Basty bet
Жазғы лагерь – тиімді демалыс мекені
Жадыраған жаз айы да басталып, көктегі алтын күн де шуағын төгіп, ерекше жарқырай түсті. Жыл сайын оқу жылы аяқталғаннан кейін балалар, әсіресе, мектеп оқушылары жазғы лагерьлерге асығатыны белгілі. Қуанышқа толы көңілді жаздың ұмытылмас естеліктері жазғы ашық алаңда басталады. Міне, жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, апта басында аудан орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №29 орта мектепте мектеп жанындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жазғы сауықтыру лагерінің басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және таланттарын анықтау, балалардың шығармашылық қабілетін жан-жақты бағытта дамыту. Жазғы сауықтыру лагерінде балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын да айта кеткен жөн.
Мектеп жанындағы жазғы лагерьдің ашылуында ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен балалар көңілді ән айтып, би билеп, қызықты ойындар ойнады. Ең кереметі балалар бірінен бірі өтіп, «Біздің әлем – біздің бояу» тақырыбында асфальтқа сурет салу байқауына белсене қатысты. Сурет салу барысында белсенділік танытқан үздік оқушылар Дипломдармен марапатталды. Балаларды қорғау мерекесіне орай және жазғы сауықтыру лагерінің ашылу рәсімінен кейін лагерь тәрбиешілері мен үйірме жетекшілері балаларға тәтті балмұздақ таратты.
Айнұр МӨРИЕВА,
М.Жұмабаев атындағы
№29 орта мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Б.Момышұлы ауылы