Basty bet
Балалар қауіпсіздігі: жауаптыларға нақты тапсырма берілді
Жас буын, өскелең ұрпақ – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы. Бұл ретте ел жастарының тәрбиелі де саналы, білімді де білікті болуы барлығынан маңызды. Президент ерекше атап өткендей, қазір озық ойлы ұрпақ өсіру – қоғамның ортақ міндеті. Жас ұрпақтың саналы болып өсуі ең алдымен аға ұрпақтың жақсы үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиеге байланысты екені анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасындағы сабақтастықты арттыруға байланысты білдірген пікірі көпшілікке терең ой салуға тиіс. «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын» деп атап өтті Президент.
Бала тәрбиесімен қатар, олардың қоғамдағы қауіпсіздігі – барлығынан маңызды. Өткен аптаның жұма күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа комиссия мүшелері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Отырысты өткізудегі басты мақсат – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылатынын атап өткен жөн. Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Комиссия отырысының күн тәртібінде бірінші мәселе – қамқорлықсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайын зерделеудің нәтижесі туралы, екінші мәселе – 2025 жылғы жазғы каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы. Аталған екі мәселеге байланысты Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева баяндады. Бахыт Рахымжанқызы бірінші мәселеге сәйкес, аудан мектептерінде білім алатын қамқорлықсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады.
Баяндамадан кейін комиссия төрағасы Анар Ахметова жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайына зерделеуді жан-жақты жүргізіп, әсіресе, олардың әлеуметтік, денсаулық жағдайларына баса назар аударудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай санаттағы балалардың жазғы лагерьмен қамтылуы ұдайы назарда болуы керектігін айтты. Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2025 жылғы жазғы каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева баяндады.
Комиссия жұмысын қорытындылаған Анар Садыққызы, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша комиссия мүшелеріне және жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»