Basty bet

Бірігу берекеге бастайды

Кооперативтер ауылдың басты қозғаушы күшіне айналады

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің ағымдағы жылдың наурыз айындағы №70 өкімімен бекітілген аудан, ауылдық округтер әкімдерінің жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков Теріс аймағындағы шаруа қожалықтарының басшыларымен жүздесті. Көкбастау ауылдық округінің Бақалы ауылдық клубында өткен кездесуге Көкбастау және көршілес Нұрлыкент ауылдық округінен шаруа баққан ағайындар, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев, аудан әкімдігінің ауыл тіршілігіне қатысты тиісті сала басшылары, ауыл жұртшылығы шақырылды.
Басқосуды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашып, Теріс аймағындағы ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы атқарылған шараларды баяндау үшін сөзді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаевқа берді.
Баяндамаға қарағанда, қос ауылдық округте масақты дәнді дақылдардан алынған өнім гектарына 24 центнерден айналған, мал басы жыл санап артып келеді. Баяндамада қос ауылдық округте орын алған кемшіліктер салыстырмалы түрде келтірілді. Мәселен, аудандық салалық индикаторға сәйкес Көкбастау шаруалары ауыл шаруашылығы техникасын 5,7 пайызға жаңартса, нұрлыкенттіктер бірде-бір техника сатып алмаған. Қозы еті экспорты мен бордақылау алаңына бұқашық өткізу жоспары екі ауылдық округте де орындалмаған. «МинАгро» порталына Көкбастаудағы егістік жерлердің 45 пайызы, жайылымдық жерлердің 29 пайызы ғана енгізілсе, көпжылдық екпелердің бірде-бір гектары енгізілмеген. Ал Нұрлыкентте жағдай басқаша. Мұнда егістік жерлердің 88 пайызы, жайылымдық жерлердің енгізілуі артығымен 122 (!) пайызға орындалған.
(Соңы. Басы 1-бетте)
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша Көкбастау ауылдық округінде мүйізді ірі қара сатып алу жоспардағы 33 бастың орнына 300 басқа, ал Нұрлыкентте жоспардағы 24 бастың орнына 64 басқа артығымен орындалған. Ал мүйізді ұсақ малдарға бекітілген жоспар орындалмаған.
Баяндамашы Жамбыл облысы әкімі А. Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес әр ауылдық округтерде бір АШӨК құру жоспарланғанын еске сала келе, Көкбастау ауылдық округінде 39 мүшесі бар бір кооперативтің, ал Нұрлыкент ауылдық округінде 58 мүшесі бар бір кооперативтің құрылғанын жеткізді.
Жиында аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Қалдыбай Сұлтанов аудандағы, соның ішінде Шақпақ ауылдық округіндегі эпизоотиялық жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуына қарағанда, аталған ауылдық округтің Бірлік елді мекенінде бір шаруа қожалығының ірі қара малынан сібір жарасына күдікті жағдай туындаған. Алайда малдардан алынған сынамалардан бұл күдік расталмаған. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев та айтып өтті. Ол Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңірде қолға алынып отырған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша аудандағы Ақтөбе ауылдық округінің пилоттық өңір ретінде таңдап алынғанын, бүгінде онда жобаны іске асырудың дайындық шаралары қызу қолға алынып отырғанын айтты.
– Бұл қанатқақты жоба әзірге тек Жамбыл облысында ғана іске асырылып жатыр. Оның мақсаты ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген тұрғындарды жұмысқа тартып, олардың әл-ауқатын көтеру болып табылады, – деп атап көрсетті аудан әкімі Нарбай Ергебеков. – Облысқа қажетті 7,2 миллиард теңге қазір облыс бюджетінде тұр. Жобаны іске асыру үшін Ақтөбе ауылдық округіне 784,0 миллион теңге бөлінеді. Соның ішінде 392 миллион теңге ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне техника алуға жұмсалады. Ал тұрғындар 2,5 пайыз жеңілдетілген несие алып, іске кіріседі. Кооператив тұрғындардың үй іргесіндегі жерлерін өңдеп, тұқымын сеуіп береді. Кейін жинаған өнімдерін де сатып алып, өткізеді. Міне, сондықтан кооперативтердің әр ауылдың қозғаушы күшіне айналатын күн жақын. Басты шарт тұрғындар кооперативке бірігуі қажет.
Нарбай Әбілқасымұлы жиынға қатысқан шаруаларға егістік жерлерді, жайылымдар мен шабындықтарды заңдастыру, оларды «МинАгро» порталына енгізуді жылдамдатуды, малдарды бірдейдендіру қажеттігін еске салды.
Жиын барысында қос ауылдық округтің шаруалары сөз алып, ауыл тіршілігінде шешімін күткен проблемаларды қозғады. Оларға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария бөлімдерінің басшылары мен мамандары жауап берді.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close