Basty bet
Бала қауіпсіздігі – барша қоғам болып атқаратын маңызды жұмыс
Президенттің халыққа арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деп парасатты да әділетті қоғам құру туралы айтқан пайымды пікірін жақсы білеміз. Бұл тектен текке айтылған сөз емес. Олай болатыны, Тәуелсіз еліміз Қазақстан жаңа дәуірге қадам басқан мұндай маңызды кезеңде жас ұрпақтың тәрбиелі, саналы, ізгілікті болып қалыптасуы барлығынан маңызды.
Бұл ретте қазір қоғамдағы бала тәрбиесі бірінші орынға шықты. Қазір ел өңірлерінде орналасқан кейбір мектептерде жасөспірімдер арасында орын алып отырған келеңсіз жағдайлар бала тәрбиесі мен олардың көзқарасы мен психологиясын дұрыс қалыптастыруға кешенді шаралар қабылдау қажет екенін анық көрсетіп отыр. Жасөспірімдердің қатыгез болып өсіп, бір-біріне қол жұмсауы, тіпті, оның соңы адам өлімімен де аяқталып жатыр. Бұл – жақсы құбылыс емес. Ал бала тәрбиесімен қатар, олардың қоғамдағы қауіпсіздігі – барлығынан маңызды. Жасөспірім шақта ақыл-ойы әлі толыса қоймаған балалар мен әрнәрсеге еліктегіш келетін жас буынның назарын осындай ұрымтал кезеңде дұрыс бағытқа бұрып, дұрыс жол көрсету – қоғам мүшелерінің барлығына міндет.
Өткен аптада аудан орталығындағы Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда өткен кеңес жиынында осыны анық аңдадық. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу тақырыбын тереңнен қаузаған бұл жиында бала қауіпсіздігі мен отбасындағы тәлім-тәрбиеге, мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға қатысты бірқатар мәселе талқыға салынды.
Аудан әкімдігінің ұйымдастырумен өткен маңызды кеңестің жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребек қатысты. Жиынға аудандық прокуратураның өкілдері, өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, АПБ-ның ювеналды полиция тобының инспекторлары, ауылдық округтің әкімдері, Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы мен қызметкерлері, мектеп директорлары, мектеп директорларының құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, №16 Жуалы колледжінің өкілдері, «Дінмұхамед» мектеп-интернатының ұжымы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы, аудандық орталық аурухананың «Сенім» жастар денсаулық орталығы, сонымен қатар, аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Кеңесті аудан әкімі сөз сөйлеп ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелердің аса маңызды екенін атап өтіп, оған байланысты ой-пікір білдірді.
– Жаңа оқу жылы басталғалы Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында ауыр қылмыстардың жиілеп кетуі – жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Бұл мәселеге байланысты шұғыл әрі нақты шаралар қабылдаудың қажеттігі туындап отыр. Бала – біздің болашағымыз, бала – байлағымыз. Ел ертеңінің жарқын болуы үшін біз олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз.
Қазіргі балалардың күн сайын ой-өрісі өзгеріске ұшырап, онымен қоса олардың көзқарасы да басқаша қалыптасуда. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс тәсілі де жаңаша сипатта қарқын алуы қажет деп санаймын. 2025 жылдың 8 айында ауданда кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған 2 қылмыс тіркелді (2024 жылы 2 қылмыс). Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған 5 қылмыс (2024 жылы 7 қылмыс). Осындай жағдайларды болдырмас үшін нақты шаралар қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Бұл бағытта ең бірінші – Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Шертаеваға және мектеп директорларына төмендегідей нақты тапсырмалар жүктеледі.
Ең бірінші – әрбір мектепте профилактика кенестерін құрып, бекітілген кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция кызметкерлерін енгізуді, екінші – сынып жетекшілерінің, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтардың, пән мұғалімдерінің ұсыныстарын негізге ала отырып, әрбір мектепте құкық бұзушылыққа бейім балалардың тізімін қайта қалыптастыруды, білім беру ұйымдарындағы тәрбие, құқық ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер мен психологтардың қызметіне талдау жүргізіп, қорытындысы бойынша тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларды ротациялау мәселесін қарастыру, оқушылардың сабақ уақтысында телефон пайдаланбау үшін оны жинап алу мәселесін мектепішілік ережеге енгізу бойынша тиісті шаралар қабылдау, әлеуметтік педагогтар мен психологтардың жұмысын күшейту, оқушылар арасындағы проблемаларды дер кезінде анықтау, хабарлау, жасыру фактілерін болдырмау, қоғамдық тәрбиелеу бағдарламаларын ұйымдастыру: жасөспірімдерді мәдени іс-шаралар, спорттық шаралар, еріктілер қозғалысына тарту, әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатқан зиянды ойындарды алдын алу мақсатында балалардың ұялы телефондарына «Ата-аналық бақылау» қосымшасын барлық мектепте жоғарғы сынып ата-аналарына орнатуды ұйымдастыру, сонымен қатар, мектеп жанынан құрылған мобильдік топтардың жұмысын жүйелендіруді тапсырамын.
Білім бөлімінің басшысына аудандық орталық аурухананың бас дәрігерімен бірлесіп нақты іс-шаралар жоспарын бекіте отырып, кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау органдары, ата-аналар комитеттері, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп түсіндіру және насихат жұмыстарын күшейтуді, жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында білім, денсаулық сақтау, полиция бөлімімен бірлесіп өгей әкелерімен тұратын отбасылардың тізімін қайта жандандырып «Отбасы» бір айлық акциясын өткізу және акция аясында өгей әкемен тұратын отбасына мектептің әкімшілік құрамынан тәлімгерлер бекітуді тапсырамын.
Ал аудандық полиция бөліміне білім бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп мектепішілік есепте тұрған (кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, басқа да тәртіп бұзған, мінез-құлқында ауытқушылығы бар немесе әлеуметтік жағдайы нашар) балаларға бақылауды күшейту, кәмелетке толмағандар арасында бейресми көшбасшыларды және басқа да девиантты мінез-құлыққа ие балаларды анықтау және заңнама талаптары шеңберінде оларға тиісті шаралар көру жұмыстарын күшейту, полиция бөлімі кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында учаскелік, ювеналды және криминалдық полиция қызметкерлері білім беру мекемелерінде күн сайын сағат 08:00-де оқушылардың мектепке келуін бақылауды, сондай-ақ, сабақ аяқталғаннан кейін бейнебақылау камераларының жазбаларына мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырамын.
Жасөспірімдер қауіпсіздігін тұрақты қамтамасыз етіп, олардың арасында келеңсіз жағдайларға жол бермеу – маңызды міндеттердің бірі екенін ерекше атап өткен аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылығына және ауылдық округ әкімдеріне, сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары А.Ахметоваға бірінші кезекте – жасөспірімдердің құқықтық тәртібі мен моральдық құндылықтарын сақтау үшін қылмыстың алдын алу мақсатында 17-25 қыркүйек аралығында барлық орта мектептерде, «Дінмұхамед» инновациялық мектеп- интернатында және №16 Жуалы колледжінде бекітілген кестеге сәйкес, 7-11 сыныптағы ер балалармен ашық және еркін форматтағы кездесу өткізуді қатаң тапсырды.
– Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу – күрделі және көп қырлы мәселе. Бұл жұмыс әрбір саланың үйлесімді іс-әрекетін қажет етеді. Атап айтқанда, отбасылық, білім беру, құқық қорғау органдары және қоғамның барлық мүшелері бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Жасөспірімдерге деген дұрыс тәрбие мен қолдау, сондай-ақ құқықтық білім беру олардың болашағына оң әсерін тигізеді. Жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың арасында қылмыс орын алмауы үшін кешенді шараларды қолға алу маңызды,- деп атап өтті аудан басшысы Жалғас Мұртаза.
Кеңес отырысында аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребек, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева, аудан орталығындағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің директоры Эльмира Абишева, бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жандос Баетов, АПБ-ның ювеналды полиция тобының аға инспекторы Досжан Байдалиев, т.б. тақырыпқа байланысты сөз сөйлеп, ұтымды ұсыныс-пікір білдірді.