Basty bet

Қариясын қадірлеген ел ардақты!

Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай өңір ардагерлеріне сый-құрмет көрсетілді

Ақсақалдық – абыройлы қасиет. Қазақ халқы қарияны қазынаға балап, көпті көрген аға ұрпақтың өкілдерін жол көрсетер ақылшысына, абзал да абыройлы, пейілі кең дариясына теңегені белгілі. Сондықтан, ақсақалдар мен жасы үлкен атаны сыйлау, ақ жаулықты анаға құрмет көрсету – халықтық ізгі қасиетіміз. Қазақ қазақ болғалы бұл үрдіс, әлемде теңдесі жоқ мұндай ерекше дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ақсақалдық және абыздық сияқты абзал қасиеттер қазыналы қарттардың бойынан әлі де табылады. 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай аудандық ардагерлер орталығында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, онда қасиетті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жас ұрпақтың тәрбиесіне атсалысумен бірге, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиында ең алғаш болып өңір ардагерлерін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтады.
– Қадірлі қариялар және ардагерлер!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ардагерлер – Тәуелсіз Қазақстанның алтын қоры десек, қарияларға қандай сый-құрмет көрсетсек те артық етпейді. Бүкіл саналы ғұмыры мен бойдағы қажыр-қайратын туған елдің игілігіне және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жұмсаған ардагерлердің қоғамдағы орны ерекше.
Ардагерлер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру және оны кеңінен насихаттау мақсатында түрлі спорттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Атап айтсақ, бірнеше жыл қатарынан ауданның белсенді ардагерлерімен спорттың жеті-сегіз түрінен спартакиада ұйымдастырылу үстінде. Аудан ардагерлері спортта да өте белсенді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосуда.
Ардагерлерге құрмет – елге құрмет. Осынау мереке күні ел дамуына үлес қосып келе жатқан жасы үлкен Аға-Апаларға қоғамға үлгі болар өнегелі істері үшін алғыс білдіремін. Сіздерді Қарттар күні мерекесімен құттықтай отырып, денге саулық, әрбір отбасына амандық пен бақ-береке тілеймін,- деді Анар Садыққызы.
Мерекеге жиналған қауымды аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та құттықтап, ардагерлерге зор денсаулық пен жақсылық тілейтінін жеткізді. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз алып, мерекелік тілегін жеткізді.
– Көптеген ардагерлер кешегі Ұлы Отан соғысының қанды қырғынын бастан кешіп, елімізді Ұлы Жеңіске жеткізді.
Тылда жұмыс істеген аналар, ағалар мен апалар жеңімпаз әскердің барлық қажеттілігін тауып беру жолында жан аямай, күндіз-түні еңбек етумен ұлағатты бірге ұрпақ өсірді. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалау жолында да мыңдаған ардагер жанкешті еңбек етіп, Президенттің егемен ел құру жолындағы стратегиялық бағдарламаларының маңызын халыққа түсіндіру мен оны тікелей іске асыруда аянып қалған жоқ. Өмірдің барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің мол тәжірибесін Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан нық тұруына жұмсауда. Әрине, басқарушылық тәжірибесі мол, ақылман ақсақалдар басқарып отырған ардагерлер ұйымдарында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес.
Ардагерлер қауымы елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Осы орайда, ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қарттар мен ардагерлер қауымын Халықаралық Қарттар күні мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық пен мағыналы ұзақ өмір тілеймін,- деп атап өтті Сейітхан Шерелханұлы.
Мерекелік жиында бірқатар ардагер «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық және Жуалы аудандық филиалдарының Алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында – Еңсебек Абсалямов, Айман Исаханова, Сейітхан Бектаев, Зубайда Мажитова және Әбдікерім Уркумбаев т.б. бар.

Таңдаулы материалдар

Close