Basty bet
Қызметкерлерді оқыту семинары
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары жыл сайын бірнеше мәрте жүргізіліп отырады. Осы мақсатта өтетін «Жастармен тиімді жұмыс жасаудың тетіктері» атты семинар-тренингтің жастарға берері мол деп айтуға толық негіз бар.
Жақында Б.Момышұлы ауылындағы аудандық балалар кітапханасында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында мекеме қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында өткен «Жастармен тиімді жұмыс жасаудың тетіктері» атты семинар-тренинг өтті. Аталған шараға «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің 14 ауылдық округте жұмыс жасайтын жастар ісі нұсқаушылары шақырылды.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жауапты мамандары Нұрқанат Ұлтарақов «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша Наурыз Тілесбаев ақылы қоғамдық жұмыстар туралы және атаулы әлеуметтік көмек алуға ниетті жастар, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақыларына қосымша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілетінін түсіндірді. Ал орталық маманы Ерік Сұрамысов жастарға арналған несиелер, жеңілдіктер мен қайтарымсыз гранттар бойынша, кәсіпкер жастар туралы ақпаратты түсіндіріп өтті. Аудандық аурухананың психолог маманы Азамат Асқар жастар арасында өз-өзіне қол салуға (суицид) барған жастармен жұмыстардың алдын алу шараларын және зорлық-зомбылық туралы айтып өтті. Ол сонымен бірге мекеме қызметкерлерімен екі минуттық сергіту жаттығу өткізді.
Айта кету керек, семинар-тренинг барысында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов бірқатар проблемалық мәселелерді көтерсе, Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы, салада тәжірибесі мол азамат Ақжан Ахметов атқарылған жұмыстарды көрсету үшін әлеуметтік желіні, бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді, ұтымды, сауатты пайдаланудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Семинар-тренинг аясында жастар көкейіндегі сауалдарына тұщымды жауаптарын алып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы өзара ой-пікір алмасты. Шара соңында қатысушыларға оқыту семинарынан өткендігін растайтын сертификат табысталды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»