Basty bet
2025 жылы рақымшылыққа кімдер ілігеді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24.06.2025 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Заңы қол қойғаны белгілі.
Қазақстанда кезекті рақымшылық заңы қабылданды, бұл ел тәуелсіздігін алғаннан бергі оныншы рақымшылық. Заңға ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды босатуды көздейді. Жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау сынды баптармен сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.
Сондықтан бүгінде бұл процестің барлық механизмі толық қалыптасқан, нақты тәртіп бар. Ешқандай әкімшілік-ұйымдастыру кедергілері жоқ. Бұл жолғы ерекшелік рақымшылықтың әлеуметтік осал топтарға жататындарға бекітілген. Бұл топқа кіретін азаматтарға рақымшылық ешқандай шартсыз қолданылады. Олардың ісімен өздері емес, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тиісті қызметкерлері айналысады. Олар қажетті құжаттарды жинап, сотқа жолдайды.
Егер азамат ауыр немесе аса ауыр санаттағы қылмыс үшін сотталған болса, жазасы жеңілдетіледі. Ал орташа немесе онша ауыр емес қылмыстар бойынша сотталғандар босатылады. Азаматтың өзі айналыспайды. Онымен мемлекеттік органдар өздері айналысады. Егер қылмыстық іс тергеуде немесе анықтама қызметінде жататын болса, онда олар сол рақымшылық заңының шығуына байланысты қысқартады.
Рақымшылыққа іліккендердің өздеріне жұмыс істеудің қажеттілігі жоқ. Барлық қажетті құжаттар мен рәсімдерді тергеуші, прокурор, сот немесе қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері өздері жүргізеді. Сондықтан рақымшылық процесі әлдеқашан жолға қойылған. Бұл сотталған, айыпталушы азаматтарға ешқандай артық күш түсірмейді. Барлығы заңмен бекітілген тәртіппен, автоматты түрде жүзеге асады.
Аталған Заңның 3-бабына сай:
Жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған әлеуметтік жағынан осал адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері
1) ауыр қылмыстар бойынша – үштен бір бөлігіне;
2) аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігіне қысқартылады.
Әлеуметтік жағынан осал адамдарды қоспағанда, жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және өздеріне қойылған талап қою талаптарын толық өтеген жағдайда не олар болмаған кезде:
1) ауыр қылмыстар бойынша – үштен бір бөлігіне;
2) аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігіне қысқартылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының күші қолданылмайтын адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері:
1) ауыр қылмыстар бойынша – бестен бір бөлігіне;
2) аса ауыр қылмыстар бойынша алтыдан бір бөлігіне қысқартылады.
Заңының 4-бабына сай рақымшылық жасау төмендегідей тұлғаларға қолданылмайды:
1) сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған;
2) террористік қылмыстар жасаған;
3) экстремистік қылмыстар не экстремизм белгілері бар қылмыстар жасаған;
4) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, осындай қылмыстар жасаған;
5) азаптаулар жасаған;
6) қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған;
7) өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған;
8) қылмыстық топ, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым құрамында қылмыстар жасаған;
9) өздеріне қатысты жаза орындалған және жазасын өтеген;
10) жиынтығында олардың бiріне осы Заңның күші қолданылмайтын қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар.
Заңда “әлеуметтік осал топ” деген ұғым енгізілген деңгейде бекітілді. Осы санатқа көпбалалы отбасылар, кәмелетке толмаған баласы бар аналар, зейнеткерлікке жақындаған яғни 50 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, зейнет жасына жақындаған адамдар кіреді. Сондай-ақ, жалғыз басты аналар мен асырауында кәмелетке толмаған баласы бар ер азаматтар да осы топқа енеді.
Жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Егер олардың баспанасы болмаса уақытша тұрғын үймен, жұмысы болмаса жұмыспен қамту бағытында қолдау көрсетіледі. Сондықтан, рақымшылыққа іліккен азаматтар үшін әлеуметтік бейімделу мен қайта қоғамға қосылу мәселелері заңмен толық қамтылған.
Рақымшылыққа іліккен азаматтар соттылығының жойылуы әртүрлі жағдайға байланысты жүзеге асады. Бұл жерде рақымшылық заңының нақты қандай бап бойынша қолданылғанына назар аудару қажет. Егер азамат толық рақымшылыққа ілігіп, жазадан түгел босатылса, онда оның соттылығы да жойылуы әбден мүмкін. Ал егер ол азаматтың жазасы тек қысқартылған болса, яғни ауыр немесе аса ауыр қылмыс бойынша жаза мерзімі азайтылса, онда соттылықты жою мәселесі кейінге қалдырылады.
Негізгі себеп рақымшылық жалпы қылмыстық саясаттың бір тетігі ретінде қолданылады. Әдетте, ол ел үшін маңызды тарихи оқиғаларға немесе айтулы даталарға байланысты жарияланып отырады. Сондықтан, бұл үрдіс болашақта да жалғасуы мүмкін.
Байжан Жамалбекұлы,
аудандық соттың судьясы