Basty bet

Аула таза болмайынша, аудан таза болмайды

«Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, жалпы тазалық төңірегінде бұл мәселе айта-айта жауыр болғаны шындық. Яғни, ауданда көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы басталғанымен, тазалық мәселесі әлі де ақсап тұрғаны жасырын емес. Оған ең бірінші себеп – өз салғырттығымыз.
Газетіміздің бүгінгі санына мақала әзірлеу мақсатында аудан аумағының тазалығын бір зерделеп көрген болатынбыз. Тазалыққа қатысты жағдай мәз емес. Біршама жер таза. Десе де, кей көшелерде қап-қап болып жатқан қоқыс та жоқ емес. Мәселен, орталықтағы Жамбыл көшесінің бойындағы дәл аудан әкімдігінің ғимаратына қарама-қарсы арықтың іші толған қоқыс екенін көріп-ақ, ойға өзге шет жақта орналасқан көшелердің жағдайы қандай екен деген сауал келді. Ал, Е.Сауранбекұлы көшесіндегі СЭС мекемесі зертханасының ауласындағы кесілген ағаштардың шашылып жатқанына да біраз уақыт болды.
Аудан көшелерін аралап жүріп, өз үйінің ауласын айнадай тазалап қойған тұрғындарды көріп көңілің сүйсінеді. Әрине, мұны көпшіліктің барлығы бірдей атқара береді деп айта алмаймыз. Өйткені, өз үйінің ауласын тазалауға ерініп, жауапкершілік танытпайтындар да кездеседі. Оны күнделікті өмірде көріп те, естіп те жүрміз.
Мәселен, ауданда аптаның белгіленген күнінде әр көшеден тұрмыстық қалдықтарды жүк көлігімен тасымалдау жұмысы ұйымдастырылған. Ол үшін төленетін төлемақының мөлшері де тым көп емес. Яғни, әр үй оған айына 500 теңге төлеуі тиіс. Алайда, тұрмыстық қатты қалдықтар үшін төленетін азын-аулақ төлемақыны төлеуге қиналатын тұрғындар да бар. Олар үшін қоқысты сай-салаға тастай салу әлдеқайда тиімді көрінеді. Осылайша кейбір тұрғындар бей-берекет тасталған қоқыстың қоршаған ортаға, онымен қоса, адамның денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп отырғанын біле тұра, қоқысты сай-салаға тастауды әдетке айналдырғандай.
Тағы бір айта кетерлігі, біз қазіргі қоғамдағы адамдардың іс-әрекеттерінен немқұрайдылық, көзбояушылық қатты байқалады. Себебі сенбілікке шыққан кейбір адамдар, тек есеп беру үшін уақыттарын құр өткізіп жүргендей. Мәселен, әлеуметтік желілерде тараған бейнероликте сенбілікке шыққандар есеп үшін деп бір қолына қапшық пен судан босаған құтыларды лақтырып, өтірік жинап жүргендей кейіп танытады. Онымен қоймай, қолындағы құтыны әр жерге лақтырып, суретке түсіріп жүр. Оны байқаған адамдар видеоға түсіріп, «мынау енді не?» деп әлеуметтік желіге жүктеген. Яғни, сенбілікке шықты деген аты ғана. Міне, осыдан барып, жоғарыға есеп беру үшін осылайша өтірік түсірілген фотосуреттер жиналып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр деген жалған мәлімет жиналады.
Иә, осындай салғырттықтың салдарынан тазалық мәселесі ақсап, ауылдың сәні бұзылатыны тағы бар. Тақырыпқа қарай ойысар болсақ, ауданның көшелерін аралап жүріп, тұрғын үйдің аулаларына жиналған қоқыс әр жерде үйіліп тұрғанын байқадық. Ал, аудандағы Бәйтерек және З.Елшібаев көшелерінің арасындағы, орталық ауруханаға барар жолдағы, яғни, Қазыбек би көшесінің бойындағы, аудандық «Жуалы Газ» мекемесінің жанындағы және №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепке қарама-қарсы тұстағы, Наурыз көшесі мен Ы.Алтынсарин көшелерінің аралығындағы сай-саладағы қоқыстардың көптігі сонша, олар бірден көзге түседі. Әрине, ондағы қоқыстарды, мал өлекселерін және малдың малақтарын алыстан келіп ешкім тастамайды. Оны тастайтын да айналаны ластайтын да сол маңның тұрғындары.
Сондай-ақ, орталық аурухананың жанындағы «Оптика» және «Ice cream» жеке кәсіпкерлігінің айналасында қоқыстар үйілген күйінде жатыр. Ұлан көшесі мен С.Бейбарыс көшелерінің бойындағы арықтың бір шеті мен арықтың іші қоқысқа толы. Бізді байқаған, С.Бейбарыс көшесінің тұрғындары бұл арықта қоқыстар үнемі осылай толып жататындығын, қоқыстар арықтағы сумен ағып келетіндігін, оны үнемі өздері тазаласа да жағдай осылай қайталанатынын айтып, наразылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйлердің айналасы да жиналмаған. Қоқыс тастайтын контейнердегі қоқыстар шығарылғанымен, көпқабатты үйдің жан-жағы бейберекет шашылып жатыр. Одан бөлек, Жібек жолы көшесінің бойындағы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына қарама-қарсы беттегі тұста кесілген ағаштардың қураған бұтақтары жерде шашылып жатыр.
Ал, Наурыз көшесінің бойындағы қисайған дүңгіршектің тұрғанына да біраз уақыт болған. Ы.Алтынсарин көшесінің бойындағы лотоктар тар, іші де әлі тазаланбай сол күйінде тұр. Сондай-ақ, аталған көшенің бойындағы арықтың асфальт үстіндегі темірі де әбден сынып біткен. Осы көшенің бойымен орталық базарға барар жолдағы қираған ғимараттың алдындағы қоқыстың көптігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Жалпы, Б.Момышұлы ауылының көшелері мен сай-салаларын аралап, зерделеу жүргізген кезде, ауылда тазалықтың жоқтығына куә болдық. Әрине, бұл жұмыстарды тек қана аудандағы мекеме қызметкерлері болмаса ауыл әкімшілігіндегі мамандар үнемі атқаруы тиіс деген сөз емес. Әрине, бұл мекемелердің де өз алдына жауапкершілігі әрі оларға тиесілі ұйымдастыру жұмыстары берілген. Десе де, бұл жұмыстарға жұрт болып жұмылып, барша тұрғындар бірдей атсалысуы керек. Әр тұрғын өз үйінің ауласын таза ұстауы тиіс. Кез келген отбасында балаларға қоршаған ортаға деген жанашырлық пен экологиялық тәрбие берілуі тиіс. Отбасыда ата-анасынан мұндай тәрбие алған бала да қолындағы қоқысын кез келген жерге тастап, оны айналаға лақтырмас еді.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді атам қазақ. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпақтың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close