Basty bet

Жуалыдағы жомарт күз

қасиетті өңірде картоп жинау науқаны қарқынды жүргізілуде

Желмаяға мініп, жерұйығын іздеген абыз Асан Қайғының: «Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың. Өңгеріп алып кетер ем, Ат сауырына сыймайсың» деген жан толғанысы, жүрек түкпірі мен ой түбіндегі асыл сөзі қасиетті Жуалы жеріне қаратып айтылғанына таңдануға әсте болмайды. Асан Қайғы өмір сүрген кезеңнен бергі арада қаншама заман өтті. Ал одан беріде танымал ұлт зиялыларының табаны тиіп, өңірдің қадір-қасиетін асыл сөзбен дәріптеген Жуалы ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Бұл – қасиетті өңірдің төл тарихындағы үлкен белес, ел өміріндегі қуанышты оқиға.

Жуалы ауданының ғасырға бергісіз торқалы тойының қарсаңы ауыл шаруашылығындағы жиын-терін науқанына тұспа-тұс келіп отырғанын да жақсылықтың нышанына баладық. Қазіргі таңда ауданда егін орағы толығымен аяқталып, ендігі кезекте ала жаздай алқап басында еңбектенген диқан қауымы картоп және бау-бақша дақылдарын жинап алуға кірісіп кетті. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті диқандар Жуалыдағы жомарт күздің әр күнін ұтымды пайдаланып, қыстың қамын жасау үстінде. Дәстүрлі еңбек салты салтанат құрған өңірдегі жұмыс қарқыны жаман емес.
Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Топырағы құнарлы, жері құтты, ауасы мен суы дуалы қасиетті өңірде басқа салалармен бірге аграрлық саланың дамуына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған ең біріншіден жергілікті шаруалардың жүйелі жұмысы мен жанкешті еңбегі оң әсер етіп отырған болса, екіншіден мемлекеттің де қолдауы сала жұмысын ширатуға оң серпін беруде.
Ауданда атқарылып жатқан дәстүрлі дала жұмыстарына келсек, биыл жуалылық диқандар барлығы 2 723 гектар алқапқа басым дақыл ретінде картоп тұқымын сіңірді. Ендігі кезекте жаз бойы күтіп-бапталған «екінші нан» алқаптарында қазып алу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде.
Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылының тұрғыны Жарасбек Молдақұлов та 25 жылдан бері картоп өсіреді. Оның картоп алқабы аса үлкен болмағанымен, шағын шаруашылықтағы жұмыстың ауқымы да, қарқыны да жаман емес. Шаруа азамат жылдағы дәстүрмен биыл да жалпы көлемі 4,5 гектарға картоптың «Кроне» аталатын тұқымын егіп, баптады. Жақында жиын-терін жұмыстарына кіріскен шаруашылық өкілдері картоп алқабынан түскен өнімнің орташа деңгейде қалыптасып отырғанын айтады.
-Картоп алқабының дені ауылдың төңірегінде орналасқан. Жақында Қосбөлтек ауылындағы алма бақтың маңына егілген бір гектар алқаптың өнімін қазып алдық. Енді үш жарым гектарға егілген алқапты жинауды бастадық. Биыл жылдағыдай емес. Жаз бойы ауа райының құрғақ болуына байланысты алқапқа ағын суды әкелу ісі де оңайға түскен жоқ. Дегенмен, «Ақсай» өндірістік бөлімшесі мекемесімен келісім-шарт жасасу арқылы алқапқа төрт рет су салдық. Негізінен картоп дақылынан мол өнім алу үшін алқапты кемінде бес-алты рет суғару қажет. Жылдан жылға ағын судың азайып бара жатқанының да себебін түсініп отырмыз.
Ауыл шаруашылығы саласында күрделі мәселелер бар. Дегенмен, қолдағы барға, табиғаттың берген сыйына шүкіршілік етуіміз қажет. Өнімділік те солай. Бір жылы түсім жақсы болса, ал кейбір жылы өнім аз болады. Ал биылғы өнім жаман емес. Гектарына 200 центнерден айналады деген болжам бар. Бұйырғанын шашпай, төкпей жинап алып жатырмыз. Терімшілердің дені аудан орталығынан. Оларға күндігіне еңбекақы төленеді. Одан бөлек, бір шелек картоп беріледі. Бел шешпей еңбек етіп, картоп жинау науқанында шаруашылықтың ісіне көмек көрсетіп жатқан терімшілердің бригадасына алғысымды білдіремін,- дейді Қосбөлтектегі «Анар» шаруа қожалығының басшысы Жарасбек Молдақұлов.
Алқаптың басындағы терімнің барысын өзіміз барып көрдік. Мұнда бір бригадада 30-ға жуық жалдамалы жұмысшы еңбек етуде. Жұмыстың барысын қадағалау міндеті топтың басшысы Әлима апайға жүктелген. Осы тұста өзін Бағдагүл Әбілезова деп таныстырған жұмысшы-терімші келіншек әңгімеге араласып, жұмыстың барысы жайлы айтып берді.
-Жалпы ауданда картоп теру жұмыстарын осы айдың басында бастағанбыз. Қазір картоп еккен шаруашылықтардан сұраныс көптеп түсіп жатыр. Қазіргі теріп жатқан картоп алқабының көлемі – 3,5 гектар. Жұмысты таңертең бастадық, сәтін салса кешке аяқталады. Жұмыс аса қиын емес. Тек ерінбесең болды. Осыған лайықты еңбекақымызды да аламыз,- дейді ол.
Шағын шаруашылықтың жұмысы туралы қосымша айта кететін болсақ, «Анар» шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған. Шаруашылықтағы егістік жердің көлемі 10 гектардан сәл ғана асады. Оған негізінен мал азығына жоңышқа және картоп егіледі. Қожалықта негізінен жылқы және азын-аулақ сауынды сиыр бағылуда. Адал еңбекті алға ұстаған Молдақұловтар отбасы негізінен бие байлап, қымыз өндірумен айналысады. Жақсы бапталған ұлттық сусынға сұраныстың да жоғары екенін айтады отағасы.
Шаруашылықтың басшысы Жарасбек Ысқақұлы бұрынырақта осындағы «Большевик» колхозында 10 жылға жуық уақыт көлік жүргізуші болып жұмыс істеген екен. Отбасында Қаракөз Молдақұлова екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Ерік «Алматытелеком» АҚ-да техника инженері болса, кенжесі Жалғас облыс орталығында ішкі істер органында еңбек етуде. Қыздары да өмірден өз орындарын тапқан. Тек кенже қызы Кәусар ғана мектеп қабырғасында білім алу үстінде.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close