Basty bet
БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ
«Бірлік болмай тірлік болмас» демекші, берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған қазақ халқы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту етеді. Бір шаңырақтың астында сонау ықылым заманнан бері ауызбіршілікте өмір сүріп келеді. Бұл біздің мемлекетіміздің ең бастығы байлығы.
Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Тұрақтылық пен тыныштық, достық бар жерде елде бақыт пен береке, ырыс орнайды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Көпұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» демекші, еліміздің бірлігін жоғары бағалаған. Ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Небір қиын-қилы замандарды басынан өткізіп, бейбіт өмірді қалап, бауырына өзге ұлттың баласын басып, бір нанды бөліскен қазақ халқы қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Шақпақ ауылдық округі аудандағы көпұлтты елді мекеннің қатарына жатады. Ауылдық округтің орталығы Шақпақата ауылында тілі басқа тілегі бір, түрі басқа жүрегі бір өзге ұлт өкілдері ауызбіршілікте ғұмыр кешуде. Оның бірі ретінде ауылға сыйлы қариясы бар Алиакбаровтар жанұясын айтуға болады.
Отағасы Хейрулла Алиакбаров Шақпақата ауылының тумасы. Осындағы Қ.Сағындықов атындағы мектептің түлегі. Ал, отанасы Солмаз Гасанқызы Шыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Екеуі өмірге екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, әр қайсысын мамандық иесі атандырып, құтты орындарына қондырған. Берекелі шаңырақ иелері ұл-қыздарынан 12 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Бұл жанұяның басты құндылығы – еңбекті жоғары бағалауында. Өмірлік ұстанымдары да бірлікте, ауызбіршілікте ғұмыр кешіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету болып табылады. Балаларына әке жолымен адал еңбек етіп, адами жоғары қасиеттерді бойына сіңіріп, түзу жолмен жүруді үйретеді. Өздерінің таңдаған ісінің маманы болып, пайдалы іспен айналысуларын қолдайды. Татулықта, ынтымақты ту етіп, бір-біріне көмек қолын созуға шақырады.
-Еңбек түбі – береке. Әкеміздің жастайынан еңбек етіп, абыройға бөленгенін көріп өстік. Сол қалпында біз де қолымыздан келгенше, жұмыс істедік. Әскери борышымды Германияда өтеп келген соң, Шымкент қаласындағы автожол техникумын жүргізуші мамандығы бойынша бітірдім. Содан көбінесе, көлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. Механизатор болдым. Совхозда ел қатарлы екі қолға бір күрек табылып, күн көрдік. Ал, қазіргі таңда жеке шаруа қожалығымен айналысамыз. Мал бағып, диқаншылықпен шұғылданамыз. Қысы-жазы осы тірліктің көзін тауып отырған жайымыз бар. Көмекшім кіші ұлым – Сейфулла.
Жұбайым да жастайынан еңбек еткен. Үйдің берекесі, ұйытқысы. Балалардың тәрбиесіне мән береді, қонақтарға қонақжайлылық көрсетеді.
Біз осы ауылдың тұрғындарымен ағайын-туыс секілді болып кеткенбіз. Бір-бірімізбен араласып, қуанышымызды бөлісіп отырамыз. Әрдайым бір-бірімізге есігіміз ашық. Көмегімізді аямаймыз. Бірлігіміз бекем, татулығымыз баршаға аян. Көршілерімізбен сәлеміміз түзу, – дейді Хейрулла Әжіұлы.