейін мұсылмандар үшін қастерлі болып табылатын Ораза айт мерекесі де келіп қалады.
Рамазан айты мұсылман қауымының ең ұлық екі мерекесінің бірі. Ораза айт күні, яғни үстіміздегі жылы 21-ші сәуір күні еліміздың барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады.
Әдетте намазға таза киініп, қош иісті жұпар сеуіп, жаяу жете алатын жерден жаяу келген абзал. Айт күні көпшілікпен жарқын жүзбен сәлемдесіп, бір-біріне дұғалар жасап мешітке келіп, намаздан соң, егер мүмкін болса басқа көшемен қайтады. Мұндағы мақсат, адамдармен көбірек жүздесіп, көбірек сәлемдесіп, жақсы тілектер айтуды көбейту. Осылай жасасақ, арамыздағы араздық пен өкпе-наздың бәрі кетеді, оның орнына бір-бірімізге деген сүйіспеншілік орнайды.
Айт күні дәстүрге айналған жақсы салттарымызды жалғастыра отырып, ағайын-тумаларды мерекемен құттықтап, отбасына кіріп, айт дастарханынан дәм татып, еліміздің тыныштығы мен бас амандығына және о дүниелік болған марқұмдар ақысына дұғалар жасаймыз.
Жас балаларға сыйлықтар беріп қуанту да, балауса буын санасына Ислам құндылықтарын сіңірудегі тәрбие сабағы болары анық.
Бұл күндер – сырқат кісілерді зиярат етіп, жүрегіне қуаныш, бойына қуат сыйлап, оларды мұсылманға тән мейірім-шапағатына бөлейтін шаттық күндер.
Мереке күні отандастыққа арналған, еліміздің ауызбірлігін паш еткен, дінімізді дәріптеп, адамгершілікке, мейірбандыққа шақыратын тәрбиелік мәні бар жыр-термелерді шырқаудың ешбір қайшылығы жоқ. Шариғат шеңберінен аспай түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырып, балаларды мәз ететін түрлі қызықты ойындар ойнау да діни мерекенің шырайын аша түседі.
Құрметті мұсылман қауым! Әлемді нұрға бөлеген айтулы Ораза айт мерекесі отбасымыздағы шаттықтың, Отанымыздағы тыныштықтың, ынтымақ пен ырыстың көрінісі бола бергей. Жаратушы Алла тағала баршаңызға келесі Рамазан айт күндерін де бірге мерекелеуді нәсіп етсін! Әмин.

Асхат Ақмамбетов,
ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close