Basty bet
«Бізге керегі –тәртіп адалдық және жауапкершілік»
Қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқаратын рөлі зор.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының шешімдерін іске асыру аясында Ассамблея Хатшылығы Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесіп елімізде “Біртұтас қоғам: келісім және сенім” жобасымен кеңес беру, семинар-тренингтер өткізуде. Сәрсенбі күні семинар-тренинг өткізу мақсатында ауданға арнайы келген қонақтарды алдымен аудан әкімі Жалғас Мұртаза әкімдіктің кіші залында қабылдады. Қонақта Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймулдинов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері Руслан Тоқатов, “Республикалық дүнген этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Гулан Умаров,Тараз қалалық “Өзбек” этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің басшысы Ербол Қаншымбеков болды. Сонымен бірге аудан прокурорының міндетін атқарушы, әділет кеңесшісі Досымхан Махажанов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев қатысты.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелерде этносаралық қатынастар саласындағы сенім мәдениетін, мемлекеттік саясатты ілгерілету, қоғамда бірлік пен келесімді нығайту мақсатындағы семинар-тренинг жұмысына сәттілік тілеп, ауданның қоғамдық-саяси өміріне қысқаша тоқталды.
-Жуалы ауданында 55 мыңға жуық тұрғынның 91 пайызы қазақтар, қалғаны түрлі ұлт өкілдері. Олар бес этномәдени бірлестікте шоғырланып, бірлік пен татулықта өмір сүруде.
Этнос өкілдері ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Атап айтқанда, бір азамат аудандық мәслихаттың депутаты, бес азамат консультативті кеңестің мүшелігінде, алты кісі Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Үш азамат қайырымдылық шараларына белсене араласады.
Биыл наурыз айында этномәдени орталықтарға Ардагерлер үйінен арнайы кабинет ашылып, бір маман бекітілді.
Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы одан әрі жалғасып, ынтымақ, бірлігіміз мәңгі жасай берсін! Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді Жалғас Әлижанұлы.
Мемлекеттік қызметшілермен, түрлі ұлт өкілдерімен өткен семинарды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жүргізді.
Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймулдиновқа берілді. Қайрат Дүйсембайұлы киелі Жуалы жеріне келгеніне қуанышты екенін жеткізіп, семинар-тренингтің мақсатымен таныстырды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы 25 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмасының аясында “Біртұтас қоғам: келісім және сенім” жобасы жүзеге асуда. Оның мақсаты – халық арасында бірлік пен келісімді нығайтудың маңыздылығын түсіндіру. Бұл әсіресе, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік қызметшілеріміз үшін маңызды. Себебі, сіздер арқылы халықтың билік туралы пікірі, көзқарасы қалыптасады. Әркім өз міндетін адал әрі жауапкершілікпен атқарса әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндігіміз көп болады.
Халықпен қарым-қатынас құруда проблеманы мұқият қарап, мәселені дер кезінде шешуге тырысу керек. Немесе шешу жолдарын табуға бар күшіңізді салыңыз. Өйткені бүгін шешілмеген кішкентай мәселе ертең мемлекет үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Сондықтан біз бүгін осы құраммен адами құндылықтарды еске салып, оны нығайтуға, елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған барлық идеяларды түсіндіру үшін осы кездесуді ұйымдастырудамыз. Барлығымыздың мақсат, мүддеміз бір – ол елдің дамуы үшін абыроймен қызмет атқару,- деді Қ.Дүйсембайұлы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов та елге деген игі тілегін жеткізді.
-Жуалы қаншама тұлғаларды дүниеге әкелген тарихи мекен. Жуалыдан Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, генералдар, басқа да түрлі салада ел мақтанышына айналған азаматтар шыққан. Байқасақ, ауылдарда жаңадан жолдар салынуда, газбен, ауызсумен қамтылған. Аудан басшысы да жас азамат екен. Аудан әкімі, басқа да сала басшылары аудан тұрғындарының өмір сүру сапасының артуына қызмет етуде.
Барлығымызға керегі – тәртіп, адалдық пен жауапкершілік. Бұл үшеуі бар жерде өзара келісім де болады.
Әлеуметтік желіні қарасақ, денсаулық, білім басқа да салалардағы қызмет көрсету сапасына көптеген сындар айтылып жатады. Біз сыннан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы бір-бірімізді құрметтеуіміз қажет.
Мемлекеттік қызметші – биліктің өкілі. Олардың халықпен қарым-қатынасы арқылы биліктің жұмысына баға беріледі.
“Жұртқа қызмет ету – мінезден” деген. Сондықтан тәртіпке бағынып, адамгершілікпен қызмет көрсеткеніміз абзал,- деді Лугмар Харкиевич.
Семинар-тренингтің негізгі бөлімін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері Руслан Тоқатов жүргізді.
Руслан Алтайұлы өзіне берілген бір сағаттың ішінде бірнеше мәселені қамтыды.
Бірінші кезеңде “Бинго ойыны” әдісімен дайындалған сұрақтармен мемлекеттік қызметшілерге қатысты заң талаптарына тоқталып, заң баптарын өмірде кездесетін мысалдармен түсіндірді. Тағылымды дәрісінің түпкі түйіні – қоғамдық сананы жаңғырту, тұлға бойындағы парасаттылықты дамыту. Яғни, құрмет, сабыр, білім арқылы даму. Қоғамдағы жегі құрт жемқорлықтың адамның ұрпағының тағдырына, тұтас мемлекеттің келешегіне әкелер зияны туралы да оқыған, көңілге түйген ой-пікірімен түсіндірді.
-Біз мәдениетімізді жақсы білсек, ұлттық кодымыз жақсы дамиды. Жетістікке жету үшін бойыңдағы бәсекелістікке төтеп беретін қасиеттеріңді дамыту керек. Ол үшін заман талабына сай компьютерлік сауаттылығыңды арттыру; шет тілін үйрену және мәдени ашықтық керек. Тиімді өмір сүруді үйренуіміз қажет. Ол дегеніміз – тиімді тамақтанып, білім үйрену.
Бізге соғыс, басқа да табиғи аппаттар керек емес. Яғни революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен даму үшін білім салтанат құруы керек. Біз жан-жақты болуға тиіспіз. Біз Құдай заңын да, мемлекет заңын да білсек, қоғамдағы көп мәселені шеше аламыз.
“Бұл өмірде жасаған келеңсіз әрекеттеріңді ұрпағыңның тағдырынан көре бер” деген сөз бар. Демек, жемқорлықтың түбі – қорлық. Қайырымсыз мың теңгеден, қайырымды бір теңге артық. Қысқасы, адамгершілік, парасаттылық, ар-ождан, намыс, кісілік, адамға деген құрмет – біздің басты құндылықтарымыз. Осы қасиеттерімізді былғамай, жоғары ұстап, дамыта білсек, өзіміз де, мемлекет те дамиды. Біреуге көмектесу арқылы өзімізді тәрбиелейміз, тәжірибе жинаймыз.
Бала айтқаныңды емес, жасағаныңды жасайды. Сондықтан балаңды емес, өзіңді тәрбиеле,- деді Руслан Айтбайұлы.
Кездесу соңынан облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев пен ардагер Шәкіржан Мамаджанов та сөйлеп, пайдалы шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
“Біртұтас қоғам: келісім және сенім” жобасы аясындағы іс-шара әрі қарай аудандық аурухананың мәжіліс залында жалғасты.
Ақ халатты абзал жандармен шағын семинар-тренинг өткізіліп, кездесу қонақтары дәрігерлердің жанқиярлық еңбектері үшін алғыс айтты.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»