Basty bet
Басты талап – тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету
Табиғаттың ең қымбат жемісі дені сау адам болып табылады. Адам өміріндегі ең маңызды құндылық – денсаулық. Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты, әрі өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек.
Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында денсаулық сақтау саласына тоқталып, ерекше мән береді. Жолдауда денсаулық саласын өрге бастырудың нақты жолдары баяндалып, алда тұрған міндеттері де белгіленеді. Мәселен, «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деп атап өткен болатын.
Қазіргі таңда үлкен қалаларда ғана емес, аудандарда да медициналық орталықтар бой көтеру үстінде. Олар ауыл тұрғындарына сапалы да замануи қызмет көрсетуде. Солардың бірі ретінде Бауыржан Момышұлы ауылының орталығында екі жыл бұрын ашылған «Меdет dеnt» медициналық орталығын атап өтуге болады.
Аталған орталықты жас маман, тіс дәрігері Ернұр Медетбек ашты. Жас маман Алматы қаласындағы Ресей-Қазақстан медициналық университетінде оқып білім алған. 2022 жылы қолына тіс дәрігері мамандығын алып, туған ауылына келіп, ата-анасының тіс емханасында жұмыс істейді. Уақыт өте өзінің жеке тіс емханасын ашуды жоспарлап, ата-анасына өзінің жоспары туралы айтады. Олар ұлдарының жоспарын бірден қолдап, барынша көмек беруінің нәтижесінде, яғни, 2023 жылы «Меdет dеnt» медициналық орталығы ашылады.
Ернұрдың ата-анасы да білікті тіс дәрігері. Әкесі Қайрат Иманбеков ауданда ұзақ жылдан бері тіс дәрігері болып жұмыс істейді. Қайрат Медетбекұлы Шымкент қаласындағы медициналық университетте білім алып, 1994 жылы аудандық емханаға тіс дәрігері болып жұмысқа орналасады. Емханада 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, 2007 жылы «Раушан» жеке тіс емханасын ашып, сол уақыттан бері аудан тұрғындарына өмірлік жары Раушан Танабекова екеуі қызмет көрсетіп келеді.
– Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайда өзінің біліктігін көресете білуі керек. Дәрігер адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Екінің бірі дәрігер бола алмайды. Өйткені, адам бойында дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен ол мамандық тереңінен меңгеру жеткіліксіз.
Дәрігерлер отбасы болғандықтан, ағам екеуіміз бала күнімізден ата-анамыздың тіс емдегенін көріп өстік. Мектеп оқып жүргенде-ақ тіс дәрігері боламыз деп болашақ мамандықты таңдап қойған болатынбыз. Негізінен, ағамды тіл маманы болады деп ойлайтынмын. Өйткені, ол қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқығанды жақсы көретін. Бірақ, ол да тіс дәрігері мамандығын таңдады. Біз тіс дәрігері мамандығының қыр-сырын ата-анамыздан көріп өстік. Олардың қасында жүріп, дайын маман болдық. Ата-анамыз да біздің таңдаған мамандығымызды бірден қолдады,-дейді Ернұр Қайратұлы.
«Меdет-dеnt» медициналық орталығы 2023 жылы алғаш тек тіс емханасы ғана болып ашылады. Бірақ араға көп уақыт салмай, тіс емханасының ғимаратын жөндеуден өткізіп, оны қайтадан медициналық орталық етіп ашады. Орталықтың ішінде тіс емханасынан бөлек, УЗИ, емдік шара кабинеті және қан талдау орталығы бар. Жас маман болашақта терапевт, лор және гинекология кабинеттері ашуды жоспарлауда. Қазіргі таңда бұл орталықтың қызметкерлері аудан тұрғындарына жан-жақты қызмет көрсетуде.
Аудан және басқа ауылдардан келетін тұрғындар тіс емдетуге, қан талдауларын тапсыруға және дәрі-дәрмек егуге таңертеңнен бастап кезекке тұрады. Бірі тіс емдеуге болса, енді бірі емдік шара кабинетіне кезек алады. Емдік шара кабинетінде ұзақ жылдар бойы аудандық орталық ауруханада жұмыс істеген жоғары санатты медбике, денсаулық саласының ардагері Әсия Тұралиева қызмет көрсетеді. Айта кетерлігі, Әсия Әнуарбекқызы алғашқыда 1983 жылы Қошқарата ауылында фельдшер болып еңбек жолын бастайды. Ауылдық медициналық фельшерлік пункте 17 жылдай жұмыс істеп, 1999 жылы аудан орталығындағы орталық ауруханаға мейірбике болып ауысады. Міне, сол уақыттан бері орталық ауруханада мейірбике болып жұмыс істеп, абыройлы зейнет жасына шығады.
-Қазіргі уақыттағы денсаулық саласы жаңашылдыққа бет бұрып, сонау тәуелсіздік алған жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, қазір анағұрлым жұмыс барысында айырмашылық бар. Біз жұмысымыздың басым бөлігін қолмен жасайтынбыз. Қазіргідей техниканың дамыған уақыты емес, компьютер жоқ, медициналық құжаттардың барлығын қолмен толтыратынбыз. Бірақ, біз ешуақытта жұмысымыз ауыр демейтінбіз. Ал, қазір түрлі медициналық жаңа құрылғылар бар. Емханаларға шет елден, көрші елдерден мамандар келіп шеберлік сағатын өткізеді. Бұрында вибрациялық массаж, ванналық массаж қолмен жасалса, қазіргі таңда арнайы құрылғылармен жасалады. Нәтижесінде, денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмысының біразы жеңілдеді.
Ал, «Меdет dеnt» медициналық орталығындағы емдік шара кабинетін бірі білсе, бірі білмейтін. Алғаш ашылғанда адам аз келетін. Кей кезде бос отырып қайтатын күнім болатын. Бірақ, уақыт өте бұл жерде осындай кабинет бар екенін естіген келушілер саны арта бастады. Қазір күніне 7-8 адамға дейін қабылдаймын. Емдік шара кабинетінде барлық жағдай жасалған,- дейді Әсия Әнуарбекқызы.
Ернұрдың ағасы Арнұрдың да мамандығы тіс дәрігері. Ол қазіргі таңда Тараз қаласында өзінің жеке тіс емханасын ашқан. Сол жерде қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде. Ал, «Медет dеnt» орталығында жеті адам жұмыс істейді.
Жас маман Ернұр Қайратұлы: “болашақта медициналық орталықты кеңейту ойым бар. Орталыққа келетін тұрғындарға барлық жағдай жасап, сапалы қызмет көрсету басты мақсатымыз. Аудан тұрғындары облыс орталығына сандалмай, сапалы медициналық қызметті біздің орталықтан алса деген жоспарымыз да бар” деп атап өтті.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»