Basty bet

Қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасу – маңызды міндет

Мен бұл мақалада адал адамдар жайлы баяндап, өзім көзбен көріп, құлақпен естіген және санаммен сезген дүниені айтпақшымын. Осыдан тура бір жыл бұрын басыма қиын іс түсіп, үлкен сынаққа тап болдым. Пенде болған соң адамның басына не келіп, не кетпейді?! Алланың маңдайыма жазған тағдыры сол болғандықтан, одан ешқайда қашып құтыла алмайтыным анық. Сол ауыр сынаққа төзіп, тағдырдың маған дайындап қойған тосын жайтын барынша сабырмен өткеруге тырыстым. Аллаға шүкір, қазір қиын күндер артта қалып, жаңа күннің нұры өз шуағын шашып шыға келді.
Әкем үшін әділдік іздеймін деп жүрген кезде өкінішке орай, өзім әділетсіздіктің құрбаны болдым. 26 күн тас әрі тар қапастың ішіндегі қиын күндерім маған 26 жылдай болды. Бірде жыладым, бірде риясыз күлдім, ең бастысы, жақын жандарым үшін ең керекті адам екенімді ұғындым. Осындай қиын күндерді бастан өткеріп, 27-ші күні бостандықтың таңын атырып, жақындарыммен қауыштым…
Арғы жағы белгілі жайт емес пе?! Заң талабымен белгіленген уақыттың аралығында жүріп-тұрудан шектеліп, өзің тұратын қала, аудан, ауылдағы пробация қызметінің есебіне алынатының анық. Мен де сол санаттағы адамдардың қатарында болдым…
Алғашында Алматы қаласында пробация есебінде тұрсам, кейіннен отбасылық жағдайға байланысты Жуалы ауданына қоныс аудардым. Алматы қаласында болғанда әрбір тіркелуге барған сайын өзімді қылмыскер секілді сезінсем, ал мұндағы жағдай мүлдем бөлек екен. Шыны керек, алғашында қатты қобалжу болды: «Аядай ғана аумақта мені бәрі танып, сыртымнан небір сөздер айтатын болдығ ой» деген ой жанымды жегідей жейтін. Алайда, бәрі мен ойлағаннан мүлдем басқаша болды. Жуалы аудандық пробация қызметі мені жылы қабақпен қабылдап, бөлімшеге қандай құжаттар тапсыру қажет екенін анық әрі түсінікті тілде түсіндіріп берді.
Көзбояушылық жасамай, басынан аяғына дейін түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Менің жақындарым маған қылмыскер емес, әділетсіздіктің құрбаны болғанымды жақсы біледі. Ал пробация қызметі бөлімшесінің қызметкерлері осындай қиын жағдайда жүргенімде маған көп көмек-қолдау жасады. Ондағылар менің жұмысқа орналасып, айналамдағы жаңа адамдармен тіл табысып, қоғамнан өз орнымды тауып, орнығып кетуіме өз септігін тигізді. Айына кем дегенде бір-екі мәрте сергіту ойындар және есепте тұрған адамдарға психолог пен түрлі мамандардың қатысуы арқылы көптеген жиындар өткізіліп тұрады. Тәртіпті жіті бақылауда ұстап, ертеңгі күні біз үшін бұл дүниелердің жақсы болатынын барынша ұғындыру үстінде.
Мен осы шағын мақала арқылы аудандық пробация қызметінің басшысы, әділет капитаны Б.Бекмолдаевқа және пробация қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді.
Бұл мақаланы оқыған жандар өздеріне керек жерін түртіп алар деген ойдамын. Ең бастысы, қоғамға пайдасы көбірек тиетін тұлға болып қалыптасуға қазір мүмкіндік мол. Бүгінде халық пен полиция қызыметкерлерінің бірін-бірі жете түсініп, жақсы көзқараста болып, түпкілікті ойлары бір жерден шығуы өте қиын. Осыны оқыған тұрғындардың қоғамдық тәртіпті қадағалаушы полиция қызметкерлеріне деген көзқарасы мен сыйластығы жақсара түседі деген ойдамын!
Өз өмірің – өз қолыңызда!

Б.Момышұлы
ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close