Basty bet
Ағын судың тапшылығын болдырмас үшін…
суды жаңа технологиялар арқылы үнемді пайдалануымыз қажет
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері өңірде көптеген мәселелердің шешілуіне оң әсерін тигізіп отырғаны анық.
Өткен аптаның жұмасында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірге қарасты Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Айта кету керек, кездесулерде маңызды мәселелер айтылды.
Өңір басшымен болған кездесу ең бірінші Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында өтті. Кездесуге облыс басшымен қатар, облыстық құқық қорғау органдарының да өкілдері арнайы келді. Оның ішінде, аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрғали Қасенов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті басшысы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Омаров, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Данаев бар.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың жергілікті тұрғындармен кездесуі сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Кездесуді сөз сөйлеп ашқан облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы жиынды еркін форматта өткізуді ұсынды.
Кездесуде ең алғаш болып Қызыларық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауылға жанашыр азамат Серік Сәдіров облыс басшысына сұрақ берді. Ол өз сөзінде, Жуалы ауданының аграрлы аудан екенін және өңірдің күнгейіндегі шаруалардың дені картоп егумен айналысатынын, ол үшін шаруаларға ағын судың ауадай қажет екенін айтты.
-Аудан шаруалары бірнеше жылдан бері ағын судан тапшылық көріп келеді. Оның ең бірінші себебі – «Көксай» каналының 14 шақырым аралығындағы лотоктарының уақтылы жөнделмеуі. Жұмысты өз жауапкершілігіне алған мердігер мекеме міндетін дұрыс атқармай отыр деп есептейміз. Халыққа ең керегі ағын су. Әсіресе жаз мезгіліндегі суғару науқанында шаруаларға су жетпейді. Гидрокөпірлердің көбісі істен шыққан, шлюздардың әбден тозығы жеткен. Одан бөлек, ауданда ағын су беруге жауапты «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің де жұмысына көңіліміз толмайды. Осы мәселелердің оң шешілуіне ықпал етілсе, дұрыс болар еді,- деді С.Сәдіров.
Сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы ауданның ауыл шаруашылығы және су шаруашылығына жауапты басшыларды тұрғызып, мәселенің мән-жайына қанықты. Алайда аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязовтың және «Ақсай» өндірістік бөлімшесі өкілінің ағын суға байланысты берген жауабына тұрғындардың көңілі толмағаны анық. Ауыл қариясының сұрағынан ұққанымыз, қазіргі таңда «Көксай» каналының бірнеше шақырымы жөнделмеген. Әне-міне дегенше суғару науқаны да басталады. Бірақ канал су жіберуге толықтай дайын емес.
Сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы Н.Нұржігітов ауыл тұрғындарының ортақ тілегі болған бұл мәселенің назарға алынатынын айтып, оған жауапты басшыларға тиісті тапсырмалардың берілетінін жеткізді.
– Ағын су немесе ауызсу болсын, кейінгі жылдары одан тапшылық байқалып отыр. Су қоры жылдан-жылға азайып келеді. Тапшылықты болдырмас үшін су қорын үнемді пайдалануымыз қажет. Бұл ретте шаруаларға заманауи жаңа технологияларды тәжірибеге енгізудің маңызы зор.
Мысалы алатын болсақ, Жамбыл өңірінде 780 мың гектар егістік жер бар. Оның 180 мың гектары суғармалы егістікке жатады. Ал оның 107 мың гектарына ғана су барып тұр. Ал 35 мың гектар егістікке мүлдем су бармайды. Себебі, ең біріншіден оған су жетпейді. Одан кейінгі себептері ирригациялық жүйелердің әбден тозуы. Міне, осындай мәселелерге байланысты өңірде ағын судың тапшылығы мен жеткіліксіздігі анық байқалуда.
Болашақта су тапшылығының болатынын осы кезден ескеретін болсақ, мен сіздерді суды үнемді пайдалануға шақырамын,- деді облыс басшысы.
Кездесуде одан бөлек, басқа да тұрғындар Ақтөбе ауылына ауызсу құбырын тарту жұмыстарының қай жылы жүзеге асатынын, сондай-ақ аталған ауылдағы Қайнарбұлақ көшесін орта жөндеуден өткізу жөніндегі өтініштерін жеткізді. Жиында көтерілген мәселелердің барлығы облыс басшылығының тарапынан тиісті назарға алынды.
Облыс әкімі Н.Нұржігітов келесі кезекте өңір тұрғындарымен кездесу кестесіне сәйкес, Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуде Жаңаталап ауылының тұрғыны, шаруа азамат Мейірхан Каримов Қырғыз елінен келетін ағын суды тиімді пайдалану үшін оның жолына гидрокөпірлер салып, шлюздерді жөндеудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ақтөбелік шаруалар да ағын судың тапшылығымен бетпе бет келіп отыр. Қырғыз тарапынан келетін судың көлемі де жыл санап азайып келеді. Бір сөзбен айтқанда, судың басында отырған айыр қалпақты ағайындардың өздерінде де тапшылық байқалуда. Сондықтан ағын судың төңірегінде туындап отырған мәселелерді тездетіп шешпесе болмайды.
Кездесуде аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев ауылдық округте есімі елге белгілі спорт саңлақтарының өсіп келе жатқанын айта келіп, ауылға заманауи спорт кешенін салудың қажеттігін атап өтті.
Кездесуде көтерілген мәселелердің барлығына және сұрақ-ұсыныстарға аймақ басшысы Н.Нұржігітов баса мән беріп, олардың барлығы тиісті бақылауда болатынын жеткізді.
Айта кету керек, аймақ басшысы округ тұрғындарымен болған кездесулерде тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігіне кеңінен тоқталып, жергілікті тұрғындарды ауызбіршілікте болу арқылы тірлік жасауға шақырды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»