Basty bet
Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы қызмет!
аудан мұғалімдеріне сый-құрмет көрсетіліп, марапаттар тапсырылды
Әр жыл сайын қоңыр күздегі қазан айының алғашқы аптасында атап өтілетін ұстаздар күні мерекесі биыл біздің ауданда да аталып өтті.
Өткен аптаның жұмасы күні қасиетті өңірдің ұстаздары аудандық «Достық» мәдениет үйіне шақырылып, онда Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтады.
– Құрметті ұстаздар!
Қадірменді оқу-ағарту саласының ардагерлері!
Сіздерді қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әлемнің 100-ден аса елінде тойланатын Ұстаздар күні елімізде жыл сайын қазан айының бесінші жұлдызында атап өтіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Мұғалімдер күніне орай Астана қаласында өткен шарада сөйлеген сөзінде: «Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін» дей келе, ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетінін алға тартып, мұғалімнің еңбегі соған сай лайықты бағалануға тиіс екеніне тоқталды.
Білім мен тәрбиенің шырақшылары болып саналатын ұстаздар қауымы – қастерлі де құрметті мамандықтың иелері. Мемлекетімізде, оның ішінде ауданда да соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Биылғы оқу жылында 39 білім беру ұйымдарында барлығы – 1 607 педагог 10 мыңнан аса балаға білім беруде. Мектепке дейінгі 34 мекемеде 339 педагог 2 595 баланы тәрбиелеп келеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясында соңғы үш жылда 24 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 9 жас маман жұмыспен қамтылды. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай білім мекемелеріндегі кіші қызметкерлерді құрметтеу және марапаттау шаралары тұрақты ұйымдастырылуда.
2025-2026 оқу жылында оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктеріне басымдық беріліп отырғаны белгілі. Бүгінде білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа инновациялық бағытта жұмыс жасайтын білім мекемелерінің желісі артуда. Аудандағы барлық 30 орта мектепте 127 жаңа модификациялық (СТЭМ) кабинеттері орнатылған. Мұның барлығы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жойып, ауыл мектептері оқушыларының сапалы білім алуына жасалып жатқан мүмкіндіктер.
Құрметті ұстаздар қауымы!
Ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы тынымсыз еңбегі мен ағартушылық қызметі әрқашанда құрметке ие.
Бүгінгі күні мұғалімнің рөлі тек білім берумен шектелмейді. Былтыр білім беру ұйымдарына енгізілген «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделе отырып, бала тәрбиесінде де өз үлестеріңізді қосудасыздар, алдағы уақытта да қоса береді деп сенеміз.
Ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы да адал еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін! Мерейлі мерекеде денге саулық, отбасына амандық, шығармашылық жұмыстарыңызға әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Құттықтаудан кейін кезек үздік ұстаздарды марапаттауға берілді. Онда өңір басшысы Жалғас Мұртаза аудан мектептері мен балабақшаларында ұзақ жылдан бері білім беру, оқу-ағарту саласында ұзақ жылдан бері абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар мұғалімдерге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіні, аталған министрліктің Құрмет грамотасы, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхаты, Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхаты, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарын салтанатты жағдайда табыс етті.
Мерекелік жиында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың бірқатарын Құрмет грамоталары және Алғысхаттармен марапаттады. Жиында білім мен өнер бәйгелерінде қатарынан оза шауып, жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушылар мен жетекшілеріне арнайы Дипломдар мен сыйлық табысталды.
Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиында ұстаздар мерекесіне құрметпен шақырылған ардагер ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылды. Айта кету керек, мерекеде өнерлі оқушылар би билеп, ұстаздарына арнап ән айтып, ізгі тілектерін өлең жолдарымен жеткізіп жатты. Әлбетте, кәсіби мерекеге қатысқан мұғалімдер мен ардагер ұстаздар өздеріне көрсетілген осындай сый-құрметтен ерекше әсер алып тарқасқаны анық. Иә, бұл күні барша ұстаздар қауымының ұлы тұлға екендігі тағы бір паш етілгендей…
