Basty bet
КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВКЕ АРТЫЛАР СЕНІМ МОЛ
«Nur Otan» партиясының Төрағасы-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынған-ды. Аталған жаңғыру бағдарламасында партия Төрағасы партия жанына белсенді азаматтарды топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру қажеттігін тапсырды. Осы жоба аясында партияның Жуалы аудандық филиалының кадрлық резервке үміткерлерді тіркеу науқаны басталды.Ережеге сай ядролық электорат – қоғамдық пікір көшбасшыларының жаңа ортақтастығы, халық пен партия мүдделерін қорғай алатын, жаңаша көзқарасы бар азаматтар, елдің дамуы мен халықтың мәселесіне бей-жай қарамайтын ел жанашырлары болуы тиіс. Аймақтық партиялық кадрлық резервке ену үшін үміткерлер үш сатылы іріктеу жүйесінен өтеді. Олардың әрқайсысы кәсіби, партиялық және жеке сипаттары бойынша кешенді тексеруден өтеді. Мәселен, партия мүшелігі екі жылдан, ал жалпы еңбек өтілі төрт жылдан кем болмауы шарт. Сондай-ақ, алған білімі мен партиялық қызметтегі сіңірген еңбегі де ескеріледі.
«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалындағы партиялық кадрлық резервке іріктеу жұмыстары ақтық кезеңге аяқ басты. Аудан бойынша партияның кадрлық резервіне түрлі саланың өкілдерінен 44 үміткер тіркелген. Ауданның бас басылымы – «Жаңа өмір-Новая жизнь» газеті партияның кезекті жауапты саяси науқаны барысына ақпараттық қолдау көрсетіп, үміткерлердің тізімдерін, өмірбаяны мен бағдарламаларын жариялады.
Болашақ резервшілер үміткер ретінде тіркелген сәттен бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ олар осы аптада партия филиалы төрт күн қатарынан ұйымдастырған жария пікірталасқа қатысып, бағдарламасын ұсынуға, өз оппоненттерімен сұрақ-жауап түріндегі сөз қағыстыруға мүмкіндік алды.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев доданың алғашқы күніне арнайы келіп қатысты. Ол Жуалы ауданы партияның жаңа жобасын іске асыруда пилоттық өңір болып таңдалғанын еске сала келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Пікірталас сайысы негізгі үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткерлердің әрқайсысына бес минуттан уақыт берілді. Олар осы аралықта өздерін таныстырып, партиялық резерв құрамына енуінің негізгі мақсаты және бағдарламасының негізгі бағыттарын баяндады. Келесі кезекте аумақтағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы ойларын ортаға салды. Пікірсайыстың соңғы кезеңінде үміткерлер сұрақ-жауап бойынша сынға түсті.
Партиялық кадрлық резервке іріктелген резервшілердің тағдыры аптаның соңына белгіленген таңдауда шешілетін болады.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»