El іshі
Аналарға құрмет көрсетілді
Мереке қарсаңында №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепте Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының бастамасымен жастар ісі нұсқаушысы және мәдениет үйінің маманының ұйымдастыруымен «Аналар -асыл жандар, шуақ боп шашылғандар» атты «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. «Дөңгелек үстел» отырысына бір топ аналар мен округтің дамуына үлестерін қосып жүрген белсенді әйелдер қауымы шақырылды.
Алғашқы сөзді округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов алып, аналарды мерекелерімен құттықтады.
– Ардақты аналар, қыр гүліндей әсем, асыл да ардақты қыз-келіншектер! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау көктемнің жайма-шуақ күнінде көңілдерді жадыратып, нәзік жанды аруларымыздың жүректеріне жан жылуын сыйлайтын мерекенің мәртебесі қашанда биік. Халықаралық әйелдер күні – ақ жаулықты аналарымыз бен құрбы-қарындастарымыздың отбасындағы, бала тәрбиесіндегі, жалпы, өмірдегі алатын орнын ашып көрсетуге ерекше мүмкіндік береді. Мерейлі Шақпақ өңірінде де талай алтын құрсақты аналар мен еңбеккер қыз-келіншектердің бар екенін мақтанышпен айтамыз. Бүгінде баршаңыздың бастарыңызды қосып отыруымыздың басты мақсаты да сол алда келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтап алғыс айту, еңбекті елеп, марапаттау,- деді Мұстафа Ғаниұлы.
Әрі қарай шара марапатқа ұласып, алтын құрсақты аналарымыз төрге шақырылды. Қымбат Қамысбекова, Гүлнұр Бурабаеваға және Әсел Жугинисова, Гүлнара Дүйсенбаева «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталды. Аймағымыздың дамуына әртүрлі салада жетістікке жетіп жүрген бір топ қыз-келіншектер қауымы округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мереке қарсаңында аналарды қабылдаған округ әкімдігінің қызметкерлеріне және ұйымдастырушыларға қыз-келіншектердің атынан аналық алғысын білдірген Қымбат апа еліміздің тыныштығын, Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын іске асыруда еңбектеріңіз еселей берсін-деп ақ батасын берді.
«Дөңгелек үстел» отырысын жүргізіп отырған округ әкімі М.Бектұрғанов сөз соңында «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» – деген ұлағатты сөз бекер айтылмаса керек. Қаншама ұлы адамдар «Ана» деген аяулы есімге бас иіп, тағзым етті. Қаншама ән, қаншама өлең, қаншама сезім қылын тербетер нәзік сөздер анаға арналумен келеді. Бұл орынды да, өйткені ананың ақ сүтінің парызын орындау біздерге үлкен парыз, үлкен міндет жүктейтіні баршамызға аян Сондықтан да ардақты да аяулы аналарға деген құрмет шексіз бола бермек. Сіздерге әрдайым құрметпен бас иіп, құрмет тұтамыз» – деп мерекелік шараны қорытындылады.
Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісінің нұсқаушысы