Basty bet

Лаборант болу – зор жауапкершілік

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күніне орай аудандық орталық ауруханаға арнайы барып, мекемедегі зертханашылардың жұмысымен танысып мерекеге орай сұхбаттасқан едік.

Аудандық орталық ауруханадағы зертхананың лаборанты Санжар Жуат 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Жауапкершілігі жоғары маман құжаттардың барлығына ұқыпты қарайды, жұмысты жақсы ұйымдастыра біледі. Оның мінезі де өте жұмсақ, келеңсіз жағдайларды байыппен реттей біледі. Барлығымен оңай тіл табыса алады. Жұмысқа бірінші келетін де,  жұмыстан соңғы кететін де Санжар. Ол бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмауға тырысады.

Зертхананың лаборанты Санжар Жуаттың жұмыс уақыты сағат таңертеңгі 08:00-де басталып, сағат 16:30-де аяқталады. Жұмысқа келісімен зертханадағы аппараттардың жұмысқа дайындығын тексереді.

«Біз көптеген анализдерді түрлі аппараттарда жасайтындықтан олардың істен шықпауын қадағалаймыз. Аппараттардың тазалығын бақылаймыз. Күні бойы осы құралдардың көмегімен қанның құрамындағы лейкоциттің, эритроциттің, тромбоциттің, соэнің мөлшерін, гемостазды және гемоглабинді анықтаймыз»,- дейді зертханашы.

Кейіпкеріміз Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы университетті Биотехнология мамандығы бойынша 2017 жылы тамамдап, алғашқы еңбек жолын аудандағы «Бурное сырзауытында» лаборант болып бастайды. Санжар 2017 жылдың қараша айынан бастап «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен аудандық орталық аурухананың зертханасында жұмыс жасайды. Алты айлық мерзімі өткен соң осында қалып біліктілігін арттыру үшін арнайы курс оқып, 2018 жылдың тамыз айынан бастап зертханаға тұрақты жұмысқа қабылданады.

«Медицина саласын таңдауыма ата-анам септігін тигізді. Олар кішкентайымнан осы мамандықты оқы деп құлағыма құйды. Әкем мен анам айтқаннан кейін менің де осы мамандыққа деген қызығушылығым оянды десем болады. Ал зертханашы бағытын мен өзім таңдадым.

Шынымды айтсам, түрлі талдаулар жасаған маған қатты ұнайды. Микроскоппен жұмыс істеу барысындағы процесстерді көру ерекше әсер»,-деді Санжар  Жарқынбекұлы.

Зертханашы жұмыс барысында өзінен дәлдікті, сауаттылық пен шынайылықты талап етеді.

-Маман ретінде қалыптасуыма алғаш рет жұмысқа орналасқан кездегі бөлім меңгерушісі, дәрігер-лаборант Ағаділ Жанғазиевтың еңбегі зор. Ал осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйреткен осындағы әріптестерімді құрметтеймін.

Біздің зертханалық жұмысымыз бүгінде электронды микроскоп, үлкен гематологиялық талдау аппараттарының көмегімен жаңа сатыға көтеріліп отыр. Заманауи аппараттар бұрынғыға қарағанда науқастарға жедел көмек көрсетуде өз септігін тигізуде.

Күніне талдаудың көптеген түрін жасаймыз. Сол себепті зертханашы, ең біріншіден сауатты, адал болуы керек. Ол өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарауға міндетті. Адам денсаулығының қандай жағдайда екендігін зерттейтіндіктен, бізге дәлдік қажет және қателеспеуіміз керек. Біз жасаған талдаулардың негізінде науқасқа диагноз қойылады. Сондықтан бұл – өте маңызды жұмыс»,- дейді кейіпкеріміз.

Мамандығын – мақтанышым деп санайтын Санжар Жарқынбекұлы медицина саласындағы лаборант мамандығын таңдағанына еш өкінбейді.

Лаура МұсабекоВА,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close