Basty bet

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Бала – өмірдің гүлі. Бүгінгі бала – елдің болашағы, ұлттың жалғасы. Тәрбиеші және оның көмекшісі – балаға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. Әрбір шаңырақты шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәлімді тәрбие беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет етеді. Осы тұрғыда ұлы кемеңгер Абай атамыздың «Адамның адамгершілігі жақсы тәрбиеші-ұстаздан болады» деген даналық сөзі ойға оралады.

Бүгінде осындай ілтипатқа ие, көптің назарына іскерлігімен іліккен тәрбиешінің көмекшісі, бала бағбаны, үлгілі ана Гүлайым Сақтағанова жайында сөз қозғамақпын.
Гүлайым Сақтағанова 2015 жылдан бастап №5 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етуде. Әуелден жұмысын тиянақты атқарып, қарым-қабілетін байқатты. Бір орында ұзақ жыл бойы табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Гүлайым Сағындыққызын өз жұмысының нағыз маманы деуге болады.
Ол балабақшада білікті маман болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана. Гүлайым жолдасы Мұратбек екеуі отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіруде. Өз ісіне адалдық танытып, өмірін баланың шат күлкісіне арнаған ол ең бастысы алдына келген бүлдіршіндердің жүздері бақыттан бал-бұл жанып жүрсе дейді. Сондай-ақ ол саналы ғұмыры балғындарға тәрбие берумен өтіп жатқанына қуанады.
Балаға қарапайым тәрбие бере отырып, білікті де білімді етіп тәрбиелеп шығаруға болады. Мен көп жылғы тәжірибемде ұғынғаным, баланы дұрыс сөйлеуге, тазалықты сақтауға, ұқыпты болуға үйрету қажет. Біз үшін бүлдіршіндердің балабақшада дұрыс тәрбие алуы маңызды. Осындай жауапты міндетті атқаруда ұжым қызметкерлерінің үлесі зор. Соның ішінде Гүлайымның үнемі балалармен және ата-аналармен көптеген жұмыс атқарып, балаларды еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі еңбегін атап өткен орынды деп ойлаймын. Өз жұмысының қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі маман Гүлайымның адамгершілік болмысына балалар да, ата-аналар да риза.
Өз отбасының тәрбиесімен қоса, балабақшадағы балалардың да тәрбиесіне үлес қосып, екі міндетті қатар алып жүрген жан ретінде танып білеміз. Бала тәрбиесі, оның ішінде, балабақша бүлдіршіндерін тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Ақын М.Жұмабаев: «Тәрбие – адам баласын кемел жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» деген екен. Сондықтан балалардың болашағы үшін бар білгенін тәжірибесін аямай жүрген жанның рәтті еңбегіне табыс тілейміз.
Осындай анадан жақсы тәлім-тәрбие алған балалары бүгінде әдепті, адамгершілігі мол. Ата-анасының ғана емес, мектептің, өңірдің де абыройын асыруда. Мәселен, тұңғышы Аягөз мектепте озат оқушылардың қатарында. Ол кішкентайынан спортқа әуес. Оның ішінде дзюдо спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданып, республикалық және халықаралық жарыстарда үлкен белестерді бағындырып жүр. Жақында ғана Халықаралық қыздар арасындағы дзюдодан жүлделі III орынды иеленді. Қайсар мінезімен көзге түсіп, елдің көк байрағын желбіреткенін мақтан етеміз. Ұлы Есдәулет те спорттан кенде емес. Футболдан жасөспірімдер арасындағы жарыстарда аудан, облыс деңгейінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Ал кіші қызы Мереке өнерге жақын. Ең кенжесі Алмас балабақшаға барады.
Отбасында әке мен ананың орны әрқашан бөлек екендігі анық. «Ана балаға жастық, әке көрпе». Балаларының асқақ армандарының орындалуы жолында аянбай тер төгіп, еңбек етіп жүрген жары Мұратбек пен Гүлайымның отбасында өнегелі ұрпақтар өсіп-жетілуде. Баланың жақсы тәрбие алып, саналы тұлға болып қалыптасуы үшін ата-ананың алар орны ерекше. Осындай тәрбиелі ұрпақ өсіріп отырған өнегелі отбасының бақыты баянды болсын дегіміз келеді.

Балқия САБЫРБЕКОВА,
№5 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close