Basty bet

«ЕЛДІК ЕЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ» қоғамдық форумының ҮНДЕУІ

Құрметті жамбылдықтар!
Біз, «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумына қатысушылар, қоғамдық келісім мен тұрақтылық, бірлік пен береке, ұлттық құндылықтар сияқты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін басшылыққа ала отырып, облыс тұрғындарына Үндеу жолдаймыз.
Тарихтың тағылымы – ұлт болып ұйысып, ел болып еңсені тіктеудің басты кепілі – бірлік пен елдік екені белгілі.
Ендеше, қоғамның, ұлттың дамуында кедергі келтіріп, кейбір кертартпа дағдылар мен әдеттер бүгінде белең алып бара жатқан уақытта елдігімізді, бірлігімізді көрсететін кезең келді.
Тамыр-таныстыққа, жүзшілдік пен рушылдыққа, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке, мейрімсіздік пен қатыгездікке, жалғанға еліктеу мен дүниеқұмарлыққа, масылдық пен мансаптыққа, қанағатсыздық пен үнемсіздікке, арсыздық пен намыссыздыққа, келе берді жалпы мәдениетсіздікке көзіміз де, етіміз де үйреніп бара жатқан сияқты. Сондықтан, өркениет емес өсекке, зиялылық емес зияндыққа, парасаттылық емес пасықтыққа, ізгілік емес ібілістікке итермелейтін мұндай «ғұрыптарға» ел болып тосқауыл қойылатын уақыт келді.
Шілдеханадан бастау алатын аста-төк тойлар, астар, мәні мен сәні мүлде өзгерген дастарқандық басқосулар, елді ізеттілікке, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа, имандылыққа емес, өзге жолға бастауда.
Құрметті жерлестер!
Бұл үрдіске де тосқауыл болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс. Бұл игілікті іске Жамбыл жұртшылығы жұмыла кірісуі қажет.
Осы орайда, Үндеуден туындап отырған талаптардың Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен, Президенттің ұстанымдарымен үйлесіп отырғанын атап өтіп, орындалуына тарихы терең, өркениетті, қасиетті Әулиеата жерінің әрбір азаматын үлес қосуға шақырамыз!

ТАРАЗ
2019 жыл 21 қыркүйек

Таңдаулы материалдар

Close