Basty bet

Мемлекеттік тілді білудің міндеттілігі – аксиома

Қазақ тілі мемлекеттік статус алып, қоғамдық өмірдің барлық саласына кіре бастаған уақытта, көпшіліктің назарынан тыс қалған, жаңа бір тілдік жағдай қалыптасты.

Азаматтардың мемлекеттік тілді білуін заң арқылы талап ету де демократия мен адамдардың құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді.

Қазақ елінің қазіргі қолданыстағы заңында «мемлекеттік тілді білу – парыз» ғана. Парызды орындау не орындамау – адамның өзіне, оның ар-ұятына, сеніміне қатысты.

«Егер мемлекет мемлекеттік тілді білуді талап етпесе, біздер осылайша тілді дамыта алмау күйінде қалуы мүмкін. Тіл мәселесінде қатаң талап болуы шарт» деген ойларды ортаға салуымыз негізгі бағыт болатын уақыт келді.

Кезінде үлкен дау-дамаймен қабылданған «Ел бірлігі» доктринасында азаматтардың мемлекеттік тілді білуі «парыз және міндет» деген жолдар бар. Сондықтан келешекте қабылданатын мемлекеттік тіл туралы заңдарда «міндет» деген сөздің кездесуі ғажап емес.

Тілді үйрену үшін – қоғамда сол тілге қажеттілік тууы шарт. Ол қажеттілікті заң арқылы да, қазақтілді қоғам арқылы да қалыптастыруға болады.

Қазақ тілінің дамуы – қоғамға, мемлекетке керек. Мектептерде қазақ тілін оқыту үрдісін жоғарғы деңгейге көтеру – мемлекеттің, Білім мен ғылым министрлігінің міндеті болуы керек. Меніңше, бұл жердегі басты мәселе – тілді оқыту кезіндегі мақсатты анықтауда сияқты.

Қоғам үшін мектеп бітіріп шыққан жастардың қазақ тілі грамматикасын меңгергені емес, қазақ тілінде қарапайым сөз тіркестерін құрастырып, қарапайым сұрақтарға жауап бергені, бір сөзбен айтқанда қазақ тілдік ортада өзін еркін сезінгені керек.

Тілді сақтаудың басты шарты – қоғамда тілге деген қажеттілік туғызу. Қолданысқа түспеген тіл – уақыт өте келе өзінен өзі құрып кетеді. Ал тілді қолданысқа түсіру, сол тілде жазып, сөйлеу – ұлттың міндеті.

Қазақ елі – құқықтық мемлекет. Сондықтан мемлекеттік тілді дамытуға заңдық негіздегі қажеттілік тудыру шарт.

Жуалы аудандық сотының төрағасы

 Бабырхан Абуев

 

Таңдаулы материалдар

Close