Basty bet
Әсем ән әуелеп, күй күмбірлеген әсерлі кеш
Билікөлде қазақ халқының ұлттық құндылықтары кеңінен ұлықталды
Қасиетті Жуалы өңірінде осыдан бірер апта бұрын аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен бастау алған «Ауылым – алтын бесігім!» атты дәстүрлі фестиваль өткен аптаның жұма күні ауданға қарасты Билікөл ауылдық округінде атап өтілді. Өңір халқы көптен күткен осынау мәдени іс-шара биыл ел өмірінде атап өтілетін – Ұлы Жеңістің 80, ұлы ойшыл, қазақ халқының бас ақыны, хакім Абай Құнанбаевтың 180, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының 115, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерейтойларына орай өткізілу үстінде.
«Ауылым – алтын бесігім!» атты аудандық фестивальға Билікөл ауылдық округінің тыңғылықты дайындалғаны аталған іс-шараның басталғанынан-ақ анық байқалды. Округтің орталығы Қарабастау ауылындағы саябақтың маңындағы сахнаның жанына ұлттық тағамдар дайындалып, сонымен қатар, ұлттық қолөнер көрмесі де қойылған. Ең алдымен кеш қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер көрмесімен танысуға мүмкіндік алды. Ауылдың ақ жаулықты аналары мен келіндері қонақтар мен ауыл тұрғындарына ыстық бауырсақ пен қымыз, құрт, жент сияқты қолдан жасалған тағамдар ұсынды. Ал ауылдың ұлттық қолөнер көрмесінде жергілікті қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ер-тұрман, ат әбзелдері, астау, шоқпар, қол диірмен, тағы да басқа тұрмыста қолданылатын бұйымдар қойылған. Сахнаның жанына қойылған «Ауылым – иран бағым, жер жәннатым!» аталатын тақырыптық кітап көрмесі де назардан тыс қалған жоқ.
Мерейтойлық әрі мерекелік мәдени іс-шара дала сахнасында өз жалғасын тапты. Фестивальға ауылдың ардақты әжелері мен ақ жаулықты аналары, ибалы келіндер, т.б. тұрғындар көптеп жиналып, іс-шараның сәнін келтірді десек, артық айтқандық емес. Олар концерттік бағдарлама барысында ауыл өнерпаздарының өнеріне қолдау көрсетіп, фестивальдің қызықты өтуіне үлестерін қосты.
Аудандық фестивальдің бағдарлама барысында ауыл өнерпаздары ән салып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Самға, әуен!» атты өнер фестивалінің І орын иегері Ақжібек Орынбай композитор Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем, саған туған ел!» әнін әуелете шырқаса, «Ақтоты» домбыра үйірмесінің мүшесі, аудандық, облыстық және республикалық өнер байқауларының жеңімпазы Маржан Кенжебек күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі «Адай» күйін қасиетті қара домбырада күмбірлетті. Мәдени іс-шарадан ардагер өнерпаздар да қалыс қалған жоқ. Ауылдың ардақты анасы, зейнеткер, «Жеңіс ту желбіресін!» атты аудандық және облыстық ардагер өнерпаздар байқауының жүлдегері Гүлсара Иманбаева «Подмосковные вечера» әнін тарту етсе, «Билікөл» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері би билеп, биыл ауыл мектебінің табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер «Көбелек» биімен, ал болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпаз Раушан Асқар «Билікөлім» әнін әулете шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында «Үміт» квартетінің мүшелері өнер көрсетіп, бірнеше ән орындады.
Фестивальдің ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ауданның Құрметті азаматы Әбуғали Ералиев, еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Кемелбек Дәуренов, аудан әкімінің кеңесшісі, ауданның Құрметті азаматы Әбдікерім Уркумбаев, Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов, аудандық мәдениет жәнек тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерғали Тілеубеков және ауылдық округтің әкімі Еркебұлан Қамбарбеков биылғы ел өміріндегі атаулы даталарға орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып, халықтың қасиетті қара шаңырағы болған ауыл туралы ақжарма тілектерін ақтарды. Бір сөзбен айтқанда, Билікөл ауылдық округіндегі «Ауылым – алтын бесігім!» атты аудандық фестивальдің кезекті іс-шарасы ауыл тұрғындарының белсенділігімен көтеріңкі көңіл күйде және жоғары деңгейде өтті.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»