Basty bet

Қоғам санасынан экстремизм белгісін аластау үшін

«Еркін өскен елде ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады».
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

 

Бүгінде діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм адамзат қоғамына шынайы қауіп төндіріп тұр. Оларды XXI ғасырдың анағұрлым өткір мәселелеріне жатқызуға болады. Сондықтан конфессияаралық келісім мен диалогты жетілдірудің, қоғамды, әсіресе жастарды сананы улаған діни экстремизм мен терроризмнен арашалап алудың жаңа тәсілдерін іздеу қажет. Осы ретте аудан әкімдігі ішкі саясат және білім бөлімдерінің № 15 мектеп-лицейінде ұйымдастырған аудан мектептерінің «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдеріне арналған «Діни экстремизм мен терроризм – ғасыр індеті» тақырыбындағы тәжірибелік конференцияның берері мол шара болды. Онда оқушылар санасынан діни экстремизмді аластауда мектептің және ұстаздардың рөлі ерекше атап көрсетілді.

Заман талабына сай оқушыларға діни сауаттылықты қалыптастыру мақсатын көздеген шараны аудан әкімдігінің білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинетінің сарапшысы Ұзақбай Құрманбаев кіріспе сөзбен ашып, еліміздің зайырлылық сипатын ескере отырып, дінтану пәнінің мақсаты мен міндеттеріне, діндердің шығу тарихы мен қоғамдағы рөлі мен маңызына кеңінен тоқталды.
Әрі қарай конференцияның теориялық бөлімінде қатысушылар №29 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Жапарқұлованың «Терроризмге қарсы іс-қимыл», аталған орта мектептің педагог-психологы Қаракөз Сыздықбаеваның «Діни экстремизмнің алдын алу жолдары» және №30 Көктөбе орта мектебінің пән мұғалімі Ботагөз Ақжолованың «Діни алауыздық және оның алдын алу жолдары» тақырыптарындағы баяндамаларын тыңдап, күнделікті іс-тәжірибеде қолдануға болатын көптеген мағлұматтар алды. Олар мектеп оқушыларының бойына діни алауыздықтың қалай пайда болғанын түсіндіру, «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Мектептегі діни сауаттылықты қалыптастыру» факультативтік курстарын оқытуда мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, жастар арасында, оқушыларға діни экстремизм мен терроризм індетіне бой алдырмас үшін іс-шараларды дұрыс ұйымдастыру және т.т. өзекті мәселелерді қозғады.
Шараның практикалық бөлімінде сөйлеген ТарМПУ әлеуметтік-мәдени даму орталығының жетекші маманы Бақтияр Алпысбаев ойын «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқыту жүйесінің сапасы төңірегінде қозғады. Ол діннің адам мен мінсіз Жаратушының табиғи байланысы, адамзат тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі, қоғамның рухани өмірінің маңызды саласы ретінде адамзат өмірінің мәніне айналған сана түрі екенін еске сала келе, елімізде бейбітшілік пен конфессияаралық келісім саласында қол жеткізілген табыстарға қарамастан, әлі шешілмеген, жедел шешуді қажет ететін мәселелердің бар екенін атап көрсетті. Бұл ретте экстремистік мақсатты көздеп, жастардың санасын улаған жат діни ағымдармен күрес алдыңғы қатарға шығады. Олармен қолға қару алып соғысу мүмкін емес, тек діни сауаттылықты, қарсы тұрарлық діни иммунитетті күшейте отырып қана, соққы беруге болады. Сондықтан мектептердегі «Зайырлылық және дінтану пәні» мұғалімдеріне де жауапкершілік артылып отыр.
– Жалпы, экстремизм дегеніміз шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару дегенді білдіреді. Ол әр кезде әрқалай көрініс беретін өте күрделі әрі әлеуметтік қауіпті құбылыс. Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы дер кезінде ақпарат беру. Бұл жерде әрине БАҚ-тар мен Интернет сайттарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жасөспірім балалар үшін ақпарат құралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «Дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын айтып отыруымыз қажет, – дей келе, Бақтияр Қаржаубайұлы пәнді оқыту туралы әдістемелік нұсқаулық әзірлеген кезде іс-шаралар жоспарына әлеуметтік желілермен жұмысты да қосуды ұсынды.
Облыс әкімдігі «Дін проблемалар зерттеу орталығы» КММ-нің Жуалы ауданындағы инспекторы Рамазан Әбделиев аудандағы діни ахуалдың тұрақты екенін атап көрсете отырып, облыс аумағында 911, ал ауданда 28 азаматтың жат ағымдардың ықпалында жүргенін, олармен оңалту шаралары жүргізілетінін еске салды. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, экстремистік мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ, заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құрылымдарды құруға тыйым салынса, «Экстремизмге қарсы күрес туралы» Заңмен ел аумағында экстремистік бағыттағы ұйымдардың, бөлімдердің ашылуына және олардың қызметіне, күмәнді діни мазмұндағы әдебиеттерге тыйым салынған.
– Бүгінгі таңда терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар ірі жобаларды іске асырып, жан-жақты ауқымды істер атқаруда. Жер-жерлерде медреселер ашып, жасөспірімдердің діни және дүнияуи білім алуын арттыруда. Сонымен бірге діни террорризм қаупін азайту үшін орта білім беретін мекемелерде дұрыс дінді уағыздайтын кітаптарды оқыту, ал жастардың жат ағымдарға қарсы иммунитеті діни білім болуы, олар діни біліммен қарулануы қажет.
Дінді дұрыс білмейтін жастар діни ағымдардың жетегіне еріп кетуі әбден мүмкін. Оның мысалын Сирия асып кеткен азаматтарымыздың әрекетінен көріп отырмыз. Сондықтан бұл жерде теолог, психолог мамандарымыз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ағарту шараларын күшейтуі керек, – дей келе, Рамазан Маратұлы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген санасы жалған діни сеніммен уланып, Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан жандардың азапты тағдыры туралы түсірген бейнероликті тамашалауды ұсынды.
Фильмде орыс тілі пәнінің мұғалімі Марат есімді жігіт ағасының жалған діни уағызға елітіп, әйелімен және алты бірдей баласымен бірге Сирия асып кеткені, соның кесірінен әкесінің жүрегіне ауыр қайғы түсіп, қайтыс болғаны, анасының шерменде болып, көз жасы төгілгені туралы баяндалады. Мараттың отбасы «Жусан» операциясы нәтижесінде елге оралып, ондағы көрген қиыншылықтары, азаптары туралы әңгімелейді.
Шара әрі қарай жалғасып, қатысушылар осы бейнероликтен алған әсерлерімен бөлісті. Пән мұғалімдері тарапынан семинарды ұйымдастырушыларға көптеген сауалдар қойылды, оларға білікті жауаптар алынды.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close