Basty bet

ВОЛЕЙБОЛДАН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ ӨТТІ

Жақында аудандық спорт кешенінде волейболдан білім беру мекемелерінің басшылары арасында «DIRECTOR`S CUP» облыстық турнир өтті. Турнир саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаздар Абзалбек Рысқұлұлы, Мадияр Жаңабекұлы, Көгершін Олжабайқызы, Нұрғазы Пернебекұлы және Нұржан Кәрібайұлын еске алуға арналды.
Аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу» орталығы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген турнирге білім беру мекемелері басшыларынан құралған 8 команда қатысты. Атап айтсақ, Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас, Тұрар Рысқұлов, Шу және Жуалы аудандары.
Турнирдің ашылу салтанатында қатысушылар ұстаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң сөз алған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева және ардагерлер Кәрібай Құрмашев пен Серікбай Әлиев өңірдің білім саласының дамуына өз үлесін қосқан ұстаздардың еңбектерін атап өтті. Сонымен қатар, шараның маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Бұл жарыстың басты мақсаты – ғибратты ғұмырын шәкірттеріне арнаған, өмірден өтсе де, есімін ел жадында сақтап, ауданда бұқаралық спортты дамыту. Жастық жолы мен күш қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған ұстаздардың еңбек жолын кейінгі жас ұрпаққа насихаттау үшін мұндай шаралардың жиі өтуі маңызды. Ауданда жылдан-жылға спорттың бұл түрімен айналысатын жастардың қатары көбейіп, қызығушылық артуда.
Тартысты дода бастала салысымен қатысушылар бір-біріне дес бермей, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде жүлделі І орынды Тараз командасы қанжығаға байласа, ІІ орынмен Байзақ командасы марапатталды, ал ІІІ орынды Талас және Тұрар Рысқұлов командалары еншіледі.
Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар атынан кубок, медаль және Дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Одан бөлек, жарыс барысында ерекше көзге түсіп, үздік ойын көрсеткен ойыншылар жекелей марапатталып, оларға қаржылай сертификаттар ұсынылды. Осылайша саламатты өмір салтын насихаттау және ардагер ұстаздардың белсенді өмірлік ұстанымын жастарға үлгі етіп, атын жаңғырту мақсатында өткен турнир өз мәресіне жетті.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close