Basty bet
Адал еңбек қана азаматты абыройға бөлейді
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарында механизатор, комбайншы сияқты кәсіби мамандар жетіспейді. Жұмыс берушілер өзге де мамандарға зәру. Қазіргі жастар жағы еңбек етуге құлықсыз. Кешегі дәстүр сабақтастығы үзілді. Осы бір түйінді мәселені Мемлекет басшысы өте дұрыс аңғарып, қоғамды олқылықтың орнын толтыруға шақырып отыр. Түптеп келгенде, бұл – елдің өте ауқымды, маңызды шаруасы. Жалпақ жұртты іргелі істерге бағыттап, кең ауқымды іс тындыру үшін қоғамға пайдалы кез келген мамандық иесі құрметтелуі керек.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деп атап өткені белгілі.
Кәсіби маманның қадірін білу керектігінін және еңбекқор адам ғана мемлекетті дамытатынын да баса айтты.
Иә, ел Президенті айтқандай, қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Қазіргі уақытта арамызда өз мамандығына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамдары көп. Солардың бірі – Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылының тумасы Кемелбек Әлімбаев.
Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте орыс сыныбын бітіргеннен кейін Кемелбек ағаның өмір жолы механик болып өріліп, оның ауыл шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп жүргеніне биыл 40 жылдан асып барады. Алғашқы еңбек жолын 1982 осындағы «Большевик» колхозында тракторшы болып бастаған ол жұмыстың ауырлығына қарамастан, осы кәсіптің өз ісінің білгірі атанып үлгерді.
-Мен Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің орыс сыныбын аяқтадым. Ол уақытта Теріс ауылында орта мектеп болмауына байланысты сонда оқыдым. Сол уақыттары аудандағы кәсіптік-техникалық училищесі Шақпақ ауылдық округіне қарасты бұрынғы Бірлік ауылында орналасқан болатын. Мен аталған училищеге оқуға түсіп, тракторшы мамандығын алып шықтым. Содан «Большевик» колхозында тракторшы болып жұмыс істедім. Трактордың рөлінде отырып, бұзылса өзіміз жөндеп, әрі қарай жүргізе беретінбіз. Солай механик мамандығының қыр-сырын толық игердім.
Жұмыстың оңайы жоқ. Біз күннің суығы мен ыстығына қарамаймыз. Жүріп тұрған техникамыз істен шықса, атқарылып жатқан жұмыста тоқтап қалады. Сол үшін күнде таңертең біз егінге, жерге салынатын техниканы тексеріп алатынбыз. Ал, 1998 жылы «Большевик» колхозы тараған соң, бізді Нұрлыкент ауылындағы Егор Кох басқаратын «Гамбург» ЖШС-ына қосты. Ол кезде бұл серіктестіктің құрылғанына да екі-үш жылдың көлемі болып қалған еді. Механик болып жұмыс істегеніме биыл 42 жылдай болып қалыпты. Жұмысқа кеше ғана кірген сияқты едім, уақыт неткен жүйрік десеңші,- дейді Кемелбек Әлімбаев.
Жалпы механик маман барлық механизмдер мен құрылғыларға қарайды. Ол уақытында тракторды техникалық байқаудан өткізіп, қажет болған жағдайда, істен шыққан қосалқы бөлшектерді ауыстыруы керек. Өз жұмысына беріліп, адал жұмыс істейтін механик маман Кемелбек Әлімбаев өз ортасында сыйлы азамат. Бірге қызмет ететін әріптестерінен сұрай қалсаңыз, ол кісі жайлы жаман сөз естімейсіз. Барлығы біздің «Кемел ағай» деп отырады. Бұл оның өз жұмысына деген адалдығынан болар.
Қазіргі таңда бұл мамандық үлкен сұранысқа ие. Жалпы, механик деген не? Бұл үлкен компанияға да, кішігірім автокөлік жөндеу шеберханасына да, ауыл шаруашылығына да сәйкес келетін жан-жақты жұмысшы.
Ал, қазіргі жастардың жартысынан көбі ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқуға түсе бермейді. Өйткені олар ауылда қалып жұмыс істегілері келмейді. Осы мамандықпен жұмыс істеп жатқан азаматтардың көбі қазіргі таңда егде жастағы кісілер. Олар да біраз жылдың көлемінде зейнет демалысына шығады. Сонда олардың орнын кім басады деген ой келеді. Сол үшін қазіргі жастарды ауыл шаруашылығы мамандықтарына көптеп тарту керек. Өйткені еңбектің, жұмыстың және табыстың негізгі көзі ауылдық жерлерде.
-Жұмыс істеп жатқан ортам өзіме ұнайды. Бұл агроқұрылымдағы жұмысшылардың барлығы өз міндеттерін жақсы білетін еңбекқор азаматтар. Мысалы, жұмысшылардың көбі жастар. Өйткені «Гамбург» серіктестігі алғаш құрылғанда жұмысқа кірген азаматтардың көбі қазір зейнет жасына жетіп, демалысқа кеткен. Ал, жұмыс жасаймын деп келген жас мамандарға өз білгенімді үйретуден жалықпаймын. Өйткені өз білгенімді басқаларға үйретіп, жақсы механик маманы етіп шығарсам, бұл да менің қанша жыл істеген жұмысымның, еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Өзім биыл зейнет жасына толамын. Бұйырса, бейнетіміздің зейнетін көрсек деп отырмыз. Зейнетке шықпас бұрын жас мамандарға бар білгенімді үйретіп кеткім келеді. Мен кеткеннен кейін орнымда жақсы, өз жұмысына адал, ынта-шынтасымен жұмыс істейтін жас мамандар қалса деп армандаймын,- дейді аға механик.
Кемелбек Әлімбаев құдай қосқан жары Мейіркүл апай екеуі отбасында екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген. Қыздары тұрмыста, ұлы Руслан мен келіні Ақтоты қолдарында тұрады. Олардан төрт немере сүйіп отырған ұлағатты ата-әже.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»