Basty bet
Ауылды дамыту – маңызды міндет
биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрғындардың игілігі үшін жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде
Инфрақұрылым – ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дәстүрлі Жолдауларында ауылдық елді мекендердің дамуына ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды таза ауызсумен, сапалы жолмен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Ауылға көңiл бөлу және оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс екендігі мәлім. Сондықтан кез келген экономикалық реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру.
Осы орайда, Жуалы ауданының ең ірі елді мекені әрі орталығы болып саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында бүгінде инженерлік-инфрақұрылымдық даму жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда ауылда тұрғындар саны 14 870 адамды құрап отыр. Сәйкесінше, инфрақұрылымдық жұмыстар да сәтті жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтеруде.
Ауылда жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындардың талап-тілектері де басты назарда. Бұл бағытта ең бірінші кезекте аудан орталығындағы Жамбыл көшесінің бойында орналасқан орталық алаңдағы сахна қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, ауылішілік кейбір көше жолдарының бүлінген, тозығы жеткен бөліктеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, Т.Тастандиев көшесі бойында орналасқан №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның және Парасат көшесінде орналасқан аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының автотұрағына асфальт жамылғысы төселіп, ретке келтірілді.
Соңғы кезде ауыл ішінде таңнан кешке дейін балалар ойын көркін қыздыратын ойын алаңдары барынша жандана түсті деуге әбден болады. Мәселен, Әл-Фараби, Қ.Түрікбаев, Тәуелсіздік және Мұнайшы көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына асфальт жамылғысы төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылды. Бұл өзгеріс ауыл тұрғындарын да бір қуантып тастағаны белгілі. Әрине, ауылда барлық тұрғын үйдің ауласында жаңа ойын алаңдары бар деп толық айтуға келмейді. Дегенмен көп ұзамай басқа аулаларға да қазіргі типті ойын алаңдары орнатылады деп жоспарлануда.
Келесі кезекте тұрғындардың өтініші бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесіне науа (лоток) салынып, Шетбұлақ көшесіндегі көпірді кеңейту жұмыстары жүргізілді.
Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаевтың айтуынша, Тәуелсіздік көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 100-ден астам істен шыққан фонарь және 1 шақырымға жуық кабельдер ауыстырылған. Бұнымен қоса, Д.Қонаев көшесінің бойындағы «Халық банкі» және Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан ХҚКО ғимаратының алдына асфальт жамылғысы төселіп, ретке келтірілді. Одан бөлек, Ұлан көшесінің жолы кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындардың өтініші басты назарда екенін айқындай түсті.
Жаяу жүргіншілер жолы талап бойынша әлеуметтік нысандар орналасқан, тұрғындар көп шоғырланатын аумаққа салынған. Сол себепті, бұл жолдар ұзақ уақыт ел игілігіне жарағаны жөн. Ауыл инфрақұрылымының жылдан-жылға дамып, тұрғындардың басты қажеттіліктерінің қанағаттандырылуы көңіл қуантады. Бүгінде мердігер мекемелер анықталып, бірқатар көшенің жөндеу жұмыстары басталып та кетті.
– Қазақ қоғамында қорым қасиетті саналатыны белгілі. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің астарына үңілсек те көп мән-мағына аңғарамыз. Осы ретте, ауыл ішіндегі Е.Сауранбекұлы, Қ.Ералиев көшелерінде орналасқан зираттар ардагер-ағалардың ұсынысымен қоршалып, игі іс жасалғанын айта кетпеске болмас. Жыл соңына дейін бұл игі істің жалғасы Бейбітшілік көшесінде орналасқан зираттарды да қоршаумен жалғасын табады деп жоспарланып отыр. Жалпы ауыл зираттарының маңайын тазалап, қоршау – әрбір саналы азамат үшін сауабы мол іс. Бұл орайда аға ұрпақ өкілдері елдің болашағы болып саналатын жастарға өнеге-үлгі көрсетіп жатса құба-құп.
Бұдан бөлек, жасөспірімдердің күнделікті мектепке, қосымша сабақтарға одан қалды тұрғындардың баратын жеріне қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауына қолайлы жағдай жасау мақсатында №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің және Ш.Уәлиханов көшесінің бойына қоршау орнатылған. №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназия оқушыларының қауіпсіздігі үшін А.Тұрысбеков көшесінің жанындағы сайдың бойына қоршау орнату жұмыстары жүргізілді. Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Алатау көшесін кеңейту жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта Қазыбек би көшесіне абаттандыру жұмысы жүргізілмек.
Сонымен қоса, Желтоқсан, Боранды, Елшібаев, Әйтеке би және Жанқожа батыр көшелерінің жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде және орталық көшенің бірі Жамбыл көшесіне орта жөндеумен қоса жаяу жүргінші жолдары жасалуда. «Бәйтерек» сәулет нысанына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Б.Үсенов көшесінің бойынан жаңадан сквер салынған болатын. Жақын арада балалар ойын алаңшасы да орнатылатын болады,- дейді ауыл әкімі Рәтбек Көсембаев.
Ауылда қоршаған ортаны қорғау мен жалпы тазалық мәселесіне де жіті көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бауыржан Момышұлы ауылында санитариялық-тазалық, көркейту және көгалдандыру шаралары өз жалғасын тауып келеді. Қураған ағаштар кесіліп, көше бойларына, саябақтар мен скверлерге 7000-ға жуық гүл, 2000-ға жуық тал көшеті отырғызылып, уақытында суарылып, күтіп баптау жұмыстары жүргізілу үстінде. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл игі дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған жоқ.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлері соғыс ардагерлері қатарына қосылып, арнайы төсбелгілермен марапатталды. Еңбекпен ел қорғаны болған ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Тыл ардагерлері – таңнан қара кешке дейін бел жазбай еңбек етіп, жеңіс үшін жанын салған, маңдай терімен тарих жазған азаматтар. Сол үнсіз ерліктің иелері бүгін де арамызда. Тыл ардагерлері қай кезде де құрметке лайық.
Қара жерді тең басып жүрген әрбір перзент анаға ерекше құрмет жасауды парызым деп түсінеді. Халқымыз ғасырлар бойы аналарды ардақтаумен келеді. Сол игі дәстүр бүгінде жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бір топ алтын құрсақты ардақты ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды.
Айта кетерлігі, ауыл тұрғындарының шағын бизнес ашып жеке кәсіппен айналысуына үкімет тарапынан 2,5 пайыздық несие берілді. Бауыржан Момышұлы ауылында жыл басынан бері 33 адам құжат тапсырып, соның 18-і несие алу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер өз кәсібін дамытып, жемісті еңбек етуде. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – ел игілігін еселей түсетіні анық.
Мемлекет басшысының жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында Бауыржан Момышұлы ауылы бойынша 41 адам, ал мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында 12 адам тұрақты жұмысқа жолданған. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған 3 азамат жұмыспен қамтылып, зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыруда «Күміс жас» жобасымен 26 адам жұмысқа жолданды. Жыл басынан бері 229 адамнан тұратын 41 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Ауылды көркейту жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз. Жалпы, ауылдың дамуы – тек мемлекеттік бағдарламаларға ғана емес, жергілікті тұрғындардың өз белсенділігіне де байланысты. Ауыл халқы бастамашылдық танытып, кәсіп ашуға, ауылды көркейтуге атсалысса, өз кезегінде ауыл жанданып, жастар үшін тартымды мекенге айналмақ.
Бұл жұмыстар – Президент тапсырмаларына сәйкес, ауылдағы өмір сапасын арттыру бағытындағы нақты қадамдар деп білеміз. Олар ауыл тұрғындарының жұмысын жақсартып ғана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.