Basty bet
Өңір дамуында едәуір ілгерілеу байқалады
бұл туралы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімі баяндады
Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті, қырық алтыншы сессиясы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихаттың депутаттарымен қатар, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды. Мәслихат сессиясының жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысты.
Кезекті сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, жүргізіп отырды. Айта кету керек, жиында өңірдің дамуына қатысты бірнеше маңызды мәселе талқыланып, шешім қабылданды.
Кезекті сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Жуалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебі туралы аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауқымды баяндама жасап, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің қорытындысы туралы хабардар етті.
– Құрметті аудандық мәслихаттың депутаттары және жиынға қатысушылар!
Ең алдымен ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы орындалуына тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Ауданның жалпы өңірлік өнімі 2025 жылдың 5 айында 19234 млн теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, (18770,7 млн теңге), яғни 2,4%-ға өсіп отыр. Қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп көлемі 7789,6 млн теңге көлемінде немесе нақты көлем индексі – 97,4%-ға орындалып отыр. Қаңтар-маусым айларында өнеркәсіп көлемі болжаммен 8000,0 млн теңге көлемінде немесе 100,0%-ға орындалуы күтілуде.
Аудан аумағында тау-кен өндірісімен айналысатын «Қалнұр» ЖШС және «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС құм өндірумен айналысатын кәсіпкерлердің қатарына жатады. Аталған кәсіпкерлердің белгіленген мөлшері өткен жылдан төмен болуы ең алдымен сұраныстың аз болуына байланысты болып отыр.
Аудандағы өңдеу өнеркәсібіне әсер етуші үш бірдей кәсіпорын, атап айтқанда, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС сүтті қайта өңдеумен айналысады. Ағымдағы айға ірімшік және сарымай өндірісі аз болып, зауытта көбінде майлылығы 1,3, 3,6 пайыздық сүт шығарылған және ол өнімдердің бағасы тоннаға шаққандағы көрсеткіш деңгейі төмен.
Одан бөлек, тоқсандық есеп тапсыратын сегіз кәсіпкер бар. Олар – «Ақмол-2025» ЖШС, «СМТС» ЖШС, «LF company» ЖШС, «Алико сүт» ЖШС, «Олжа» ЖК, «Бурный ірімшік зауыты» АШӨК, «Бақдаулет» АШӨК, «Алатау сүт өнімдері» АШӨК. (Көрсеткіштің төмендеу себебі, «Бақдаулет» АШӨК Тараз қаласына тіркеуін ауыстырды және «Алатау сүт өнімдері» АШӨК белгілі себептермен жұмысын уақытша тоқтатып отыр).
Ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі қаңтар-мамыр айларында – 101,5%-ға немесе 7754,9 млн теңге көлемінде орындалды. Оның ішінде: мал шаруашылығына 101,5% немесе 7685,0 млн теңге болса, Ал өсімдік шаруашылығына 69,9 млн теңге немесе 100,0% құрады. Қаңтар-маусым айларында 10290 млн.теңге көлемінде орындап, нақты көлем индексін 101,6%-ға жеткізу жоспарлануда. Мал шаруашылығы өндірісінде де едәуір ілгерілеу бар.
Негізгі капиталға салынған инвестиция қаңтар-мамыр айларында 2629,6 млн теңгені құрап, 110,3%-ға орындалып отыр. Қаңтар-маусым айларына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі болжаммен 3500,0 млн теңгеге немесе 100.0%-ға орындалуы күтілуде.
Жалпы сауда айналымы 4491,7млн теңге, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (4094,7 млн.теңге) 9%-ға артып отыр, оның ішінде:
– бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-мамыр айларында – 2161,6 млн теңгеге немесе 108.7%-ға орындалса, қаңтар-маусым айларына бөлшек сауда айналымы 2300 млн теңгеге немесе – 105,0%-ға орындалуы күтілуде.
– көтерме сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-мамырайларында 2330,1 млн.теңгеге немесе 97,7,%-ға орындалып отыр. Себебі: «Япоша» ЖШС статистикалық есебін кеш тапсыруына байланысты көрсеткіш 2,3%-ға орындалмай отыр. Келесі айда межесі 105,0 % орындалу күтілуде.
Құрылыс көлемі қаңтар-мамыр айларында 1401,1 млн.теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 143,3%-ды құрады. Қаңтар-маусым айларына құрылыс көлемі 2882,5 млн.теңгеге немесе 111,0 %-ға орындалуы күтілуде. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі қаңтар-мамыр айларында 7 608 шаршы метрді құрап, 102,9%-ға орындалды. Қаңтар-маусым айларына тұрғын үй көлемін 9234 шаршы метр немесе 101,4%-ға орындау күтілуде,- деп атап өтті аудан әкімі Ж.Мұртаза.
Аудан басшысы сонымен қатар, биыл ауданда республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобалардың да жай-күйіне тоқталып, кейбір проблемалық мәселелер туралы да өз ой-пікірін білдірді. Айта кетсек, биыл Күреңбел ауылының ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстарына қаражат қаралып, қазір жұмыстар басталып кетті. Жоба 2026 жылға өтпелі. Биыл жүзеге асырылатын жобалардың қатарында Қарасаз ауылдық спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы, Билікөл ауылдық округіндегі екі ауылға кварталішілік газ құбырларын тарту жұмыстары, Бақалы, Көлбастау ауылдарындағы ауызсу жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ, «Көксай» демалыс орнына баратын автомобиль жолының құрылысы, т.б. аудан дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бар екенін атап өткен жөн.
Өңір басшысының баяндамасынан кейін халық қалаулылары да жиынға араласып, аудан халқын толғандырған бірқатар сұрақтарды назарға салды. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев өз сөзінде, биыл Жуалы өңірінде жаңбырдың өте аз мөлшерде түсуіне байланысты қазір орын алып отырған қуаңшылықтың салдары жергілікті шаруаларға ауыр тиіп отырғанын, онымен қоса, биыл мал азығына дайындалатын шөптің шығымы мен картоп өндірісінің де жылдағыдан аз болып отырғанын айтып, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мемлекеттен көмек бола ма деген сауал жолдады.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза зерделей келе бұған жауап ретінде, биылғы қуаңшылыққа байланысты Жамбыл облысының көлемінде «Төтенше жағдай» жарияланбауына байланысты жергілікті шаруаларға мемлекеттен өтемақы немесе көмек қарастыру жоспарда жоқ екенін айтты.
Жиында аудандық мәслихаттың депутаты Марат Нарымбеков те сөз сөйлеп, ол аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің қашан аяқталып, қашан қолданысқа берілетінін және бұл жұмыстар алдағы жылдары жалғасын таба ма, одан бөлек, орталық базар аймағындағы кейбір құрылыстардың «қызыл сызықтан» асып кетпеуін қадағалау қажеттігін еске салды. Сессияда халық қалаулыларының тарапынан көтерілген сұрақтардың барлығына жауап берілгенін айта кеткен жөн.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында 2024 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы және 2024 жылғы 25 желтоқсандағы «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №35-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы бірнеше маңызды мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»