Basty bet
Білім саласындағы мәселелер – басты назарда
"АMANAT" партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы
“Topjargan” оқу орталығының мәжіліс залында “Аmanat” партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Кеңес отырысына кеңес мүшелерімен қатар аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыс әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова, “АMANAT” партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уалихан Болатбек қатысты.
Аймақтық кеңестің төрағасы Махметғали Сарыбековтың төрағалығымен өткен жиында білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс барысы туралы облыстық білім бөлімі басшысының орынбасары Ләззат Әбілдақызы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаеваның баяндамасы тыңдалды.
2024 жылы ауданда Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Баяндамашылардың айтуынша, 2025 жылы Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы және Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептерін күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткен.
Ал 2026 жылға 8 мектепті (№1 Ш.Мұртаза атындағы МГ, №14 Б.Майлин, №8 С.Байтіков, №5 М.Ломоносов, №7 Т.Әкімов, №24 Т.Рысқұлов, №10 Күреңбел, №11 Т.Тастандиев атындағы ОМ), 2027 жылы 4 мектепті (№26 Жаңаталап, №3 Қ.Қошмамбетов, №13 А.Байтұрсынов, №22 Б.Момышұлы атындағы ОМ) күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысына келсек, аудан бойынша жалпы мектепке дейінгі 34 мекеме бар. Оның 26-ы мемлекеттік, 7-уі жекеменшік, 1-уі шағын орталық.
Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда 2075 бала, жекеменшік ұйымдарда 470, шағын орталықта 50 бала, барлығы 2595 бала тәрбиеленуде.
2024-2025 оқу жылында балабақшаларда 330 педагог жұмыс істеуде. Оның ішінде 281-і жоғары білімді болса, 49-ы арнаулы орта білімді педагогтар. Оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мамандығы бар педагог саны – 247.
Білім бөлімінің басшысы Бақыт Рақымжанқызы баяндамасында балабақшалардың материалдық-техникалық базасы және “Аягүл” бөбекжай-балабақшасындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі туралы баяндады. Яғни психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі 3 жастан 5 жасқа дейінгі есту қабілеті жақсы, бастапқы интеллектісі сақталған, сөйлеуде түрлі кемістіктері бар 18 бала қамтылған. Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі түзету сабақтарын өткізуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сабақты тәжірибелі, білімді маман жүргізеді.
Кезек сұрақ-жауапқа берілді. Баяндамашыға Мұхамедғали Сарыбеков “Балабақшаға баруға кезекке тұруда өткен жылмен салыстырғанда өсім бар ма? Балаларды балабақшамен қамту мәселесін қалай шешесіздер?” деген сауалын қойды. Сонымен бірге балабақшалардағы педагогтардың білім сапасы мен аудандағы кейбір білім мекемелеріндегі психологиялық ахуалдың нашарлығын айтып, бұл мәселе бойынша қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады.
Кеңес мүшесі Бәтес Егембердиева аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасы туралы сұрады.
Бұл сұрақтың жауабын аудан әкімі Жалғас Мұртаза толықтырып өтті. Яғни, күрделі жөндеуден өткізуге жоспарға енгізілген мектептер қаржылық мәселелерге байланысты кейін қалдырылып тұратынын, өкінішке қарай кейінге қалдыру салдарынан кейде дайындалған ЖСҚ мерзімі өтіп кетіп, қайта құжат дайындауға тура келетінін, сонымен бірге күрделі жөндеуден өткізуде тапсырыс беруші мекеме жобалауда әрбір мәселеге мұқият болса деген ұсынысын жеткізді. Мәселен, биыл жөндеуден өткізілген №28 Амангелді атындағы орта мектептің күрделі жөндеуінде бірқатар жұмыстар құжатқа енбей қалған. Осындай қателіктер алдағы уақытта қайталанбаса деді аудан әкімі.
Кеңес мүшесі Жәмилә Бибатырова балабақшаларда балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылауды бақылау ата-аналар үшін қолжетімділігін сұраса, Ерұлан Мағзымбеков Диқан орта мектебінің өте сапасыз соғылғанын айтып, бұл мәселені ретке келтіруді кеңестің хаттамалық тапсырмасында нақты көрсетіліп, бір шешімін табуына ықпал болса деген өтінішін айтты. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу мәселесінде әр сала бойынша жобаны бақылау құқығы өз иесіне берілсе және мердігерлердің жауапкершілігі қатаң бақылауда болса деген ұсынысын да жеткізді.
Ал, “АMANAT” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уалихан Болатбек балабақашаға орналастыруда Тараз қаласында қолға алынған “Indigo: электронды балабақша” пилоттық жобасы келер жылы облыс көлемінде жүзеге асыру жоспарланғандықтан ата-аналарға жоба туралы жан-жақты толық түсіндірілсе деген ұсынысы мен суицид мәселесіне байланысты мектептердегі психологтардың жұмысы туралы сұрады.
Сұрақтарға білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әбілдақызы жауап берді. Л.Қызылқұлова бұл мәселемен қоғам болып күресу керектігін алға тартты. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар балаға өте аз көңіл бөлетінін, отбасында бала өз әлемінде, ата-ана өз әлемінде өмір сүріп жатқанын жеткізді. Деструктивті мінез-құлық дегеніміз адам психологиясының бұзылу салдарынан болатынын айта келіп, ата-ана балаға бар мейірімі мен махаббатын арнаса деген тілегін білдірді.
Кеңес отырысын Мұхамедғали Сарыбеков қорытындылап, жиын барысында көтерілген проблемалар мен кемшіліктер және ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»