Егерде әркім өз қабілетіне, шама-шарқына қарай, аянбай еңбек етсе – қоғам, сөз жоқ, қазіргіден де гөрі әлдеқайда пәрменді, қуатты, дәулетті бола түспек.
* * *
Адамды адам ететін, сірә, қайырым мен мейірім. Адам баласының өмірін берекелі, мағыналы, бақытты ету жолында күрескен ұлы революционерлердің іс-әрекетінде, ең алдымен, қайырымдылық, жанашырлық сезім жетекші рөл атқарған шығар.
* * *
Ізгіліктің, қайырымдылықтың рухынан айырылған қатал, қатыгез тәртіп сіңген жерде демократия, әділеттік гүлі семе бастайды.
* * *
Тіршілікті тірілтіп тұрған – мейірімділік.
* * *
Ғабит Мүсірепов: «Жаны аласаны үлкейткенмен, өспейді»,- дейтін. Жаны биік болу үшін адамға қос қанат керек: бір қанатың – басыңдағы ақыл-ойың, екінші қанатың – жүрегіңдегі ізгілік пен мейірімділігің. Бұл екеуінің біреуінен мақрұм адам ел басқарса, әсіресе сол қайғы.
* * *
Адамдардың өз тарихын, өз ата-бабасын, халқының тілін, салт-санасын, игі дәстүрін тарс ұмытуы мәңгүрттік. Ал, бұл мәңгүрттік түптің түбінде орасан трагедияға, адамдардың бірін-бірі жаппай қырып-жоюына апарып соқпақ.
* * *
Кадрды біліміне, іскерлігіне, парасатына, адалдығына, шыншылдығына қарап таңдамай, тамыр таныстық, туыстық, жерлестік нышандарына қарай таңдаған жерде береке болмайды.
* * *
Егер әркім Абай арқылы ақылына ақыл қосса; көз нұрына нұр қосылса; сезімін байыта түссе; жан дүниесін, рухани әлемін рақымдандыра берсе – шіркін, онда арамызда арамдық, арызқойлық, қызғаныш, тәкаппар-тақастық, өтірік-өсек, жалақорлық тағы не бар – барлық жағымсыз қылық арамыздан әлдеқашан аласталар еді…
* * *
О, қасиетті сары алтындай сағыныш… Сен болмасаң, адамдар, тіпті туған ана, туған бала бір-бірінің қадірін білер ме еді, білмес пе еді.
* * *
Адамды көзінен тануға болады дейді. Ол рас. Бірақ күлкісінен де тануға болады. Кейбіреулер өтірік күледі. Өтірік күлкі – жаны кіршең, пейілі пәс адамдарға құдай өзі басып қойған қара таңба.