Basty bet
КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде Жуалы аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Боралдай, Қарасаз және Мыңбұлақ ауылдық округі әкімдерінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбы бойынша ауылдық округтердің 183, 184, 185, 190, 191, 192, 196 және 197 учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған бір күндік оқыту семинары өтті.
Семинарды аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаева ашып, тыңдаушыларға оқыту курсының мақсаты мен міндеттерін жеткізді. Сонымен қатар, сайлау бостандығының кепілі және сайлау комиссиясының әрекеттеріне шағым жасау, оларға қаралған құқықтық жауапкершілікке кеңінен тоқталып өтті.
Одан бөлек, аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Шыңғыс Боранбаев байқаушылармен, сенімді өкілдермен, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен жұмыс жүргізу, байқаушылардың құқығы және сайлаушыларды тізімге енгізу құқығы жайлы толық ақпаратпен қамтыды.
Семинардың алдында қатысушылардың жалпы сайлау туралы түсінігін айқындау үшін және соңында оқылған тақырыптарды бекіту мақсатында екі мәрте тест алынды. Спикерлер бағдарламада көрсетілген тақырыптар бойынша дәріс оқып, тақырыпқа қатысты кейс сұрақтарын қою арқылы кері байланыс орнатты.
Спикерлердің тарапынан қатысушыларға сайлау процесін ұйымдастыру, оның ішінде сайлау алдындағы үгіт, сайлау заңнамасындағы құқықтық жауапкершілік, сайлауды ақпараттық, қаржылық және құжаттамалық мәселелер бойынша бірқатар практикалық сабақтар ұсынылды. Сондай-ақ, тренинг форматында тыңдаушылармен сайлау комиссиясының сайлауға дайындық кезеңінде, дауыс беру күні, сайлаушылардың дауыстарын санау және дауыс беру қорытындыларын белгілеу кезінде жұмыс істеу машықтары пысықталды. Бұдан бөлек, жанжалды жағдайларды басудың медиативті технологиялары, арыз-шағымдарды қарау алгоритмі, сайлауды мемлекеттік емес және мемлекеттік қаржыландыру туралы кеңінен талқыланды.
Семинар соңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының учаскелік комиссия мүшелеріне бағытталған маңызды семинар-тренингті сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаева қорытындылады.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»