Basty bet

Броз титонының отрядының қазақ жауынгері

Доқтырхан Тұрлыбек,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты

2003 жылдың 1 сәуірінде «Жас Алаш» газетінде қызықты мақала жарияланды. Онда Югославия Федеративтік Социалистік Республикасының президенті Броз Титоның азамат соғысы жылдары кезінде Омбы қаласына таяу орналасқан қазақтардың арасында екі жыл болғаны, жергілікті халықтың тілін, әдет-ғұрпын әжептәуір білгендігі туралы нақты деректер келтіріп, жан-жақты баяндалады.
Броз Титоның 1936 жылы Мәскеудегі Коминтерннің VII Конгресіне Югославия Коммунистік партиясы атынан мүше болып сайланғанда «Кеңес Одағы халықтарынан орыс, қазақ тілдерін білемін» деп өмірбаянды сауалнама толтырғандығын да мақала авторы тұңғыш жариялап, бұл еңбектің маңыздылығын арттыра түсті.
Осы дәйекті дерекке толы мақаланы оқып шыққан соң, көптен бері көкейде жүрген бір ойдың бұлты сейілгендей болып, қолыма қалам алдым.
Жуалы ауданындағы қазіргі Қарасаз ауылы бұрын Карл Маркс атындағы совхоздың орталығы болатын. 1970 жылдардың басында біздің ауылға осы шаруашылықтың «Бірлік» бөлімшесінен бірнеше жанұя көшіп келді. Солардың бірі – Керімбай Рахманбеков ақсақал болатын. Бұл жанұямен бұрын да жақсы араласатынбыз. Керекеңнің туған ағасының баласы Қамбар менің туған қарындасым Тұраркүлге үйленіп, татулығы жарасқан құдалығымыз бар еді. Оның үстіне құдамның үлкен ұлы Шолпан жақын досым. Керекең мен ес білгелі бері совхозда шопан болып еңбек ететін. Аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, ашық қолды жан еді, жарықтық.
Ол кезде мен Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде тілші болып қызмет атқаратынмын. Досым Шолпанды іздеп келсем, құданың жаны қалмайтын, сөзге келмей бір қойын атып ұрып, сойып тастайтын. Керекеңнің сол кезде ішетіні де шамалы, сендер жассыңдар ғой, жүз граммнан алып қойыңдар деп қонақжайлық танытатын.
Ұмытпасам, 1974 жылдың жазы болатын. Шолпан екеуміз совхоз орталығында кездесіп қалып, жазғы жайлаудағы Керімбай ақсақалға тартып кеттік. Құда бұрынғы әдетінше бізді ашық-жарқын қарсы алды. Қой сойылып, қуырдақ дайын болып, әңгіме-дүкен қыза түсті. Кеш түсіп, құданың кіші қызы киіз үйдегі телевизорды қосып, еді, Ұлы Отан соғысы туралы деректі фильм көрсетіліп жатыр екен. Югославиядағы партизан қозғалысы туралы әңгіме өрбіп, осы елдің басшысы Иосиф Броз Титоның тірі бейнесі көрсетілгенде жаңа ғана әңгімені көсілтіп айтып отырған Керімбай ақсақал үнсіз қалып, экранға тесілді де қалды. Кино біткенде ғана барып: «Қайран, Броз Тито! Қайран, сабазым-ай!» – деп тебірене үн қатты.
– Кереке, сөзіңіздің төркініне қарағанда, Броз Титоны танитын болдыңыз ғой, – дедім тілшілік әуеске салып.
– Танығанда қандай! Мен Броз Тито басшылық еткен партизан отрядында болдым, – деді Керекең бір қызық әңгімені бастап.
– Құдеке, мынау құлақты елең еткізетін жаңалық екен, – дедім Керекеңді әңгімеге тартып.
Содан бері қаншама уақыт өтті. Бірақ, құданың үлкен байыппен айтқан әңгімесі әлі де құлағымда күмбірлеп тұр.
Керекеңнің әкесі шылқыған бай болмаса да, бақуатты адам болыпты. Сөйте тұра Кеңес өкіметі орнасымен бұл әулет көп қуғын-сүргін көреді. Аштықтан, 1937 жылғы зобалаңнан аман қалған аз ағайындардың арасында Керімбай да бар. Ол есейіп, жақсы-жаманды енді ажырата бастағанда 1939 жылы Фин соғысы басталып, жас жігіт әскер қатарына шақырылды. Үш жылға жуық от кешіп, 1941 жылы елге ораламын деп жүргенде немістермен жаңа соғыс өрті бұрқ ете қалып, қатардағы жауынгер Керімбай Рахманбеков Украина майданынан бір-ақ шығады. Қазақ солдаты 1942 жылға дейін Украина майданы 11-шы атқыштар дивизиясының құрамында болып, көптеген шайқастарға қатысты. 1942 жылдың жазында дивизия Карпат жаққа ауыстырылатын болып, олар артынып-тартынып кемеге отырады. Көзделген жерлеріне жақын қалғанда кенеттен жаудың әскери ұшқыштары шүйіліп, кемелерді бомбаның астына алады. Нағыз аласапыран басталып, екі кеме суға батып, полктың көбі ажал тұзағына ілінді. Бір құдайдың өзі жар болып, Керімбай мінген кеме ғана аман қалып, жағаға келіп тоқтайды. Олар жерге қарай лап беріп, қару-жарақ, азық-түліктерін арқалаған күйі Карпат тауының ну орманына да ілігеді. Ұшы-қиыры жоқ орман ішінде бес тәулік бойы адасып, югославиялық партизандарға тап болады.
Қара теңіз үстіндегі бомбалаудан аман қалған үш жүз жауынгерлердің арасында шендік дәрежесі әртүрлі бірнеше ғана командир бар болатын. Олар югославиялықтармен өзара келісім жасап, аман қалған полктің бөлігін партизандардың арасына орналастырып, Кеңес Одағы жағына болған жағдайды мәлімдеуді өтінеді.
Арада бір ай өтеді. Бірақ, Кеңес Одағы жағынан еш хабар-ошар болмай, үш жүзден астам жауынгер тағдырдың тәлкегіне ұшырап, не істерін білмей бастары қатады.
Бір күні кеңес жауынгерлері жатқан казармаға ұзын бойлы, ашық маңдайлы, жігіт ағасы бастаған топ келіп, олардың хал-жағдайларын біледі.
– Мен, югославиялық партизан құрамының командирімін, – дейді келбетті кісі таза орыс тілінде сөйлеп. – Кеңес Одағынан тиісті жауап күтіп жатқандарыңызды жақсы білемін. Біз сіздердің өтініштеріңізді орындағанбыз. Өкінішке орай, олар әлі үнсіз жатыр. Фашистік Германия Кеңес Одағының ғана емес, біздің де қас дұшпанымыз. Біз де оларға қарсы соғысып жатырмыз. Яғни, дұшпанымыз бір, мақсатымыз бір. Егер сіздер біздің партизан құрамына өтемін десеңіздер қарсы болмаймыз.
Осы кезде жауынгерлердің у-шуы басылып, шыбын ызыңы естілмейтін тыныштық орнай қалды. Керімбай қарсы алдында тұрған югославиялық партизан командиріне қызыға көз тастады. Өзі сымбатына парасаты жарасқан жан екен. Жүзінде менмендіктің бір белгісі жоқ, көздерінен мейірім шуағы төгіледі. Броз Тито да сымдай тартылған қазақ жауынгеріне еріксіз назар аударды.
– Қатардағы жауынгер, – деді ол орысша сөйлеп, – ұлтың кім болады?
– Қазақпын.
– Солай де, бауырым – деді Броз Тито таза қазақ тілінде сөйлеп. Жүзінде үлкен бір таңқалыс бар.
– Сіз қазақ тілін қалай үйреніп жүрсіз, жолдас командир?
– Ол бір үлкен әңгіме, бауырым. Кейін бір реті келгенде айтармын, – деді Броз Тито Керімбайдың арқасынан қағып.
Сол күні кеңестік жауынгерлер түгелімен югославиялық партизандар құрамына өтті. Керімбай Рахманбеков 1944 жылға дейін Броз Тито басқарған партизан құрамында болып, небір шайқастарға қатысады. Бірде қазақ жауынгері үлкен ерлік көрсетіп, Броз Тито Керімбайға өз атынан алтын сағат сыйлап, бүкіл партизан құрамасының алдында алғыс жариялайды.
Осыдан отыз жылға жуық жыл бұрын Жуалының жазғы кешінде құданың айтқан мына сөздері жадымда дыбыс таспаға жазғандай сақталып қалыпты. – Кейін Иосиф Броз Тито үлкен бір мемлекеттің дүрілдеген патшасы болып тұрды. Сол кезде оның тегін адам еместігін іштей сезуші едім. Екеуіміздің арамыз жер мен көктей болса да, маған деген көңілі ерекше бөтен болды. Анда-санда өзіне шақырып, ыстық тамақ беріп, менімен таза қазақ тілінде сөйлесетін. Қазақ ұлтын ерекше жақсы көріп, құрметтейтін. Оның себебін бірде жүрек жарды сыр етіп айтқанда мен қайран қалдым. Сонау азамат соғысы жылдарында ақтардың әскерінде болып, одан қашып кетеді. Жан сауғалап жүргенде Омбы қаласының жанындағы қазақтарға тап болып, олардан көп жақсылық көріпті. Әсіресе, Иса деген кісі туралы жылы-жылы сөздер айтты.
Біз Броз Титоның партизан отрядында екі жылдан астам болып, 1944 жылдың соңында Кеңес Армиясының құрамына өттік. Жолға жүрер алдында командир маған арнайы келіп, қоштасты.
– Аман бол, бауырым! Жеңіс күніне тезірек жетейік! Елге аман-есен жетсең, қазақ бауырларға менен сәлем айт, – деп мені құшақтағанда көңілім босап қоя берді. Қайран, Броз Тито! Орны бөлек азамат қой! – деп Керімбай ақсақал күркіреп өткен соғыстың сол бір сұрапыл күндерін еске алып, сәл үнсіз қалды.
Мен үшін бұл үлкен, тосын жаңалық еді, сенер-сенбесімді білмей қызық хал кештім. Бірақ, Керекеңді бір кісідей жақсы білемін, бос даңғазаға жаны қас, артық сөйлемейді, барды бар, жоқты жоқ дейді. Ал, мына әңгіме оның шын жүректен айтқан сыры, сағынышы екендігін іштей сезіп отырмын.
Осы кездесу маған қатты әсер етіп, өзінің жауынгерлік жолын Фин соғысынан бастап, жапондық империалистердің күйреуімен аяқтаған қазақ солдаты Керімбай Рахманбеков туралы «Броз Титоның алтын сағаты» деген мақала жаздым. Бірақ, ол кезде цензураның қатал кезі, мақала ешбір басылымда жарияланбады.
Міне, содан бері көп уақыт өтті. Құдам Керімбай да, оның ұлы менің досым Шолпан да бүгінде арамызда жоқ. Жақында ел жаққа жол түсіп, Жуалы аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Кемелбек Дәуренов екеуміз Керімбай ақсақалдың шаңырағына арнайы кіріп шықтық. Бізді құданың ұлы Миятбек қарсы алды. Керекеңнің сегіз ұл-қызы бар, Миятбек екінші ұлы. Бір кездердегі ойын баласы ер жетіп, әке шаңырағын басып, үлкен азамат болыпты. Ақжарқын мінезі әкесіне айнымай тартқан. Бізді көргенде кәдімгідей қуанып-абдырап қалды.
– Бір күні үйге келсем, әкем өзімен-өзі егіліп жылап отыр екен, – деді Миятбек шай үстінде Керімбай ақсақал туралы әңгіме қозғап. – Не болып қалды деп, шошып кеттім. Әкем мені құшақтап: «Құлыным, мына жазған дүниеден тағы да асыл азамат озды! Иосиф Броз Тито қайтыс болды! Ой, арысым-ай!», – деп ботадай боздап жылап жіберді. Ол кезде жас баламын, онша мән бермеген екенмін. Кейін білдім, әкем жеті жылдан астам уақыт соғыста болып, ажалмен талай беттесіпті. Көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Не екенін білмеймін, ол орден, медальдарын өңіріне тақпайтын, олар осы күнге дейін сандық түбінде жатыр.
Броз Титоның үлкен адамгершілігі, кемеңгерлігі туралы жиі айтып отырушы еді. Иосиф сыйлаған алтын сағатты бала кезімде көргенім бар. Әкем оны қатты қастерлейтін. Апам көшіп-қонып жүріп, ол бағалы сыйлықты жоғалтып алғанда қатты ренжіді.
…Жуалы ауданындағы әскери комиссар жап-жас жігіт болып шықты. Майор Нияз Байжұманов бір ауыз сөзге келместен Ұлы Отан соғысының ардагері Керімбай Рахманбеков туралы құжаттарды реттеп берді.
– Керімбай ағаны көрмесем де жақсы білемін, – дейді майор ризалық сезіммен. – Осы бір адамгершілдігі биік жан туралы біздің байырғы қызметкерлер жиі-жиі айтып отырады. Бір қызығы, Керекең соғыс ардагерлеріне берілетін жеңілдіктерден үнемі бас тартады екен. Бірде аудандық әскери комиссариатының жауапты бір қызметкері Рахманбековты арнайы іздеп барып, оның себебін сұрайды.
– Иә, соғыста болғаным рас, – депті сонда асыл аға. – «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, елге аман-есен оралдым. Соғыста болдық деп көкірек керетін жайым жоқ. Өз парызымды атқардым. Құдайға шүкір, еңбек етемін, пенсия аламын, жағдайым жаман емес. Тұрмысы нашар ардагерлер толып жатыр. Жәрдемдеріңді соларға беріңдер, қарағым!
Сол күні Жуалыда күн күркіреп, жаңбыр шелектеп құйды. Айнала бір түрлі мұңға бөленіп тұр. Бірақ көктемнің құбылмалы ауа райы менің көңіл күйіме әсер еткен жоқ. Броз Титоның партизан отрядында болған қазақтың жауынгері Керімбай Рахманбеков туралы ақиқатты кеш те болса тапқаныма қуанышты едім.

Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы, Қарасаз ауылы,
2009 жыл

Таңдаулы материалдар

Close