Basty bet
“Мемлекеттік туда қазақтың үш мәселесі бар”
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Ал Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Тудың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Еліміздің тарихында Әнұран екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Алғашқы Әнұранның музыкалық авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди, мәтін авторлары елімізге белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева болды. Одан кейін елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев әнге Мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық Туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Сөйтіп, Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер Туралы» Жарлыққа тиісті түзеТу енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік әнұранын бекітті.
Төрткүл дүниенің төрт бұрышында жерұйық мекен Қазақстанның даңқының дүбірі естіліп, бабалар көзіндей Көк Байрағымыз көтеріліп жатса, онда терең ойлы суреткер, жамбылдық жерлесіміз Шәкен Ниязбековтың қолтаңбасы бар. Ардақты ағамыз кешегі кеңестік кезеңде әйгілі «Волга» жеңіл автокөлігін құрастырған бес инженердің бірі болыпты.
Шәкен Оңласынұлы облысымыздың Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылында дүниеге келген. Анасы жағынан ол Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына туысқан болып келеді. Он жасында ата-анасынан айырылып тұл жетім қалған ол Жамбыл қаласындағы мектеп-интернатта тәрбиеленді. Орта мектепті бітіргеннен кейін Ленинградтағы В.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесіне оқуға түседі. Болашақ тудың авторы студент кезінде сондағы Эрмитаж, Исаак соборы және Петродворецті қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Ол өзінің ең басты ұстазы ретінде Әбілхан Қастеевті пір тұтқан екен.
Мемлекеттік Туға жарияланған байқауда Шәкен Ниязбековтың жобасы 1200 жұмыстың ішінен барлық жағынан талапқа сай келіп, өтіп кеткені белгілі. Дегенмен, бұра тарту да болғанға ұқсайды. Соған қарамастан Тудың авторы өз еңбегін жан-жақты қорғап шығады.
Тудың авторы өз жазбаларында: «Тәуелсіз еліміздің Туын жасауға байқаудың жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Шынымды айтсам, ұтамын деген ой болған жоқ. Сонда да конкурсқа қатысып, бақ сынап көруге ұйғардым. Сөйтіп дүние жүзіндегі барлық Тулардың фотоларын жинап алып, зерттедім. Конкурс екі айға созылды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей талқылау созылып кетті. Мен болсам барлық идеяларымды соңына дейін айтпай жүрдім. Себебі, сол конкурсқа қатысқандар өз жақтаушыларының жұмысын өткізуге тырысып жүргендерін байқап қалдым. Бәрі бір-бірімен айтысып болғаннан кейін соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегіз бұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды. «Сегізбұрышты Әзербайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке Ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл Туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» деп жауап бердім», – дейді.
Шығармашылық адамның жолы ауыр болады. Шәкең қалай дегенмен, өз жұмысын сәтті қорғап шыққан. Шәкеңнің бауыры Сейдилла Пірімқұловқа берген естелігін оқып отырып, оның жерлесіне «Туда қазақтың үш мәселесі бар» деп ағынан жарылған жазбасын көз шалды. Сонда Шәкең: «Тудағы бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сыйынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын Туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен Туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым» депті Тудың авторы.
2014 жыл дүниеден өткен Шәкен Ниязбековтың есімі осыдан екі жыл бұрын өзі туып-өскен Бесжылдық ауылына берілсе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзитінің сол елді мекенге бұрылар тұсынан Қазақстан Республикасы Туы саябағы ашылды. Бұл Ту авторына деген жерлестерінің үлкен құрметі болса керек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»